×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Не үй жоқ, не ақшамызды қайтармайды»: Астанада бір топ үлескер полицияның істі тоқтатқанына наразы

28.11.2023, 12:45
«Не үй жоқ, не ақшамызды қайтармайды»: Астанада бір топ үлескер полицияның істі тоқтатқанына наразы
Фото: Ulysmedia.kz

Астана қаласының бір топ тұрғыны Ulysmedia.kz порталына хабарласып, «үй салып беремін» деп ақшасын жинап алған кәсіпкерге алданып қалғанын айтады. Олар ақша салған, 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс үйдің іргетасынан басқа құрылыс жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Компанияның кеңсесіне барған сайын салымшылар құрғақ уәде естіп қайтады.

«Полиция істі тоқтатып тастаған»

Күні кеше сабыры таусылған салымшылар Астанадағы MAX BET PV 2 құрылыс компаниясының алдына тағы жиналды. Жиыны он шақты адам бұған дейін полицияға да жүгінген. Алайда салымшылар «істі тергеуге алған тергеуші де қазір өзіміз хабарласпасақ, ақпарат бермейді, тіпті кейде телефон тұтқасын көтермейді» дейді.

– Біз осы компанияға үлескер ретінде ақша салғанбыз. Келісімшартты бұзғаныма жарты жыл болды. Ақшамды бермей, келген сайын «күнде ертең, күнде келесі апта» деп қоя береді. Өзім 5,8 млн теңге салғанмын. Осы кезге дейін салған ақшамның тек жарты сомасын берді. Жанымдағы кісілердің бәрі де ақшасын алмағандар. Арамызда салған ақшасының 200-300 мың теңгесін ғана алғандар бар. Ал құрылысы жағынан еш жұмыс жүріп жатқан жоқ, – дейді салымшының бірі Кенжебек Әкімбек.

Келісімшартын бұзған салымшыларға «ақшаны қайтарамыз» деген кепілдік хат берілген. Алайда салымшылар ақша берілуі тиіс мерзімнен 3-4 ай асып кеткенін айтады. 

– 2022 жылдың наурызында әйелім екеуміз осы компания үй салып береді деп 8 млн теңге салдық. Бірер айдан кейін ақшаны салғанымызға 2 жыл болады. Тамызда келісімшартты бұздық. 120 күннен кейін ақшамызды қайтарамыз деген. Бірақ бүгінге дейін ештеңе бермеді. Қоғам бізді естісе дейміз. Соңғы ақшамызды салып едік, қазір үйсіз жүрміз, – дейді Арсен атты салымшы.

Азаматтар қалалық полиция департаментіне жүгінген. Алайда оларға іс «қылмыстық құрамы болмағандықтан» тоқтатылғаны хабарланған. Құқық қорғау органының осы әрекетіне ақшасын ала алмай әуре болған азаматтар жіп таға алмайды. «Қаншама ақшамызды беріп, алданғандай болып тұрмыз, сонда полиция неге істі тоқтатып тастайды» деп наразы.

Азаматтар жиналып тұрған кезде сыртқа MAX BET PV 2 компаниясының бір өкілі шығып бара жаттты. Одан «жағдайды түсіндірмейсіз бе?» дегенімізде пікір білдіруден бас тартты.

Қала әкімдігі не дейді?

Астана қаласының әкімдігіне хабарластық. Әкімдік Астана қаласы Нұра ауданы Қорғалжын тас жолының бойындағы Royal House тұрғын үй кешенінің құрылысына расында да «Max Bet PV2» (бұрын «Gold Tay» ЖШС деп аталған) компаниясы бергенін хабарлайды. Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бұған дейін үй құрылысына тапсырыс берген Gold Tay компаниясының нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізген.

– Жүргізілген жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде, Gold Tay ЖШС Қазақстан Республикасының сәулет және қала құрылысы қызметі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 02.11.2022 жылғы жер учаскесін меншікке беру шартымен Gold Tay ЖШС кадастрлық нөмірі: 21-320-141-918, жалпы ауданы – 0,6365 га болатын, Астана қаласы, Қорғалжын тас жолы, 40б учаскесі мекенжайында орналасқан жер учаскесін MAX bet PV2 ЖШС меншігіне берді. Бүгінгі таңда жер иесі (әрі тапсырыс беруші) – MAX Bet PV2. Бұл компания да Қазақстан Республикасының сәулет және қала құрылысы қызметі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», –  деп хабарлайды әкімдік.

Әкімдіктің хабарлауынша, жер өз меншігінде болғанымен, құрылыс жүргізуші компания сараптама жүргізілмеген жобасыз, құрылыстың басталатыны жөнінде хабарлама бермей, сонымен қатар үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты болмастан (сол үшін сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құрылыс жұмыстары тоқтатылған) құрылысты бастаған.

– Сонымен қатар MaxBet PV 2 ЖШС-ға қатытсы алаяқтық бабы бойынша Нұра ауданының полициясында қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іс қылмыстық құрамы болмағандықтан, тоқтатылған. Салымшылар полицияның осы әрекеті үшін қала прокуратурасына шағымданып жатыр,  – деп жауап берді әкімдік. 

Еске сала кетейік, Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Астанада G-Park құрылыс компаниясының салымшылары күнде табанын тоздырып, бір кездері компанияға салған ақшасын қайтара алмай жүргенін жазған болатын.