×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

Елікбаев Ақорданы тегін түсірді ме, блогердің резиденцияға саяхаты жайлы кім не деді?

03.11.2021, 16:03
Коллаж: ulysmedia.kz

Белгілі блогер Әлішер Елікбаев жөндеуден өткен Ақорданың жаңа келбетін көрермендерге таныстырды. Ол Президенттің жұмыс орнын аралай жүріп, мемлекет басшысының қатысуымен болатын салтанатты және ресми іс-шаралардың қайда өтетінін көрсетті. Осы орайда Ulysmedia.kz Президент резиденциясына блогер шақырған Ақорданың әрекетін қоғам қалай қабылдағанын сұрап көрді. 

АҚОРДАДА ТЕЛЕФОН ҰСТАУҒА ТИЫМ САЛАДЫ

Он минуттық видеода блогер ресми іс-шаралар өтетін алты негізгі залды көрсетті. Президент резиденциясына кірудің қиын екенін тілге тиек еткен блогер пандемияға байланысты шектеулер тіпті көбейіп кеткенін айтты. Айтпақшы, журналистерге Ақордаға телефон алып кіруге рұқсат жоқ. Әдетте байланыс құралы кіреберістегі күзет бекетіне өткізіледі. Сондықтан, талай жыл Президент пулында жұмыс істеген тілшілер де Елікбаев секілді Ақорданы емін-еркін видеоға түсіріп, селфи жасай алмайды.

«Біз бір күн бұрын келдік, ПТР тестінен өтіп, нәтижесін күттік. Ашықтан өттік, дезинфекциядан өттік, енді ғана бізге ішке кіруге мүмкіндік бар», - дейді Әлішер ғимаратқа кірер алдында.

Фото: Дворец Президента. Обзор резиденции "Акорда" бейнешолудан скрин

ЕҢ ҚЫМБАТ БЛОГЕР АҚЫСЫ ЖАЙЛЫ

 Біз Әлішердің өзіне хабарласып, ұсыныстың кімнен түскенін және қанша қаламақы төленгенін сұрап көрдік.

«Ешкім шақырған жоқ. Жуырда ютуб канал ашқанымды, барғым келетінін айттым. Сол Берікке (Уәли) телефон соғып, Берік көмектесті», – деді блогер.

Қанша қаламақы төленгенін сұрағанымызда, «Ешкім төлеген жоқ, мен де ешкімге төлеген жоқпын», деп күлді ол.

«Мен Ақордада екінші рет болдым. Менің стилім емес. Мен модерн, хайтек стилдерін жақсы көремін. Екі сағаттың ішінде бәрін түсіріп үлгердік», – деді Әлішер Елікбаев бізге берген сұхбатында.

«МАЙДА ТАҚЫРЫП» ПА ӘЛДЕ...

Біз Ақорданың бұл әрекетіне қатысты белгілі сарапшыларға хабарласып көрген едік, көбі аталған фильмді көрмегенін айтып жауап бергісі келмеді.

Фейсбукте белсенді Самат Нұртаза фильмді көріп үлгермегенін, жұмыста болғандықтан уақыты болмайтынын жеткізді.

«Алдымен мен көруім керек, содан кейін барып айта аламын. Әл әзір көрген жоқпын. Жұмыстамын ғой», – деді ол.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те фильмді көріп үлгермеген екен.

«Тақырыбын көріп қалдым, бірақ видеоны көрмедім. Қарап көрейін, мүмкіндік болып жатса кері хабарласайын», – деді Шалқар Нұрсейіт.

Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтен де осыған ұқсас жауап естідік.

«Менің тақырыбым емес былайша айтқанда. Басқа сарапшыға хабарласып көріңіз. Бұл өте майда тақырып, ол туралы пікір бергім келмейді», – деді ол.

Түске дейін Дина Елгезекке бірнеше рет хабарласып, пікірін сұрадық. Ол да кейін көрген соң, ойын білдіре жататынын айтумен ғана шектелді.

ПРЕЗИДЕНТ ГИД БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ 

Жастар жағы пікір білдіруде сараңдық танытқан соң, ескі гвардия өкілдері есімізге түсті. Бұл ретте тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосан ресмиленіп кеткен, жансыз бюрократиялық аппаратты басқаша қырынан көрсетудің еш әбестігі жоқ екендігін жеткізді.

«Бір блогерді ғана емес, «президентіміздің жұмыс орны қандай екен?» деп қызыққан жұртты баяғыда-ақ кіргізуге болатын еді ғой! Тіпті президенттің өзі сондай хабарда гид болып, өзі отырған ғимараттты таныстырғанда, еш артықтығы болмас еді. Жақында РТР арнасында Путин өзінің кабинетінің жанындағы демалыс бөлмесін көрсетіп жатқанын көзім шалып қалды. Бәлкім, мұндай қадамға Ақорда имиджмейкерлерінің «билікті халыққа жақындата түсейік» деген ойы түрткі болған шығар. Әлішер Елікбаевты 31-арнада істеп жүрген кезінен танимын. Қазір аудиториясы ауқымды, танымал блогер. Ақорда идеологтары оның осындай ақпараттық мүмкіндігін пайдаланып, билікке бейресми сипат бергісі келген болар», – дейді Әміржан Қосан.

Фото: Дворец Президента. Обзор резиденции "Акорда" бейнешолудан скрин

Оның айтуынша, Ақорда мұндай эксклюзивті арнайы блогерге таңдап беруі арқылы мемлекеттік БАҚ беделін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Тек Ақорда емес, елбасының кеңсесі, Парламент палаталарының залдарын халыққа осылайша көрсетуге болатындығын атап өтті. Үкіметтегі баспасөз қызметіндегі тәжірибесін еске алған ол ақпараттық ашықтыққа байланысты былай деді.

«Ал ашықтық мәселесіне келсек, ол тек Ақорданың есігін ашудан тұрмайды. Нағыз ашықтық – ақпараттық ашықтық! Мәселен, біз үкіметте жұмыс істегенде әр аптаның сейсенбі күні сағат 11-00-де елдегі барша БАҚ өкілдерін шақырып, брифинг өткізетін едік. Ешкімді алаламадық, бізді сынап жүрген оппозициялық БАҚ-ты да шақырып, сұрақтарына жауап беретін едік. Сұрақтар да сұрапыл болатын! Спикер ретінде, мені, әсіресе, премьер, оның орынбасарлары, министрлер мен әкімдердің жеке басына қатысты сұрақтар қатты қинайтын. Бірақ, соның бәріне ашық та бүкпесіз жауап беруге тырыстық. Меніңше, қазіргі халық пен билік арасындағы жанды байланыс үзіліп әрі күн сайын жаңа сұрақтар туындаған заманда дәл осындай әдіс-тәсілдерді қолға алу керек. Сол кезде Ақорда туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме де, фейктер мен хайптар да сап тыйылады әрі халықтың Ақордаға деген сенімі арта түспек», – дейді тәуелсіз саясаткер.

АҚҮЙ ТӘЖІРИБЕСІНДЕ ЖИІ БОЛАДЫ

Джордж Вашингтон университетінің түлегі, белгілі журналист Жайнагүл Төлеміс Ақорданың мұндай әрекеті жақсы бастама екенін әрі әлем тәжірибесінде бұрыннан бар үрдіс екенін айтты.

«Бұған позитивті қарау керек, онда тұрған ештеңе жоқ. Америка Құрама Штаттарын алатын болсақ, Ақүйге бірінші леди Жаклин Кеннеди тұсында халық алғаш бара бастаған. Қазірдің өзінде айына бір рет қарапайым туристерге кіріп-шығуына мүмкіндік бар. Стратегиялық маңызды бөлмелеріне кіргізбегенімен, жалпы аралауға халыққа мүмкіндік бар. Алдын ала тіркелген соң, бірнеше ай бұрын тексерістен өткізеді. Тек блогерлерге ғана емес, халықтың еркін кіріп-шығуына мүмкіндік болғаны жақсы», – дейді журналист.

Фото: АҚШ, Ақүй алдындағы туристер

Оның айтуынша 2013 жылдары Ақүй қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалды жас блогерлерді жинап, арнайы экскурсия өткізген.

«Осы тұрғыдан қарағанда өте қызықты үрдіс. Ақүйде мұндай тәжірибе жиі болып тұрады», – деді ол.

P.S Ақорданы видеоға түсіру, халыққа таныту мәселесі мемлекет басшысының баспасөз хатшысы арқылы шешілетіні бізді қуантады. Осы орайда, Ulysmedia.kz порталы Берік Уәли мырзаның атына ресми сауал жолдамақ. Онда еліміздің бас ғимаратын қазақ аудиториясына кеңінен таныту мақсатында іші-сыртын еркін видеоға түсіруге септесуі сұралады.

Серіктес жаңалықтары