×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тайжан мен Мусиннің кереғар мәлімдемесі һәм жабық министрлік туралы

12.11.2021, 16:27
Тайжан мен Мусиннің кереғар мәлімдемесі һәм жабық министрлік туралы
Коллаж:ulysmedia.kz

Қазақ қоғамында ресейлік Сбердің еліміздің электрондық жүйесін дамытуға атсалысуы жөнінде қызу пікірталас әлі басылмай тұрғаны белгілі. Құзырлы министрлік жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан көрші мемлекет мекемесі, өзінің атауынша «Сбербанк» енді Қазақстанды цифрландырумен айналыспайды деп мәлімдесе, кейін министр Бағдат Мусин журналистерге тиісті меморандумның бұзылмағанын жеткізіп, оның сөзін жоққа шығарғандай болды.

ДЕПУТАТ ТА ҚАЙРАН ҚАЛҒАН

Бұған дейін республикалық «Ана тілі» газетін басқарған, тіл қадірі мен сөз салмағын жете байыптайтын Жанарбек Әшіпжан ол жауапкершілік Мұхтар Тайжанда, бұл жерде оның мәлімдемесін таратқан БАҚ-тың еш кінәсі жоқ дегенді айтады.

«Мен енді өз басым Мұхтар Тайжанды жауапкершіліксіз деп ойламаймын. Көптеген ірі ұлттық мәселелерге қатысты болсын, жер, экономика бағытында болсын, қоғамда талқыланып жатқан мәселелердің белортасында жүреді. Бірақ қалай болған күнде де, тура кешегі берген дүниесінде Үкімет мүшесіне, Бағдат Мусинге тікелей сілтеме жасап айтты. Кешке «КТК» телеарнасының жаңалықтарынан көріп, қайран қалдым. Араға бір күн салмай, министр өзінің бағасын берді. Шын мәнінде ел алдында жүрген азаматтардың ақпарат берудегі жауапкершілігі маңызды. БАҚ-тың ешқандай кінәсі жоқ, түпкі дереккөзге толық сенім артты деп ойлаймын», – деді Жанарбек Әшімжан.

МУСИН МЕН ТАЙЖАННЫҢ ЖАЗБАЛАРЫНА ТАЛДАУ

Бірақ ертеңінде ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин меморандум аясында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Сбербанк емес, Сбер. Жобаның технологиялық құрамы, яғни ашық коды бар платформаның өзі осы компаниядан сатып алынады деп жоспарлануда. Мұндай платформалық шешім қазақстандық ІТ-қауымдастықта жоқ. Осы платформаның негізінде олар (Сбер) платформада қалай жұмыс істеу жайлы біздің ІТ-компаниялар мен мамандарға кеңес берумен және оқытумен айналысады. Осыдан кейін Қазақстанның ІТ нарығы өзінің барлық жаңалықтарын платформалық үлгіні ескере отырып жүргізіп, бұл әрі қарайғы ықпалдастыру мәселелерін, мемлекеттің электрондық үкіметте әр сервиске жұмсайтын шығынын арзандатады», – дейді министр соңғы түсіндірмесінде.   

Иә, таныс сөздер. Бұған дейін бұл әңгіменің шет жағасы айтылған. Қайда дейсіз ғой. 24 қазанда Бағдат Мусин қазақтілді белсенді блогерлермен кездесті. Бірқатар пікір иелері министрмен кездескен соң ойларын өзгерткен сыңай танытты. «Галстуксыз» басқосуға Серік Аббас-Шах, Ербол Мәндібек, Мұхтар Тайжан да қатысқан еді. 

Бір қызығы сол күнгі кездесуді қорытындылап «Фейсбукте» министр жариялаған жазба кеше (12.11.21) шыққан Тайжанның постымен үндес. Тіпті посттағы 3 пункт бірдей мәліметті қамтып тұр.

Тек Тайжанның 1-пункті өзгеше. Сөзбе сөз келтірсек:

1. Сбербанк не будет заниматься дальнейшей цифровизацией Казахстана (как, видимо, изначально планировалось). Дальнейшим цифровым развитием нашей страны будут заниматься ИСКЛЮЧИТЕЛЬНО казахстанские IT компании. Это тектонический сдвиг в позиции правительства, и думаю, что это заслуга активного гражданского общества, то есть нас с вами.

Айырмашылық: Тайжан «Сбер» Қазақстанды цифрландырумен айналыспайды деп кесіп айтып тұр. Елді дүрліктіргені де осы сөйлем болатын. Бір жағынан бұл постты өткізу үшін қолданылған тәсіл болуы да мүмкін. 

Ескерту, скрин де,1-пункт те жазбаның бүгінгі нұсқасынан алынған. Кеше автор постын 5 рет түзеткенін желідегі қырағы жандар байқап, жазып жатты. Ал автордың өзі былай деп ақталды.

«Бірақ мен жазбамда меморандумның бұзылғаны жайлы айтқан жоқпын. Тағы да қайталаймын, айтарлықтай өзгерістер туралы жаздым», - дейді ол.

Осы жерде бір назар аударатын мәселе неге Мусиннің жазбасы бәлендей бір реакция туғызбайды. Ал Тайжан жазса жұрт ұлардай шулап кетеді. Бұл билікке деген сенім лимиті түгесілуге шақ қалғанын білдірсе керек. Қоғамда білдей министрдің сөзінен гөрі, блогердің посты өтімдірек.  

КӨПТІҢ КӨКЕЙІН ТЕСКЕН 500 МЛН ДОЛЛАР

Мұхтар Тайжан атышулы постының соңында келесі басқосу 12 қарашада өтетінін, содан соң тағы жаңалықпен бөлісетінін, журналистерге ашық екенін жазды. Ал бүгін 17 минуттық видео түсіріп, өткендегі посттың мәнісін түсіндіруге тырысты.

«Путин Қазақстанды цифрландырумен Сбербанк айналысатынын айтты, ал сәрсенбі күні Бағдат Мусин басқаша, Қазақстанды цифрландырумен Сбер мамандары емес, тек қана қазақстандық ІТ компаниялар айналысады деп сөзімді растады. Министрліктің баспасөз хатшысы да бұны растады», - дейді ол.

Сондай-ақ, қоғам белсендісі жарты миллиард доллардың Қазақстанда қаншасы қалатынына да тоқталған.

«500 млн доллар Қазақстанда қалады. Біз бұл қаржының барлығы Ресейге кетеді деп ойладық. Сөйтсек қазақстандық 1 мың маманға 5 жылға тек жалақыға 200 млн доллар қажет екен, яғни елде қалады. Өңірлерде Ұлттық қауіпсіздік комитеті қадағалайтын серверлік орталықтар салу үшін 200 млн доллар қарастырылмақ. Қалған 100 млн доллар туралы әзірге айта алмаймын, біліп жатсам, қосымша хабарлаймын. Сонда қаржының түгелі Сбербанкке жолданбайды. Ақшаның негізгі бөлігі өзімізде қалады»,- дейді ол.

Айтпақшы дау қайдан шыққанына тоқтала кетсек, осы жылдың 3 қыркүйегінде Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин мен «Сбербанк» басқарма төрағасы Герман Греф ынтымақтастық жайлы меморандумға отырды.

МУСИН СӨЗІНДЕ ТҰРМАДЫ

Министр Мусин блогерлермен кездескенде бұдан былай ашық жұмыс істейтіндерін айтып, барлық талқылауларды барынша жария жүргізетіндерін мәлімдегені белгілі. 

«Бұл орайда қоғам қайраткерлерінің ұсынысын толықтай қолдап, цифрлық трансформация сияқты маңызды үрдістің барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің құрамын кеңейту керектігімен келісемін», – деді ол.

Жеме-жемге келгенде, «Сбер» мен қазақтың электронды платформасы арасындағы келісім жайлы мәлімет беретін, сарапшылар кеңесі отырысынан соңғы жаңалықпен бөлісетін тағы да Тайжан. Ақпарат қайдан тарайды, БАҚ соған жүгінеді. Атышулы пост шыққан күні, министрліктің баспасөз хатшылығы түсінікті тілде пресс-релиз таратуға да жараған жоқ. Осындай қарама-қайшы жағдайда Мусин мен Тайжан, елді шатыстыру үшін, кереғар ақпаратты әдейі таратты ма деген күдік туатыны заңдылық. Мұндай ойға тағы министрліктің сол баяғы жабық жұмысы итермелеп отыр.  

P.S. Жалпы сарапшылар кеңесінің отырысын цифрландыру министрлігі Фейсбуктегі ресми парағында тікелей эфирде көрсетсе де артық етпес еді.