×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Мәжілістегі жанжал: Депутат қалай харассмент жұлдызына айналды

06.09.2024, 08:43
Мәжілістегі жанжал: Депутат қалай харассмент жұлдызына айналды
Коллаж Ulysmedia.kz

8-ші шақырылымдағы Мәжілістің 3-ші сессиясының ашылғаны күні кеше. Араға апта өтпей жатып туындаған сексуалдық сипаттағы дау-дамай депутаттардың беделіне нұқсан келтірді. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі өз партияластарының шешімімен мандатынан айырылды. Бұл оқиғаның артында не тұрғанын Ulysmedia.kz зерттеп көрді.

Атың шықпаса, жер өрте

Көріп отырғанымыздай, алдағы саяси маусым іш пыстырмайтын секілді. Төменгі палатаның 30 жылдық тарихында мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Басқа-басқа, мәжіліс депутаты харассмент жасайды деп кім ойлаған.

Депутаттардың мандатынан айырылуы бұрын да болған. Бірақ олар, әдетте, саяси көзқарастары үшін депутаттық мансабынан айырылатын. Мұндай жағдай 2001 жылы  Болат Әбіловтің басынан өткен. Әбілов сол кезде оппозицияға кетіп, «Отан» партиясынан шығарылған. Сол арқылы автоматты түрде Мәжілістегі орнын да босатқан. Мәжілісте ширек ғасырдай депутат болған Мұхтар Тінікеев 2016 жылы әлеуметтік желіде тараған видеосы үшін мандатынан айырылды. Видеода Тінікеев әріптесіне балағат сөз айтып, бетінен шапалақпен ұрғаны көрсетілген. Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетін басқарған Мәди Тәкиев жыл басында Қаржы министрі лауазымына тағайындалды. Мандатын тапсыру жағдайлары көбінесе депутаттардың өз өтініші бойынша атқарушы билікке қызметке ауысуына байланысты болатын. Бүгінге дейін Басқа депутаттар мандаттарын басқа жұмысқа ауысу, көбінесе үкіметтік қызметке өту себепті жоғалтты.

Ащы шындық

Ал харассмент себебімен мандатынан айырылу жағдайы бірінші рет болып отыр. Еске сала кетсек, 29 тамызда АсқарСадықовтың депутаттық мандатынан айырылғаны хабарланды, ол депутаттық мәртебесіне кір келтіретін әрекет жасаған. Қоғам назарын аударған мәселеге қатысты "Ақ жол" партиясының  төрағасы Азат Перуашев пікір білдіріп, Садықовты мандаттан айырудың себебі – харассмент екенін айтты.

Журналистердің көптеген сұрақтарына жауап ретінде, АсқарСадықовқа қатысты шағымдар түскенін және олардың пленумда қаралып, расталғанын хабарлаймын. Шағымдар оның қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және этикалық нормаларды бұзу әрекеттеріне қатысты. Садықовтың үстінен Парламентте жұмыс істейтін әйел шағымданып, депутат жүйелі түрде тиісе береді деген мәлімдеме жасаған, - деді сұрақтарға Telegram-каналында жауап берген А.Перуашев

"Махаббатқа толы" смс-тер

Перуашев өз сөзін дәлелдеу үшін Садықовтың қызметкерге WhatsApp арқылы жіберген хабарламаларының скриншоттарын жариялады. Жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгіну мүмкіндігі болмағанын, себебі Садықовтың депутаттық иммунитеті бар екенін атап өтті.

Перуашевтің айтуынша, Садықовты мандатынан айыру туралы шешім жәбірленушіге өз ар-намысын қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Садықовтың басқа да лайықсыз әрекеттері бар, олар құқық қорғау органдарының назарын аударуы тиіс, «Ақ жол» бұл мәселеде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

Бастаған екенсіз, енді соңына дейін айтыңыз

Бұл мәлімдемеден кейін көкейде бірнеше сұрақ туындайды. Парламент қызметкері неліктен депутаттың сексуалдық іс-әрекетке итермелеуі туралы бұған дейін шағым түсірмеген? Егер жағдай шынымен осылай болса, онда сіз АҚШ президенті болған Билл Клинтонды өзіне харассмент жасады деп айыптаған Моника Левински секілді ар-намысыңызды қорғауыңыз керек еді ғой.

Садықовтың "басқа да лайықсыз әрекеттері» дегенде Перуашев не айтқысы келді? Ақыры бастадың екен, созбай, соңына дейін айтуың керек.

"Парасатты", "Құрметті" полиглот

Бүгін АсқарСадықов әлеуметтік желілерде видео арқылы мәлімдеме жасап, өзіне қатысты айыптауларды жоққа шығарды.

Экс-депутат мәлімдемесінде өз жұмысының халық пен мемлекеттің мүдделеріне сай жүргізілгенін, заңдарды сақтап, әрбір азаматтың құқықтарын құрметтегенін атап өтті.

Асқар Садықов мандатынан айыруды күмәнді деп санайды және болып жатқан жағдайды талқылауға құлықсыз екенін мәлімдеді. Бұл жерде де мынадай қызық бар: егер сізге "ауыр күнә жасады" деп күйе жақса, онда сіз өз атыңызды күйеден ақтап алуыңыз керек емес пе? Оның үстіне, сіз «Құрмет», «Парасат» ордендерінің кавалері болсаңыз, үш жоғары біліміңіз бар, қазақ, орыс, өзбек, түрік, ағылшын тілдерінде жетік сөйлесеңіз, ең болмаса осы бес тілдің бірінде өзіңізді ақтап бірдеңе айтпайсыз ба?

Шабыттандыратын дүниелер 

Асқар Садықов Мәжіліс депутаты атанғасын өзінің Telegram-арнасын ашып, онда түрлі тақырыптарда посттар жариялаймын деп жазды.

- Мұнда менің депутаттық қызметім және т.б. туралы мақалаларды таба аласыз. Мен идеяларыммен, әсерлеріммен және шабыттандырған дүниелеріммен бөлісіп отырамын. Олар сіздерге қызықты әрі пайдалы болады деп үміттенемін.

Дегенмен Telegram-арна жұмысы көп уақытқа созылмады, 4 шілдеден 20 қыркүйекке дейін ғана жұмыс істеді. Мүмкін оның ой-санасын басқа біреу жаулаған шығар.

Жауап беру

Садықовтың айтуынша, мұның бәрін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев әдейі ұйымдастырып отыр.

- Мұндай әрекетке Азат Перуашев бірінші рет барып тұрған жоқ. Ол бұған дейін де біреуге біреуді айдап салатын. Бұл оның жұмыс стилі сияқты. Азат Перуашев, тікелей сізге қарата айтамын, мені партиядан шығару шешіміне келген болсаңыз, басқа қандай лайықсыз іс-әрекеттерімді көрсетер едіңіз, сізде мені қаралаудың басқа амалы жоқ, менің беделімді осындай істермен түсіргіңіз келеді, - деді А.Садықов.

Енді әліптің артын бағу керек. Негізі мұндайда қарсы тарап жауап беруі тиіс-тұғын. Перуашев өзі айтқан бұрынғы әріптесінің "басқа да лайықсыз әрекеттері" туралы не дер екен?

Ұзаққа созылған заң жобасы

Шынында да, «харассмент» ұғымын заңнамаға енгізу мәселесінде қайшылықты тұстары көп әрі өте ұзаққа созылды. 2023 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтумен қатар, еңбек қатынастары саласындағы заңдарды жетілдіруді, оның ішінде «жұмыс орнындағы сексуалдық харассмент» ұғымын енгізуді тапсырды. Қазақстандықтардың жұмыс орнында жыныстық қол сұғушылыққа ұшырағандардың шағым беру процедурасын реттейтін заң жобасы 2024 жылғы сәуірге дейін әзірленуі керек еді.

Алайда, ақпанда бұрынғы Қазақстан үкіметі харассмент және сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жөніндегі депутаттардың заң жобасына түзету енгізейік дегенін қолдамай қойғаны айтылды.

Депутаттардың наразылығы

Кейбір депутаттарды биліктің харассмент пен сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді қолдамауы ашуландырды.

- Шетелде жыныстық сипаттағы тиісудің өзі зорлық-зомбылық ретінде қаралады. Бұл дәлелденбеген факт ретінде қарастырылады. Егер біз заңда бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырмасақ, жазаны тек қоғамдық жұмыстармен шектейтін болсақ, онда қылмыстар азаймайды. Заң жобасына жауапты жұмысшы топ мәселеге нүкте қоюы тиіс. Харассмент қылмыстық әрекет болып саналуы керек, – деді мәжілісмен Мұрат Әбенов.

Оның әріптесі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұрынғы Қазақстан үкіметі қажетті түзетулерді қолдамаған.

- Бізде сексуалдық сипаттағы тиісушілік, яғни харассмент туралы маңызды норма болды. Бұл норманы заң жобасына бастама көтергендер ұсынған еді, бірақ харассмент, сондай-ақ сталкинг сияқты ұғымдар құқық бұзушылық сипатта болғанына қарамастан, үкімет тарапынан қолдау таппады, – деп атап өтті Аймағамбетов.

Жазалау шарасы қатаңдай ма?

Ал, маусым айында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров Қазақстанда харассмент үшін жазалау енгізіле ме деген сұраққа жауап берді.

- Қазіргі уақытта бұл түзетулер мен бастама мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр. Жақында бұл мәселе қаралады деп ойлаймын, – деді құқық қорғау органының өкілі. Мүмкін мемлекеттік органдар Мәжілістегі оқиғаны күткен шығар, енді заң  қабылдау жұмысы жеделдетіледі.

Отставкаға кетпейсіз бе, Перуашев?

- Азат Перуашев, сіздің барлық жалған мәлімдемелеріңізді көпшілік әлі ұмытпаған шығар. Бұл мәлімдеме арқылы Азат Перуашев сыбайлас жемқорлық фактісімен  ұсталған «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары - Ұлттық ұлан генералы туралы ақпараттар ағынын басқа арнаға бұру үшін  әдейі жасады, – дейді Мәжілістен кеткен Садықов өз партиясының бұрынғы басшысына бағыттап. 

Осыған дейін Ішкі істер министрлігі қызметкерлері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Техника және қару-жарақ бойынша орынбасары Константин Воронкинді ұстағаны белгілі болды. Кейбір БАҚ мәліметтеріне қарағанда, партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев те ұсталған.

Бір жарым жыл бұрын тағы бір мәжіліс депутаты, «Ақ жол» мүшесі Азамат Әбілдаев мандатынан айырылды, ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтынын айтты.

Өркениетті елдердің бірінде партия басшысы төңірегінде осындай жанжалдар шығатын болса, ол адам өзінің қызметін дұрыс атқара алмағаны үшін, партияны дұрыс басқара білмегені үшін сайлаушылардан кешірім сұрап, отставкаға кетеді.

Бетперде астындағы бейнелер

Мәжіліс мінберінде депутаттарымыз адами қасиет, рухани құндылықтар туралы көсіліп те, шешіліп те, ділмарсып та сөйлеп жатады. Міне, осы бетперденің аржағында нәпсісінен ойсырай жеңілген бейнелер тұрғанын мына біздер, сайлаушылар көп жағдайда біле бермейміз. Қоғамға үлгі болатын жандардың осындай қылықтарын көргенде күрсінесің.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жүйедегі түйткілді мәселелерді көрсетеді, бұл жазаның жеңіл екенін және этиканың төмен екенін айғақтайды. Бетперделер қашан тағы бір жанжал шыққанға дейін сыпырылмайды, уәкілетті орган мүшелерінің бізге беймәлім қырлары да осындай келесі жағдайға дейін құпия болып қала береді.

Мәлік Жүрсінбек