×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Мұқағалиді мазақ еткен». Депутат Әшімжан ұлттық құндылықтарға қатысты заңды күшейтуді талап етті

09.10.2024, 16:10
«Мұқағалиді мазақ еткен». Депутат Әшімжан ұлттық құндылықтарға қатысты заңды күшейтуді талап етті
ашық дереккөз

Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов ҚР Премьер-министрі мен Бас прокурорына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен жарамсақтық, қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Һакім Абайдың «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» деген сөзі тура бүгінгі дәуірге дөп келіп тұрғандай.  Қазақ халқы әлімсақтан өткеніне құрметпен, келешегіне үмітпен қараған, Тұлғасын – Тудай желбіретіп, ұрпағын сол ұлы Тұлғаларға қарап бой түзеткен ел еді, – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. 

Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты «жазалау» шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ – дейді Жанарбек Әшімжанов.

Ол барлық жерде заң бірінші орында тұруы керек дейді.

Ел Президентінің сәт сайын «қоғамда Заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!» деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын! Шіріген ауыздан шыққан сөзді жөндеймін деп, намысты жас өрендеріміздің заң аясында опық жеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан, қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана, біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, қоғамда рухани тұрғыдан азғындаған тобырлық мәдениет қатты белең алып барады. Мұның басты себебі – патриоттық сана мен ұлттық тәрбиеде, отбасылық құндылықта кетіп жатқан кесел-кемшіліктер. Сосын науқаншылдық пен жалған жасампаздықтың, мемлекет қазынасын желге ұшырып жатқан жемқорлықтың кесірі.

Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу қажет. Бала-бақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу жағынан қолдау көрсетуге дайын – деді депутат.