Елордаға Қазақстан өңірлерінен жиналған зағип жандар «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі басшысының қызметінен кетуін талап етті деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біз, елдің әр аймағынан келген көз жанары бойынша мүгедектер, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмат Сәбитжанұлы Наурызбаевтың қызметінен кетуін, үлкен қарыздары бола тұра, әділет органдарында заңсыз тіркелмеуін талап етеміз. Өйткені ол жемқорлыққа белшесінен батып, мемлекеттік тапсырыс пен ондағы сатып алулар мүгедектігі бар адамдарға, тиісті ұйым жұмысшыларына жетпеуде. Себебі тапсырыс заңды айналған күйі кәсіпкерлерге, қосалқы мердігерлерге беріліп жатыр», – деді Ulysmedia тілшісіне ҚР Әділет министрлігі алдындағы наразылыққа қатысушы Руслан Тайпов.
Оның айтуынша, 57 корпоративтік қор арқылы қыруар қаржы белгісіз мақсатқа игерілген және қоғам жарғысына сай көзі нашар көретін азаматтардың әлеуметтік мұқтаждығына қарастырылмай отыр.
Еске сала кетсек, ертең, Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күні мүмкіндігі шектеулі жандар Нұр-Сұлтан қаласында наразылыққа шығып, жәрдемақы мен баспана және басқа да мәселелері жөнінде Еуропарламент өкілдеріне арнайы петицияны табыстамақшы.