×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Үлкен саясаттан кеткен зейнеткер Тасмағамбетов 65 жасқа толды

09.12.2021, 07:01
Үлкен саясаттан кеткен зейнеткер Тасмағамбетов 65 жасқа толды
Коллаж: ulysmedia.kz

Мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, зейнетке Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшісі қызметінде шыққан Атырау облысының тумасы Иманғали Тасмағамбетов бүгін, яғни 2021 жылдың 9 желтоқсанында 65 жасқа келді. Осы орайда Ulysmedia.kz туған күн иесінің өткен өміріне көз жүгіртіп көрді. 

Жас кезінде комсомол болып, Тәуелсіз Қазақстанда саналуан биік лауазымдарды атқарған ол өзге қызметтерді есептемегенде, Үкімет пен Алматы, Астана қалаларын басқарып, осыдан екі жыл бұрын, 18 желтоқсанда зейнетке аттанды. Кейін «Камаз» компаниясының директорлар кеңесіне тәуелсіз мүше ретінде кіргені мәлім болды.

Клара жеңгеміз екеуінен үш баласы бар. Балаларының арасында 1979 жылы туған тұңғышы Әсел қоғамдық өмірде белсенді, қайырымдылықпен айналысып, сырқат балаларға көмектесумен айналысады. Белгілі бизнесмен Кеңес Рақышевтің әйелі.

Тасмағамбетовтің халық ықыласына, оның ішінде қазақтілді қауымның сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры шығармашылыққа жақындығы, ұлт дүниетанымына жанашырлығы болса керек. Мәселен, 2016 жылы вице-премьер болып тұрғанда, қазақтың жаны тілінде екенін мәлімдеді.

«Мәселе осында, біз бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек қана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Бітті, басқа формула жоқ бұл мәселеде», - деді жастардың алдында сөз сөйлеген ол.

Сол жылы, Үкімет отырысында, орыстілді балалар мектепке барғанда қиналмауы үшін барлық балабақшаны қазақ тіліне ауыстыруды ұсынды. 

Тіпті Ресейде елші қызметін атқарғанда, қазақ тілінде баяндама жасауымен елең еткізді. Рязан облысының Қасымов қаласында Ораз-Мұхаммед ханға ескерткіш қойылды.

Шығармашылық демекші, ән айтқанды жақсы көреді. Мысалы «Дос керек» әнін орындағаны ғаламторда кең тараған.

Ал Ресейде сазгер Төлеген Мұхамеджановтың сүйемелдеуімен «Очи черные» әнін шырқады.

Көрші мемлекеттегі танымал сазгер Игорь Крутоймен достығы, жас дарын Димаш Құдайбергенмен жылы қарым-қатынасы да көпшілікке жақсы мәлім.

Астана әкімі болып жүргенінде жұмыссыз қалса да депутат болмайтынын айтты.

Тағы бір кездесуінде «мешіттен шығатын азан дауысы маза бермейді» деген тұрғынның шағымына бес рет шақырылатын азанды «алтыншы рет шақырса, маған айтыңыз» деп жауап беріп, тапқырлық танытып кетті.

Қазір зейнеттегі Тасмағамбетов Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлимен қатар актер Досхан Жолжақсыновтың 70 жылдығында көрініп қалды.

Жолжақсынов демекші, ол БАҚ өкілдеріне жақын досы Тасмағамбетовтің зейнетке шыққаннан кейін негізінен немерелеріне қарайтынын айтқаны белгілі. 

«Еш айтарлықтай жоспары жоқ. Емделіп, демалып, отбасы қасында, немерелеріне қарайды, бүкіл шаруасы осы. Кітап оқиды. Денсаулығына қарайды. Осындай енді. Таяқ ұстап тұрған кәрі емес. 63 жас деген пайғамбардың жасы дегенімізбен, шариғат туралы, пәлсапалық тұжырымдар жайлы, жақсы-жақсы тәлімді әңгімелер айтатын жас қой бұл өзі.

Ешқандай қоғамдық жұмысы жоқ. Қолдан келген дүниелерді елшілікте жүргенде де істеді. Сол жақтағы қазақтардың бас қосуына да, олардың ұлттық құндылықтарды тануына да біраз ықпал жасады. Біраз батырларымыз бен тұлғаларымызға ескерткіш ашуға себепші болды. Қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазір енді (қызметке) шақырса да бармайтын шығар», - дейді актер.

Осылайша саналы ғұмырында саналуан белесті бағындырған «сегіз қырлы, бір сырлы» зейнеттегі саясаткер, Атырау облысының әкімі болып тұрғанда «Мен - Назарбаевтың өнімімін» деп айтқанымен де халық жадысында ерекше жатталды. 

Айтпақшы Иманғали Тасмағамбетовтің есімі жыры ұзаққа созылған елордадағы LRT құрылысы бойынша сотқа шақырылған, бірақ келмеген экс-әкімдердің қатарында аталды. Алматы тізгінін ұстап тұрғанда, адам қаны төгілген атышулы Шаңырақ оқиғасы елді дүрліктіріп, оған қатысқан Арон Атабек таяуда, түрмеден босатылғаннан кейін көз жұмды.