Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев еңбекақысы өскен шенеуніктердің жалақы туралы сұрағанда қызарақтамай, шынайы жауап беруді кеңес етті деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ашық сұхбат» бағдарламасына қатысқан ол Үкімет пен әкімдіктердегі әріптестері, яғни әкімдер мен министрлер журналистер сұрағанда, айлығы жайлы тұтығып абыржымай, байыпты түрде адалынан айтып бергені жөн деп санайтынын жеткізді. ПӘ өкілі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жалақысы білікті мамандар үшін арттырылғанын атап өтті. Мемлекеттік қызмет бәсекеге қабілетсіз жұмыс берушіге айналғаны сонша, құжаттарды дайындауға қабілетті, сарапшылар деңгейіндегі көптеген қызметкерлер, қызмет көрсету саласында, мүмкін таксиде және тағы басқа жерлерде көп ақша таба алатындай ахуал қалыптасқан.
«Бірінші кезекте өңірлердегі жалақыны көтердік. Дәл осы жерлерде біліктілік мәселесі ақсаулы еді. Бұрын қалай еді? Әкімдік сарапшы лауазымына конкурс жариялайтын. Ал өтінімді тек бір адам ғана береді. Себебі жалақы өте аз, төмен. Маған сеніңіз, оның құзіреттілігінің деңгейін ешкім тексермейді, тек келіп, жұмыс істесе болғаны. Жалақы көтерілгеннен кейін, менің ойымша, конкурсқа өтінімдер саны жеті есе өсті. Байқау неғұрлым күшті болса, мамандардың сапасы да соғұрлым жақсарады. Өйткені таңдау бар. Әрине, оның тарапынан қателер де аз жолығады. Демек, халықтың өмір сүру сапасы үшін көбірек пайда әкеледі», – деп түсіндірген ол тағы бір мәселе - жауапкершілік деңгейі екенін нұсқады.
«Елестетіп көріңізші, қандай да бір басқарманың бастығы жүздеген миллион теңге тұратын құжаттарға қол қояды. Егер тексеруші органдар бұл құжатта кем дегенде бір қате тапса (шаруасы бітті дей беріңіз – ред.). Жүздеген миллион теңгенің жауапкершілігін бұрын алған жалақысы (150 мың теңге) көтере ме? Тұтас өңірлер мен салалардың дамуына жауап беретін министрлер мен әкімдер туралы айтпай-ақ қояйын», - деп түйіндеді Абаев.
Ulysmedia.kz 14 облыс пен 3 мегаполис әкімдерінің барлығына жалақысы жайлы ресми сауал жолдады. Белгілі болғандай, өңір әкімдерінің айлығы 1,9 млн теңгені құрайды. Олардың басым бөлігі еңбекақысының қанша екенін жасырмағанымен, БҚО әкімі Ғали Есқалиев сынды сайтқа сілтеме жасап, жауапты қиындатқандар да жолықты.