Мәжілістің Amanat партиясы атынан барған депутат Берік Бейсенғалиев атышулы Biz Birgemiz Qazaqstan қорының құрылтайшылары жайлы сұраққа жауап беріп, олардың арасында партияластары бар екенін де білмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz тілшісі депутаттан қордың бірнеше құрылтайшысы Amanat мүшелері екені анықталғаннан кейін партия қандай да бір ішкі тергеу жүргізе ме деп сұраған. Берік Бейсенғалиев тіпті ол мәліметтен хабардар емес екенін, мұндай ақпаратты білмейтінін айтты.
– Шынымды айтсам, құрылтайшылар Amanat партиясының депутаттары екенін білмейді екенмін. Тіпті хабардар емеспін. Менің білуімше, жеке тұлға бар– жауапқа тартылған әйел. Аманат партиясының депутаттары да мүшелері екені туралы ақпаратты білмеймін, - деді ол.
ІШКІ ТЕРГЕУ БОЛА МА
Бұл сұраққа Берік Бейсенғалиев "білмеймін" деп жауап берді.
ОҚИҒА ЖЕЛІСІ
Волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады.
Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.
Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.