Бүгін мәжілісте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдан бергі билігі кезінде атқарылған жұмыстар түйінделді. Мемлекет басшысының ауысқанына алты жыл болса да, парламент кейінгі үш жылдық жұмысты көбірек айтып, Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюцияны қабылдап үлгерді.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін «президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» тақырыбында баяндама жасады. Парламентке бұл күні депутаттармен бірге қоғамға белгілі азаматтар, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары келген. Қошановтың айтуынша, елде 30 жыл бойы суперпрезиденттік жүйе болып, үш жыл бұрын оның сеңі бұзылған. Қошанов президенттің пәрменімен елде көптеген реформалар жүргізіліп, әділ сайлаудың арқасында парламент жасақталып, елге активтерді қайтару жұмыстары жүргізілгенін айтады. Оның сөзінше президентті сайлау мерзімі өзгеріп, ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы басталған. Дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығы өсіп, студенттердің шәкіртақысы өскен.
Қошанов Қаңтар оқиғасына тоқталып, сол тақырыпта «екі рет парламенттік тыңдау өткізіліп, тергеу органдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды, ел көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берілді» деп мәлімдеді.
Осыдан кейін бірінен кейін бірі сөз алғандар президентті мақтаудан аянып қалмады. Академик Асқар Жұмаділдаев Тоқаевтың екі ерлігі ретінде Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы өртке оранғанда Тоқаев сертінен таймады. Туды құлатпады, берік ұстады» деп бір мақтаса, екіншісінде Ұлттық ғылым академиясының аяғынан тік тұрғызғанын атап өтті. Экономист Жақсыбек Күлекеев «елде толыққанды саяси реформа Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 16 наурызда халыққа жолдауынан басталды» десе, депутат Қазыбек Иса «үш жылдың ішінде іргелі өзгерістер жасалды» деп мәлімдеді. Реформалар жөнінде Асхат Аймағамбетов пен Жұлдыз Сүлейменова да атап өтті. Олар өзіне жақын білім мен әйелдердің, балалардың құқығы жайлы тақырыптардың өзекті мәселелері Тоқаевтың тұсында шешілгенін айтты. Басқа партияың өкілдері де сөз сөйлеп, президент билігі мерзімінің шектелуі, аудан-ауыл әкімдерінің сайлауы, «Ұлттық қор балаларға» жобасының басталуын атап өтті. Депутат Ринат Зайытов тіпті өлеңдетіп жіберді. Ал депутат Ермұрат Бапи тағы да ескі жүйені аңсайтындарға шүйлікті.
«РЕФОРМАЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІН БАРА-БАРА ТҮСІНЕМІЗ»
Отырыс аяқталғаннан кейін журналистер мәжіліс кулуарына шығып, депутаттарға біршама сұрақ қойды. Тілшілердің кейбірі Тоқаев билігі тұсындағы өзгерістер жайлы сауал қойса, енді бірі «не себепті президентті мақтап кеттіңіздер?» деп депутаттардан ашық сұрай бастады. Көбі мәжілісмендерден «алты жылда не өзгерді?» деп сұрап жатты.
«Біздің елде басталған Конституциялық реформалардың негізінде жалпы қоғамдағы өміріміз өзгергенін бәріміз де сезіп отырмыз. Президент реформаларды өзінен бастады. Біз бұған дейін суперпрезиденттік жүйеде өмір сүрдік. Оны бәріміз білеміз. Ол – тарихқа тас лақтыру емес, тек констатация. Ол солай болды. Мүмкін тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары сол керек болған да болар. Бірақ жетістіктерімен бірге, кемістіктер көбірек болған шығар. Соның бәрін зерделеп, нәтиже шығарып, президент Конституциялық реформаларды өзінен бастады. Президент 7 жылдық мерзімін шектеді, туысқандарына тосқауыл қойғаны айтылды. Олар жұмысқа да, мемлекет істеріне де араласпайды. Көппартиялық парламент, әкімдердің сайлануы сияқты реформалардың нәтижесін бара-бара түсінеміз. Көп өзгеріс қоғамда басталды деп анық айта аламыз», - дейді Серік Егізбаев.
Депутат Ерболат Саурықов қазір президентте керемет ұстаным, берілген тапсырма болғанымен, министрлер кабинетінің маңайында сол міндеттерді орындауда әлі күнге дейін әлсіздік бар деп есептейді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі, шағын және орта бизнестегі мәселелер экономиканың негізгі көзі екенін айтады. «Осы жағынан министрлік тарапынан жүйелілік сәл болмай тұр, алда мемлекеттік бағдарламалар, жобалар іске асса, бұлардың бәрі жүріп кететін еді» дейді ол. Ауыл партиясының мүшесі шағын және орта бизнесті өз деңгейінде көтермейінше, экономикалық өсім бола қоюы қиын деді.
«КІШКЕНЕ БОЛСА ДА ЖЫЛЫМЫҚ БАР»
Бір кездері президенттікке үміткер болған ЖСДП басшысы Нұрлан Әуесбаев елдегі өзгерістерді ашық айтуымыз керек деп мәлімдеді. Ол да әріптестері секілді Конституциялық реформаларды атап өтті.
«Кішкене болса да жылымық бар. Емін-еркін өз пікірімізді айта аламыз. Әурешілікке салу жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде ең қауіпті кезеңнен бізді алып шықты. Босаңсысақ бұл күнде қиын жағдайларға ұшырауымыз, бір-бірімізбен шайқасып жатуымыз мүмкін еді. Қазір өтіп кеткеннен кейін айтқан жеңіл. Шын мәнінде ол үлкен өзгерістерді әкелді», - дейді ол.
Нұрлан Әуесбаев ел басқарып отырған президенттің басты міндеті – халықты соғыс жағдайынан аман-есен алып шығу екенін айтады. «Геосаяси жайттар әлі өтеді, жақсы заман болады» дейді ол.
«ӘЙЕЛДЕР КӨРГЕН ҚОРЛЫҚТЫ БҰРЫНҒЫДАЙ ЖАСЫРМАЙДЫ»
2022 жылдан бері Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданғаны белгілі. Депутат Жұлдыз Сүлейменова Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің тұсында іске асқан маңызды реформаның бірі сол дейді.
«Қоғамдағы абьюзерліктің біршама кеміген фактілері бар. Бүгінгі таңда ең бір жақсысы әйелдер бұрынғыдай жасырмайды, өзінің пікірін ашық, еркін әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатыр. Он жыл, бес жыл бұрын көрген тепкілерін қазір ұялмай айтып жатыр. Бұл біріншіден стигманың кеткенін көрсетеді. Екіншіден, оларды қорғайтын заң бар екенін, соларға арқа сүйеуге болатынын көрсетеді», - дейді Сүлейменова.
«МЕНІ ПАРЛАМЕНТКЕ ШАҚЫРҒАНЫ – ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БЕЛГІСІ»
Депутат Бақытжан Базарбек мадақты жақсы көрмейтінін, бірақ үш жылда қандай шаруалар атқарылғанын айтуымыз керек деп есептейді. Базарбектің өзі үш жыл бұрын депутат боламын деген ойы болмағанын атап өтеді. Тіпті ойында болмағанын айтады.
«Заңгер едім. Мен сияқты проблеманы ашық айтып, жемқорлардың, олигархтардың атын атап, оларға тексеріс ашып, заңсыз шығарылған активтердің, жерлердің кадастрлық нөмірлерін атап, мемлекет саясатын тежеп тұрған министрлердің атын атайтын азаматты парламент не үшін шақырды? Айтыңыздаршы. Шақырғаны – демократияның үлкен бір белгісі. Сондықтан, жеке басым мұны үлкен демократиялық өзгеріс деп санаймын», - дейді ол.
«ДУБАЙДАҒЫ БАЙЛЫҚ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛУЫ КЕРЕК»
Депутат Ринат Зайытов Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалынан толық шыққанын айтады. Сөзінше, кадрлық мәселелерде бұрынғы басшылар әсер ете алатын салалар бар шығар деп болжайды. «Назарбаевтардың байлығын тексеру керек деген талабы неге орындалмай жатыр?» деген сұраққа Зайытов «ол мәселе бізді де толғандырады» деді.
«Жаңа Ермұрат ағамыз активтерді қайтару бойынша айтты ғой. Сотталушылардың өзі сотта «сол адамдар бұйрық берді» деп анық айтып жатыр. Сонда да тежелу бар. Ақталатын да шаруалар аз емес дегенім сол. Бізге де түсініксіз. Тіпті Азаттықтың «Дубайдағы қазақтар» жайлы түсірген зерттеуі негізінде Қаржы мониторингі агенттігіне хат жаздым. Қазір жауабын күтіп жатырмыз. Себебі ерте ме, кеш пе ол байлық қайтарылуы керек», - дейді Ринат Зайытов.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ МАҢАЙЫНА КЛАНДАР ТОПТАСПАЙДЫ
«Конституциямыз өзгерістер енгізілді. Қазба байлықтың иесі халық деген арнайы түзету енгізілді. Шетелге ұрланған активтерімізді қайтарып алып жатырмыз. Президенттік мерзімнің шектелуі бүкіл халықаралық деңгейдегі тренд деп айтқан болар едім. Өзге мемлекеттің басшылары билікте мейлінше, ұзақ болуға талпынып жатқан кезде біздің мемлекет басшысының соны заңға енгізіп, бір президент – бір мерзім деген ұғымды енгізді. Бұл президенттің маңайында кландардың қалыптасуы бұған дейін болды ғой. Осы қателіктерді түзеу үшін ұстаным іске асып келе жатыр», - дейді депутат Аманжол Әлтаев.
Әлтаев 30 жылдың ішінде қордаланып қалған мәселелерге тойтарыс берген үш жылдық реформалар елдің үмітін оятты деп есептейді.