Көлік министрі Марат Қарабаев отставкаға кетуі мүмкін бе деген сұраққа жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОТСТАВКАҒА ДАЙЫНСЫЗ БА
Ulysmedia тілшісі Марат Қарабаевтың министр қызметін атқарып келе жатқанына екі жыл болғанын, осы аралықта жол мен көлік саласы жұрт жиі сынайтынын атап өтті. Алайда көлік министрі бұл пікірмен келіспейді.
Ілгерілеу жоқ деген пікірмен келіспеймін. Төрт айдың қорытындысы бойынша көлік саласындағы өсім 22 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 8,5 пайыз болған. Транзит көлемі екі есе артты, Қытаймен арадағы транзит те екі есе өсті. Астана – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Астрахан бағыты сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталғанын білесіздер. Авиация саласында да барлық көрсеткіш оң нәтиже беріп отыр. Үш ірі әуежай пайдалануға берілді, – деді министр.
Ал қызметтен кетуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берген Қарабаев отставкаға ниеті жоғын аңғартты.
Мен жұмысымда президенттің барлық тапсырмасын сапалы әрі уақытында орындауға баса мән беремін, – деді ол.
ҚАРАБАЕВ НЕ ҮШІН СӨГІС АЛДЫ
Еске сала кетсек, 14 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген. Сол жиында Марат Қарабаевқа жұмыстағы кемшіліктері үшін сөгіс жариялаған еді. Сол жиында мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырған.
Марат Қарабаев 2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап көлік министрі қызметін атқарып келеді. Оның алдында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінде болған.