×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қақтығыстардан кейін көңілі құлазығандар күрт көбейді – психолог

13.01.2022, 15:18
Қақтығыстардан кейін көңілі құлазығандар күрт көбейді – психолог
Коллаж: ulysmedia.kz

Елімізде болған қақтығыстардан кейін есеңгіреп, күйзеліске түсіп, жан дүниесі құлазығандар саны артқан. Осындай қиын-қыстау кезінде Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова бастаған психологтар тобы халыққа кәсіби қызмет көрсетуге әзір екендерін хабарлады.

«Депрессия – жоғалту, жаныңа жақын адамыңды, жұмысыңды, арманыңды-мақсатыңды, жақсы көріп айналысатын ісіңді, айналып келгенде өзіңді өзің жоғалту. Бейбіт күнде аспанға қара бұлт үйіріліп, кенеттен болған қайғылы жағдайдан кейін дәл осындай жоғалту сезімін басынан өткеріп, күйзеліске ұшырап жатқан адамдар саны күрт артты», - дейді психоаналитик Анна Құдиярова.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда ең бірінші мән беретін нәрсе – адамның жанын аман алып қалу.

«Үміт үзіп, бойын қорқыныш, үрей билеген адам өмірге деген құштарлығын жоғалтып, өлімге деген құштарлығы артып кетуі мүмкін. Осындай кезде психологтың басты міндеті – адамның жанын сақтап қалу. Психоанализ – шер тарқату. Шер тарқатып, мұң шағу арқылы адамның жаны жеңілдеп, қара түнектің ішінен сәуле көре бастайды. Қақтығыс болған күндері жеке парақшама оқырмандарымнан көмек сұраған хаттар көптеп келді. Осы жағдайды ескеріп, жаны құлазыған адамдарға тегін көмек беру туралы шешім қабылдадым», - дейді ол.

Анна Құдиярова Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шәкірттерімен бірлесіп, тегін топтық терапия ұйымдастырды.

«Психоанализ қауымдастығының командасы халыққа тегін топтық терапия өткізуге дайын. Жағдай тұрақталғанша офлайн кездесу іздемей тұра тұрыңыздар. Менің Қазақстанның барлық өңірінде тұратын шәкірттерім, студенттерім, супервизанттарымның байланыс нөмірлерін жариялаймыз. Сол нөмір бойынша хабарласып, тегін психологиялық көмек алуларыңызға болады», - дейді психоаналитик.

Фото: Анна Құдиярова, психоаналитик

Оның айтуынша, адам саны көп болғандықтан тек топтық терапия өткізеді. Әр психологтың тегін қабылдайтын күні, уақыты болады, ол жарияланған. Топтық терапия Zoom полатформасы арқылы өтеді.

Мұндай терапиялық топтар, әсіресе, жақын адамдарынан айырылып қалғандарға арналады.

«Қазіргі уақытта бойыңызда: қайғы, үрей, көңіл қалу, жанашырлық, шарасыздық сияқты әртүрлі сезімдер ұялап алғанын білемін. Эмоциялық күйіп кету кезінде ақылға салып, дұрыс шешім қабылдау да қиын, сол себепті тегін көмегімізді қабыл алып, жан дүниеңізге үңіліп, тазартып алыңыздар», - дейді Анна Құдиярова.