×
$
458.87
535.09
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.87
535.09
5.42

Қазақстанда 210 мыңға жуық адам психиатрлардың бақылауында

Бүгін, 17:15
Қазақстанда 210 мыңға жуық адам психиатрлардың бақылауында
Pixabay.com

Қазақстанда психикалық бұзылыстар алғаш рет анықталған адамдардың саны кейінгі жылдары екі есеге жуық артқан. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында мұндай диагноздардың өсу қарқыны жоғары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

2021 жылы 8,5 мың адамға алғаш рет «психикалық бұзылыс» диагнозы қойылған. Ал 2025 жылы мұндай науқастардың саны 15,5 мыңға жетті. Осы кезеңде алғашқы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 45,1-ден 76 жағдайға дейін өскен, деп жазды Energyprom.

2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 74 жағдай болды. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 15,7% көп. Өсім еліміздің 20 өңірінің 15-інде тіркелді.

Көрсеткіш ең көп Батыс Қазақстан облысында өскен – 90,3%. Одан кейін Қызылорда облысы – 49,3%, Алматы – 33,8% және Жамбыл облысы – 33%.

Бұл статистикада тек алғаш рет анықталған жағдайлар ескерілген. Көрсеткіштің өсуі психикалық бұзылыстар санының артуымен ғана емес, адамдардың медициналық көмекке жиі жүгінуімен және диагностика мүмкіндіктерінің кеңеюімен де байланысты болуы мүмкін.

Өсім әсіресе балалар арасында жоғары

Ең айқын динамика 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалады. 2021 жылы 100 мың балаға шаққанда алғаш анықталған 80,2 жағдай тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 147,3-ке жеткен, яғни көрсеткіш шамамен 1,8 есе өскен.

15-17 жастағы жасөспірімдер арасында да өсім бар. Бұл санатта көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 46,2-ден 65,9 жағдайға дейін артқан.

Ересектер арасында көрсеткіш біркелкі өзгермеген. 2023 жылға дейін өскеннен кейін 2024 жылы күрт төмендеген, кейін қайта жоғарылап, 100 мың адамға шаққанда 45,9 жағдайға жеткен.

Бір жылда 255 мыңнан астам адам дәрігерге жүгінген

Егер тек жаңа диагноздар емес, психикалық бұзылыстарға байланысты медициналық мекемелерге жүгінген барлық пациент есепке алынса, 2025 жылы олардың саны 255,8 мың адам болған. Бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,2% көп.

Жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда шамамен 1,2 мыңнан 1,3 мың жағдайға дейін өскен.

Мұнда да негізгі өсім балалар арасында байқалады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында көрсеткіш бірнеше жыл ішінде 41,9%-ға – 100 мың балаға шаққанда 631,3-тен 896 жағдайға дейін өскен. Жасөспірімдер арасында 1,4 мыңнан 1,6 мың жағдайға дейін артқан.

Ал ересектер арасында, керісінше, көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 1,5 мыңнан 1,4 мыңға дейін төмендеген.

Сонымен қатар ресми статистика жағдайдың толық көрінісін көрсетпеуі мүмкін. Кейбір адамдар қорқыныш, стереотиптер немесе стигматизация салдарынан мемлекеттік емханаларға жүгінбейді. Кейбірі жекеменшік мамандарға барады немесе белгілерді елемейді.

210 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр

2025 жылы шамамен 210 мың қазақстандық диспансерлік есепте тұрған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3%-ға көп.

Ең үлкен топты психобелсенді заттарды қолдануға байланысты бұзылыстары бар адамдар құраған – 95,1 мың адам. Оның ішінде 81,3 мыңы алкогольге байланысты бұзылыстар бойынша, 4,6 мыңы опиоид қолдануға байланысты, тағы 3,1 мыңы каннабиноидтарға байланысты есепте тұрған.

Соңғы топ бір жылда 16,8%-ға өскен.

Шизофрения және шизотиптік, сандырақтық бұзылыстары бар 44,4 мың адам есепте тұр. Тағы 79,1 мың пациентке ақыл-ой кемістігіне байланысты диагноз қойылған.

Психиатрлар көбейгенімен, ауруханадағы орындар азайған

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда психиатрлар саны айтарлықтай өскен. 2021 жылы олардың саны 739 болса, 2025 жылы 998-ге жеткен. Бұл шамамен үштен біріне көп.

Ал психиатриялық кабинеттердің саны іс жүзінде өзгермеген.

Сонымен қатар стационардағы төсек саны қысқарған. 2021 жылы 7,5 мың төсек болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,2 мыңға дейін төмендеген, яғни шамамен 17%-ға азайған.

Бұл науқастарды ұзақ уақыт ауруханада жатқызбай, амбулаториялық жағдайда емдеуге біртіндеп көшу үрдісімен байланысты болуы мүмкін.