×
541.93
636.71
6.83
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.93
636.71
6.83

Туризм мен ұсақ мәселелерге бір сағат кетті: Көшербаевтың журналистермен кездесуі қалай өтті

24.07.2025, 17:05
Туризм мен ұсақ мәселелерге бір сағат кетті: Көшербаевтың журналистермен кездесуі қалай өтті
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев баспасөз конференциясын өткізетінін айтқан кезде, бір сәтке болсын қазақстандық шенеуніктер қоғаммен ашық диалогқа шығуға дайын сияқты көрінді. Көшербаев үкіметте әлеуметтік блокқа жауапты, ал соңғы бірнеше аптада дәл осы салада бірінен соң бірі даулы оқиғалар тіркелді: Алматыда полицейлер балаларды күштеп көшіруге келді, ал туристік аймақтарда, керісінше, азаматтар құқық қорғау органдарының жоқтығына шағымдануда, дәрігерлерді пациенттер жан сақтау бөліміне дейін жеткізуде. Осыған ұқсас резонансты жағдайлардың көбіне мемлекет басшысы тарапынан жақында тапсырмалар беріліп, қатаң мәлімдемелер жасалды.

Мұндай кезеңде баспасөз конференциясына шығу шын мәнінде батылдықтың белгісі. Оның үстіне, кейін Көшербаевпен бірге әлеуметтік блокқа жауапты министрлердің көбісі шыққаны белгілі болды. Олардың қатарында Бағанашылдағы балаларға қатысты қатігездікке жол берген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та болды.

Алайда шенеуніктер мен журналистердің арасындағы әңгіме барысында бұл үміт сейілді: министрлеріміз әлі де тек өздері айтқысы келетін мәселелер жайлы ғана айтуға дайын екені байқалды. Ulysmedia.kz вице-премьер мен журналистер арасындағы кездесудің қорытындысын ұсынады.

Медицина қызметкерлері мемлекеттің қорғауына алынады

Кездесу өте өнімді басталды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар қандай жазаға тартылатынын айтты. Ұсынылған мерзім өте қатаң – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде.

Алайда артынша біртүрлі жағдайлар басталды. Тағы да сол медицина қызметкерлері туралы: Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жақында әлеуметтік желіде мәжілісмендер Үкіметке осындай бастамамен үш рет жүгінгенін, алайда үш рет те кері қайтарылғанын жазды. Бұған жауап ретінде Көшербаев вице-премьер лауазымына жақында ғана тағайындалғанын және депутаттардан ешқандай ресми сауал түспегенін мәлімдеді.

– Асхат Аймағамбетовтің жазбасын оқыған бетте мен министрге қоңырау шалдым. Бұл өтініштердің нақты қашан болғанын анықтап беруін сұрадым. Ақпаннан бастап, яғни мен жұмысқа кіріскен уақыттан бері ондай өтініштер түспеген. Бірақ біз бұл мәселені Асхат Аймағамбетовпен көктемде, бірнеше шабуыл болған кезде-ақ талқыладық. Бұл тақырыпта бізде ешқандай қарама-қайшылық немесе көзқарас айырмашылығы болған жоқ. Біз екеуміз де мұндай адамдарға қатысты ең қатаң шаралар қолдану қажет дегенге толық келістік, – деп сендірді ол.

Депутаттардың осындай маңызды бастамасын Үкіметте кім және қашан қабылдамай тастағаны әзірге белгісіз. Шенеуніктер бұл мәселені анықтап, кейінірек жауап беруге уәде берді. Алайда шенеуніктер тілімен айтқанда, бұл "ешқашан" деген сөзбен шамалас.

Вице-премьердің Астанадан курорттарға жасаған сапары

Осыдан кейін бәрі сюрреалистік сипат ала бастады. Журналист вице-премьерден президент тапсырмасы бойынша барған курорттық аймақтарға қалай жеткенін сұрады. Ол қапырық плацкарт вагонында сағаттап тұрып, жүк пойызымен келді ме? Жергілікті кафелерде тамақтанып көрді ме? Жағажайға кіру үшін ақша төледі ме? Басқалар сияқты кептелісте тұрды ма?

Вице-премьердің жауабын қысқаша түйіндесек: ол Алматыға ұшақпен барған, содан кейін Қапшагайға көлікпен жетіп, ары қарай Алакөлге тікұшақпен ұшқан. Сол жерде демалыстан қайтып бара жатқан кейбір туристермен тілдескен. Туристердің көбіне бәрі ұнаған.

Одан кейін Көшербаев тағы 5 минуттай уақытын теміржол вокзалын абаттандыру, коммуналдық жағажайлардың жай-күйі сияқты мәселелерге қатысты әкімдікке қандай ұсыныстар айтқанын баяндауға арнады. Ол жағажайда тамақ сатып тұрған саудагерлердің көптігіне таң қалғанын айтып, Жетісу облысынан Абай облысына дейінгі жолдың әр шақырымын сипаттады, бірнеше жыл бұрын және осы жұмыс сапары кезінде Жарбұлақ ауылында серуендегенін еске алды.

– Бұрын Жарбұлаққа барғанда ештеңе болмаған. Сол кезде, яғни 10 жыл бұрын, дәл сол уақытта жоспарлау мен абаттандырумен айналысу керек еді, – деді Көшербаев журналистер оны тыңдаудан шаршай бастаған сәтте.

Айта кетейік, сол жылдары ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, яғни бұл мәселелермен айналысу тікелей өз міндетіне кірген. Алайда журналистер сөзі көп вице-премьердің әңгімесін бөлген жоқ. Ақыры екі күндік сапар туралы 10 минут баяндаған соң, оны тоқтатуды модератор сұрады.

– Енді, егжей-тегжейлі айтып беруді сұрады ғой, мен де айтып бердім, – деп жауап қатты вице-премьер.

Айта кету керек, Көшербаевтың ел аралау сапарлары өзіне қатты ұнайтын сияқты. Әйтеуір, конференция барысында журналистер туризм тақырыбын бірнеше рет көтергенде, Ермек Бөлекбайұлы бұл жөнінде әр жолы егжей-тегжейлі айтып, еліміздің туристік әлеуетін қалай дамыту керек деген ойларымен бөлісіп отырды.

Кенеттен қысқарған уақыт

Үкіметтегі баспасөз конференцияларында әрқашан әр редакцияға 2 сұрақ деген нақты регламент болады. Бұл жолы министрлердің саны мен күн тәртібінің маңыздылығын ескере отырып, модератор үш сұрақ қоюға рұқсат берді, бірақ барлығынан қысқа әрі нұсқа болуды сұрады, өйткені кездесуді жоспарланған екі сағат ішінде аяқтау керек еді. Журналистер бұл тәртіпті адал сақтады: 11 адам үш сұрақтан қойды.

Ulysmedia да маңызды тақырыптар тізімінен үш сұрақ таңдап алған, алайда біздің екінші сұрағымыздан кейін модератор уақыттың тым аз қалғанын айтып, тұрақты регламентке сәйкес, үкімет мүшелеріне тек екі сұрақ қоюға болады деп шешті.

Соған қарамастан, біз вице-премьерден – күнкөріс минимумы мөлшерінде қалай өмір сүруге болады, ал оқу-ағарту министрінен – балалар үйіндегі дау үшін отставкаға кету туралы ойы бар ма деген сұрақтар қойып үлгердік. Толық жауаптар сайтта жарияланған, бірақ сілтемеге өткісі келмейтіндер үшін қысқаша мазмұн:

  • күнкөріс минимумымен өмір сүру мүмкін емес,
  • балалар отбасымен бірге өртке оранып жатқан жағдайлар ақша жетпеуден емес, жеке үйлерде өрт дабылы мен түтін детекторларының жоқтығынан,
  • Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Баганашылдағы балалар үйіне қатысты "жағымсыз жағдайға" қатты өкінетінін айтты,
  • ал вице-премьер Көшербаевтың айтуынша, негізгі кінә – Алматы облысы әкімдігінде. Ал бұл қаншалықты ауыр – оны комиссия анықтайды.

Бірақ тұтастай алғанда, ол Алматыдан шыққан балалардың жаңа балалар үйіне көшпегені бекер болды деп есептейді.

– Мен өзім Қонаевтағы жаңа үйде болдым, көріп қайттым. Егер әр өңірде дәл осындай үлгімен мекемелер салынса, бұл өте керемет болар еді, – деп сенім білдірді Ермек Көшербаев.

Кейінірек ол тағы да қоныс аударуға келіскен балалар Қапшағай су қоймасындағы демалыс базасының инфрақұрылымын тегін пайдалана алатынын айтты. Яғни, нақты мәселеге қатысты сұрақ қойылғанда да вице-премьер Көшербаев қазақстандық курорттарға сүйсінуді ұмытқан жоқ.

Келесі сұрақты біз туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа қоюды жоспарлаған едік, ол бұл қызметте бір жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде туристердің жайлы демалуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеді ме? Егер солай болса, неліктен қазақстандықтардың көбінің отандық курорттарға көңілі толмайды?

Министрлердің түсіндіруі

Сонымен қатар әлеуметтік блоктағы министрлердің жалпы ұстанымына тоқталсақ, олар өз отандастарына экономикалық блоктағы әріптестеріне қарағанда әлдеқайда жылы қабақ танытатыны байқалады. Бұл баспасөз конференциясында, мысалы, қазақстандықтар тым көп жәрдемақы алады немесе мемлекеттік ақша үшін алаяқтыққа барады деген сияқты пікірлер әлдеқайда сирек айтылды.

Дегенмен, бұл министрлер де қазақстандықтардың мемлекетке арқа сүйемей, өз күшіне сенуі тиіс деген пікірде. Мәселен, Ермек Көшербаевтың айтуынша, АӘК-ті төлеудің жаңа ережелеріне сәйкес, жәрдемақы алушы бірнеше айдың ішінде жұмысқа орналасуы керек. Әйтпесе, мемлекет тарапынан көмек тоқтатылады.

Журналистер тағы бір өзекті мәселені – ҚДКК-дан (ГОБМП) қант диабетін алып тастау жөніндегі бастаманы көтерді. Ақмарал Әлназарова диабетті емдеуге жылына шамамен 600 мың теңге қажет, бірақ бұл ауру бойынша тіркеуде тұрғандардың басым бөлігі МӘМС жүйесінің қатысушылары, сондықтан үкімет бұл өзгерістен қауіп көріп отырған жоқ деп түсіндірді.

Оған вице-премьер қосымша түсініктеме берді. Ол соңғы уақытта туа бітпеген, жүре пайда болған қант диабеті диагнозы жиі қойылып жатқанын еске салды. Бұл, ең алдымен, тамақтану салтымен байланысты. Осыған байланысты үкімет мектеп оқушыларының тамақтану стандарттарын қайта қарап, қант пен рафинадталған өнімдердің мөлшерін азайтып, оның орнына көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық беріп жатқанын айтты.

– Бірақ, әрине, балаларды қимыл-қозғалысқа бейімдеп, адамдар өз денсаулығына өзі жауапты екенін түсінуі керек, – деп есептейді ол.

Жалпы, баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша субъективті түрде айтуға болады: нақты және қысқа жауап берген ең өнімді министр – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова болды. Ол, мысалы, медициналық ұйымдардағы "қосып жазу" (приписка) мәселесін жою үшін министрлік жаңа ақпараттық жүйе енгізіп жатқанын айтты.

– Біз қазір жүйелі түрде "қосымша тіркеу" мүмкіндігін азайту және толығымен жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз. 1 шілдеден бастап үлкен жүйе енгізілді, алғашқы нәтижелерді 15 тамызға дейін күтіп отырмыз. Бұл медициналық көмекті төлеу жүйесі, ол автоматты режимде барлық ықтимал қосымша тіркеу мен медициналық қызмет көрсету кемшіліктерін анықтауға және жоюға бағытталған, – деді ол.

Көшербаев – алғашқысы емес, соңғысы да емес пе?

Еске салайық, жақында премьер-министр Олжас Бектенов те қазақстандық журналистерге баспасөз конференциясын өткізген болатын. Оған сұрақ қойғысы келгендер көп болды, алайда сол кездесуден журналистердің түйген басты ойы – үкімет қатаң әрекет етуге және халық арасында онша танымал емес шараларды жүзеге асыруға дайын екендігі еді.

Ал вице-премьер Көшербаевтың сөзіне қарап, оның туризмге жан-тәнімен жанашыр екенінен басқа не түйдік – біз де нақты білмейміз.

Дегенмен, үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай форматтағы вице-премьерлердің конференциялары алдағы уақытта да өтеді. Мүмкін, уақыт өте келе біз де бір-бірімізбен нақты әрі іскерлік стильде сөйлесуге үйренерміз.

Серіктес жаңалықтары