Президент Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Президент Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.
– Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі.
Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ИНВЕСТИЦИЯ
Президент екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
– Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді.
Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
– Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қатынастың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатпен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Инвестициялық штаб жұмыс істеуде. Бұл құрылым шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет, – деді Президент.