×
539.55
627.55
6.7
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.55
627.55
6.7

Құпия белгілер мен әскери парад: Қытайдағы ШЫҰ саммиті қалай өтті?

Бүгін, 16:00
Құпия белгілер мен әскери парад: Қытайдағы ШЫҰ саммиті қалай өтті?
Ашық дереккөзден

Бұрын-соңды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мұншалықты ғаламдық назар ауған емес. Өйткені әлем қазіргі сәттегідей көпполярлы болып көрмеген. Ulysmedia.kz мемлекет басшыларының жеке қарым-қатынасындағы детальдарға назар аударды – халықаралық саясатта тіпті ым-ишараның өзі көп нәрсе айтып тұрады.

Қытай

Си Цзиньпин шын мәнінде патшалық деңгейдегі қабылдау жасады. Қонақтар саны тым көп болғанына қарамастан – жиырмадан астам мемлекеттің басшылары, сегіз ірі халықаралық ұйымның жетекшілері, соның ішінде БҰҰ да келді. Қытайдың жомарттығы мен ауқымдылығының бәріне жетті. Әрбір әуе кемесінің трапында қарсы алған би, делегациялардың бүкіл жол бойына тігілген жалаулар, Тяньцзинь портты қаласының жайлы атмосферасы – бәрі ойластырылған.


Тяньцзин, фото chinatrips.ru

25-ші саммит ШЫҰ тарихындағы ең ірісі болды. Мерейтойлық кездесу бар сән-салтанатымен өткізілді, Қытайдың қазіргі таңда әлемдік экономикалық көшбасшылардың бірі екені айқын байқатылды. Баспасөзге қарасақ, келген әрбір президенттің журналистері Сидің олардың басшысын ерекше ілтипатпен қарсы алғанын жарыса жазды. Яғни әркім қытайдың қаржылық көрпесін өзіне тартқысы келді, алайда саммит көрсеткендей, оның бәріне жете бермейді.

Үнді пілі

Батыспен келіспеушіліктер аясында саммитке келген ықпалды державалардың әрбір президенті журналистер үшін ерекше қызығушылық тудырды. Әсіресе Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Себебі Үндістан мен Қытайдың байланысы Тибеттегі шиеленістер мен даулы шекаралық аумақтарға байланысты оңай емес. Трамп әкімшілігі үнді тауарларына баж салығын 25 пайызға көтеріп жібермегенде жағдай осылай жалғаса беретін сияқты еді.


Нарендро Моди, фото rt.com

Си Цзиньпин үнді премьерімен кездесуде: «піл мен айдаһардың бірге билейтін уақыты келді» деді. Жеті жылға созылған алшақтықтан кейін бұл жұп қайтадан ресми серіктестерге айналды. Енді тіпті тауар тасымалдауға да мүмкіндік бар, себебі екі ел арасындағы әуе қатынасы қайта ашылды. Ал ШЫҰ тақырыбына қатысты Нарендра Моди ұйымға мүше елдердің адамзат алдындағы борышы – терроризмнің барлық түрімен күрес екенін атап өтті.

Жауымның жауы менің досым

Саммитте президент Путин жайдары кейіпте болды, күлімсіреп, салыстырмалы түрде ашық сөйлесті. Бұл өзін үй иелерінің ықыласына сенімді сезінген адамның қылығы. Кремльде жолдас Сидің Ресей көшбасшысының жағында екенін баяғыдан біледі. Әсіресе Украинадағы соғыс басталғалы бері. Өйткені бұл қақтығыс Қытайдың да ұстанымына үндеседі: тең құқықты көпполярлы әлем құру. Ашығын айтсақ – АҚШ-тың әлемдік үстемдігі жойылсын деген ой.


Владимир Путин мен Си Цзин Пин, фото nazarnews.org

Путин тағы да Украинадағы әскери операцияның себебі – Батыстың Ресей шекарасындағы күштердің тепе-теңдігін бұзуға тырысқан әрекеттері, ол елдің қауіпсіздігіне қатер төндіргенін айтты.

Си Цзиньпин ШЫҰ саммитінде «әлемдік басқарудың анағұрлым әділетті әрі тең құқықты жүйесін бірлесе құру» бастамасын көтерді. Оның айтуынша, барлық мемлекеттер «көлеміне, күшіне немесе байлығына қарамастан» жаһандық басқаруға тең дәрежеде қатысуы тиіс. Ресей президенті бұл идеяны қолдап, жаңа жаһандық басқару жүйесін қалыптастыруда жетекші рөлді ШЫҰ-ның өзіне алуға болатынын айтты.

Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай басшысының көзқарасы ерекше жылы. Ортақ суретте Си Цзиньпиннің жүзі ерекше жадырап тұрғаны да содан, ол Тоқаевты әрдайым «менің үлкен досым» деп атайды. Бұл түсінікті де: олар тек тікелей мағынадағы – қытай тілінде ғана емес, ауыспалы мағынадағы – өзара түсіністік тілінде де сөйлеседі. Кулуардағы дерекке сүйенсек, Си Цзиньпин жеке кездесу өткізген үш президенттің бірі – Тоқаев. Егер Путинмен кездесуде бастысы – батысқа қарсы риторика, Үндістанмен – қарым-қатынасты реттеу болса, Қазақстан бағытындағы байланыстар ең алдымен тығыз әріптестік жайлы. Қазіргі таңда бұл қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, қытай тарапында оны «бәріне төтеп беретін», ал Си Цзиньпиннің өз сөзімен айтқанда «мәңгілік жан-жақты әріптестік» деп сипаттайды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жеткен.


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин, фото rtvi.com

ШЫҰ аясындағы бастамаларға тоқталған Тоқаев ұйымдағы стратегиялық әріптестікті және өзара қолдауды нығайтуды басты басымдық деп атады. Қазақстан қауіпсіздік қатерлері мен сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін ШЫҰ-ның төрт орталығын құруды қолдайды, Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын құптайды және бұл жобаны жүзеге асыруға қатысуға дайын екенін айтты.

Мемлекет басшысы аймақтағы елдердің жоғары технология, цифрландыру, әсіресе жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты күшейтуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол экологияға назар аударып, су ресурстарын үнемдеу және тиімді пайдалану үшін Қазақстанда ШЫҰ Су мәселелерін зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Көпшілікті таңғалдырған тағы бір ұсынысы – Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін айтуы болды. Тоқаевтың пікірінше, қазіргі буын осы міндетті орындаудан бас тартса, бұл мемлекеттердің БҰҰ-ға деген сенімін шайқалтуы мүмкін. Әдетте мұндай мәлімдемелер сақтықпен айтылса, бұл жолы халықаралық құрылымды түбегейлі өзгертуге нақты үндеу жасалды.

Түрік гамбиті

Қытай, Ресей және Үндістанның Батыстан ірге ажыратуы аясында саммитке Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуы айрықша қызығушылық тудырды. Оның елі – НАТО мүшесі, ал Қытай-Ресей-Үндістан үштігі бұл әскери блоктың ықтимал қысымынан қашқақтағысы келеді. Путиннің өзі Украинадағы арнайы операцияны НАТО-мен тікелей емес, бірақ прокси соғыс ретінде жүргізіп жатыр деген пікірлер жиі айтылады. Саммитке тағы бір НАТО елі – Словакия президенті Роберт Фицо да келгенімен, оның Ердоғаннан айырмашылығы – пантүркизмді қолдамайды.


Режеп Тайып Ердоған, фото aa.com.tr

Түрік көшбасшысы әлемдік саясатта әрқашан ерекше ұстанымымен танылғаны белгілі. Түркияның аймақтағы орны мен ықпалын өзінің көзқарасы тұрғысынан бағалайды. ШЫҰ саммитіне қатысуы да – ел мүддесі үшін әрбір ұйымнан мүмкіндігінше пайда алуға ұмтылатынын айғақтайды. Ердоған саммитте Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік процесін құптайтынын айтты, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастық тек мүше елдердің мүддесіне ғана емес, бүкіл аймақтың тұрақтылығына үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол «Шығыс-Батыс Транскаспий халықаралық көлік дәлізін» Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыра отырып пайдалану қажеттігін ұсынды.

Байқамаған сыңай танытты

Әлеуметтік желілерде ШЫҰ саммитіндегі бір сәт жылдам тарап кетті: онда Үндістан мен Ресей басшылары Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің жанынан оны мүлде байқамағандай өтіп кеткен. Біраздан кейін дәл сондай жағдайға Си Цзиньпин де тап болды. Сарапшылар бұл қадамнан ірі державалардың Үндістан жағына шығып жатқанын аңғарды.

Жақында Үндістан мен Пәкістан арасында шекаралық қақтығыс орын алып, ол толыққанды соғысқа ұласа жаздағаны белгілі. Екі ел де ядролық қаруға ие екенін ескерсек, салдары аса ауыр болуы мүмкін еді. Қытай Пәкістанға әскери қолдау көрсетіп келгенімен, Үндістанмен татуласу әлдеқайда маңызды болып шықты.

ШЫҰ декларациясы іс жүзінде Үндістанды қолдады. Елдің белгілі бір аумақтардағы құқығын мойындаған тұжырым жасалды. Дегенмен бұл жағдай ұйымның беделіне соққы болып тиді: екі мемлекет – ұйым мүшелері, ал ШЫҰ-ды тек имидждік одақ деп санайтындар үшін мұндай ішкі қайшылық ұйымдағы ықтимал іріткі белгісі болуы мүмкін. Әсіресе ШЫҰ-ның нақты практикалық тетіктері аз екенін ескергенде.

Сөзден іске көшу

Бұл саммитті бетбұрыс деп атауға болады – сансыз декларациялардан нақты істерге көшу уақыты келді. Бұған дейінгі құжаттар негізінен әлемде болып жатқан процестерді жалпылама сипаттап, оларға лайықты жауап қайтару қажеттігін айтумен шектелген. Сондықтан да ШЫҰ-ды көбіне әрекет ететін ұйымнан гөрі пікірталас алаңы деп атаған.

фото economist.kg

Бұл жолы да көп сөзді декларациясыз өткен жоқ, алайда енді ШЫҰ Даму банкін құру туралы шешім қабылданды. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ұзақ талқылаулар екі нақты орган құру туралы шешімге ұласты – Ташкентте Универсалдық орталық пен Душанбе қаласында Есірткіге қарсы орталық ашылмақ. Осылайша Тяньцзинь саммитін бар мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар пайда болған ШЫҰ-ның қайта іске қосылуы деп атауға болады.

 

– Қазір әлем екі үлкен бөлікке бөлініп жатыр. ШЫҰ – бұл әлемнің екі бөлікке – Шығыс пен Батысқа бөлінуінің тағы бір сатысы. Мұны Трамп та, Путин де, Си Цзиньпин де жақсы түсінеді. Біз өздерін Шығыс деп санайтын елдерді анық көрдік. Әлем түбінде осыған келеді және үлкен тұрақтылық әлем Шығыс пен Батыс деп екіге бөлінген кезде орнайды. Иә, үшінші елдер, төртінші елдер болады, бірақ олар айтарлықтай ықпал ете алмайды. Сондықтан ШЫҰ қазір Шығыстың неден тұратынын айқын көрсетті, – дейді саясаттанушы Бақыт Бәкетаев.

Бақыт Бекетаев, политолог, фото vb.kg

Қаруым бар деп ескерт

ШЫҰ саммиті әскери парадтың кіріспесі болды, ол Тяньцзиньдегі кездесуге қатысушылардың көпшілігі айтқан бір ойды ашық көрсетті: әлемдегі әрбір мемлекет сыртқы араласусыз өзін-өзі айқындауға құқылы. Ал мұндай араласу ықыласын азайту үшін Бейжің бүкіл әлемге мұны қалай жасауға болатынын көрсетті.

Ресми түрде Қытай милитаристік Жапонияны жеңудің 80 жылдығын және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын атап өтті. Бірақ шын мәнінде парад екі бағытты айқындады. Біріншісі – тарих сабақтарын еске салу, қан төгілген шайқастардағы адам шығынын ұмытпау.


Бейжіңдегі әскери парад. фото point.md

Екінші бағыт – әскери-техникалық, мұнда прагматизм басым. Соңғы жылдары әлемде әскери қақтығыстар жиілегенін ескерсек, қорғаныс әлеуетін тексеру – заңды қадам. Ал мұны ашық түрде жасау – ықтимал қарсыластарға Қытайдың барын, несімен соққы бере алатынын көрсету. Белгілі болғандай, соңғы онжылдықтарда Қытай әскерін заманауи қарулармен жабдықтап, жылдам дамытып келеді. Қытай армиясының жарақтануы бесінші буын жойғыш ұшақтарының жылдамдығы сияқты қарқынды артты. Айтпақшы, мұндай ұшақты өз күшімен жасаған ел әлемде үшеу ғана, солардың бірі – Қытай.


фото militaryarms.ru

Парадта ерекше назар ядролық стратегиялық қаруға аударылды. Сарапшылардың айтуынша, қытайлық зымырандар қазір әлемнің кез келген нүктесіне жетуге қауқарлы. Оның қасында заманауи дрондар, әуе шабуылына қарсы жаңа кешендер, сондай-ақ қиын нысандарды анықтап жоятын жүйелер парадта міндетті элемент іспетті көрінді. Сондықтан Қытайдың бұл жолғы әскери «сәлемін» сарапшылар әлі талай уақыт бойы тактикалық-техникалық тұрғыдан талдайтын болады.

Авторы: Бақыт Мұхтаралы

Серіктес жаңалықтары