Бейжің қаласындағы Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Бейжіңдегі Олимпиада ойындары бүкіл адамзат үшін жауапты сәтте өтіп жатыр. Бұл спорт сайыстары жаңаруға үндеп, пандемияның сын-қатерлерін еңсеруге үлес қосады. Сондықтан Сіздің шақыруыңызды зор қуанышпен қабыл алдым», - деді мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттырудағы бірлескен іс-қимылға ерекше назар аударылды. Президент пандемияға қарамастан, екіжақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды.
Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі талқыланды.
ҚХР Төрағасы «біртұтас Қытай» қағидатына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға мүдделі екеніне сенім білдірді.
Си Цзиньпин Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстардың алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне осы кездесу жол ашатынын атап өтті.