×
538.56
625.65
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.56
625.65
6.62

Ештеңе өзгерген жоқ: депутаттардың министрлерден көңілі қалды

Бүгін, 12:04
Ештеңе өзгерген жоқ: депутаттардың министрлерден көңілі қалды
Коллаж: Ұлысмедиа

Үкімет Мәжіліске 2026–2028 жылдарға арналған бюджет баяндамасын, сондай-ақ республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге берілетін жалпы сипаттағы трансферттердің негіздемесін ұсынды. Кейбір депутаттар қорытынды құжатты көріп, көптеген әңгімелер мен уәделерге қарамастан, шенеуніктердің мемлекеттік ақшаға деген көзқарасы түбегейлі өзгермегенін айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Іссапарлар мен өлім-жітім

Көңілі қалғандардың бірі – мәжілісмен Еркін Әбіл болды.

– Біздің қоғамға бұл жолғы бюджет игеру емес, нәтиже алуға бағытталған бюджет болады деп сендірді. Мен өзім де бұл туралы оңды-солды сұхбат беріп жүрдім. Бірақ құжаттарды алған кезде олар бұрынғы принциптер бойынша жасалғанын байқадық. Негізгі индикаторлар формалды сипатта. Нақты мысал келтірейін: денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітімді азайту үшін «дәрігерлерді шетелде оқыту» деген мақсатты индикатор жоспарлаған. Бұл өлім деңгейіне қалай әсер етеді – түсініксіз, – деп ашуланды Еркін Әбіл.

Сандар сәйкес келмейді

Мәжілісмен министрлердің келтірген деректерін сынға алып, олардың «аспаннан алынғандай» екенін айтты.

– Мәдениет және спорт министрлігі азаматтардың 44 пайызы спортпен айналысады десе, денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салтын ұстанатындар 33 пайыз деп отыр. Бұл екі санның арасында неге мұндай үлкен айырмашылық бар? Сонда 11 пайыз адам спортпен айналысқанымен, салауатты өмір сүрмей ме? Бұл деректердің дұрыстығына күмән туғызады, – деді ол.

Депутат елдің басты қаржы құжатын қалыптастыруда формалды тәсіл қолданғаны үшін ұлттық экономика және қаржы министрлерінен жауап беруді талап етті.

Талпыныс – азап емес пе?

Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл – жаңа критерийлер бойынша жазылған алғашқы бюджет. Оның сөзінше, алғаш рет «нәтижені бірінші орынға қоюға басымдық берілген».

– Бұрын қалай еді? Саған бюджет береді де, соған қарай индикаторларды сәйкестіресің. Енді ондай жоқ. Енді сенде мақсатты индикатор бар, мысалы, жолдардың жағдайы. Сол индикаторды қаржы жетпесе де сақтайсың, – деп жаңа тәсілді түсіндіруге тырысты Жұманғарин.

Ол министрліктерде мақсатты индикаторларды айқындауда әлі де қиындықтар бар екенін мойындады, бірақ бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

– Ең бастысы – азаматтық бюджет енгізілді. Ол ашық талқылауға шығарылады. Бұл мәселе бойынша кез келген адамның пікірін тыңдауға дайынбыз, – деп депутаттарды диалогқа шақырды Жұманғарин.

Мәңгілік күрес

Қаржы министрі Мәди Такиев өз тарапынан мақсатты индикаторларды сапалы жоспарлау және орындау барысына бақылауды күшейтетінін айтты.

– Бізге ақпараттық жүйелерге көшу қажет. Өз тарапымыздан мемлекеттік жоспарлау жүйесін әзірлеп, оны Мемлекеттік аудит комитетінде сынақтан өткіздік. Бюджетті жоспарлауға дейін барлық мемлекеттік әкімшілердің бюджеттерін қарап шықтық. Нәтижесінде жоспарлау барысында 1,5 трлн теңгеге бұзушылықтарды жойдық, – деді ол.

Сонымен қатар, министр күмәнданған мәжілісмендерге бұл мониторинг жүйесін «іс жүзінде» көрсететінін уәде етті. Алайда ол бұл «күрестің» нақты кіммен және қалай жүргізілетінін нақтыламады.

Серіктес жаңалықтары