Бүгін Уашиңтонда Орталық Азия елдерінің басшылары жиналып жатыр. Бірнеше сағаттан кейін «Орталық Азия – АҚШ» саммиті басталады. Дональд Трамппен кездесетіндердің қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Кездесуде не талқыланбақ? Жаңа ірі келісімдер бола ма? АҚШ-тың өңірдегі нақты мүддесі қандай? Бұл сұрақтарға саясаттанушы Досым Сәтпаев жауап берді.
Қатынас қалай өзгерді
Сәтпаевтың айтуынша, өткен C5+1 саммитінен бері көп нәрсе өзгерді. Ең бастысы, АҚШ-та билік ауысты. Бұрын Орталық Азия елдері Джо Байден мен демократтармен жұмыс істесе, қазір Ақ үйде Дональд Трамп отыр.
– Алдыңғы саммит Украинадағы соғыс басталған кезде өтті. Сол кезде АҚШ-тың демократиялық әкімшілігі аймақ елдерімен жұмысты осы соғыс тұрғысынан бағалады. Яғни, Орталық Азия елдері Ресейге санкцияға түскен тауарларды жеткізуді азайтып, «сұр импортқа» араласпасын деді. Ал қазір жағдай басқа. Трамп үшін Украина емес, Қытаймен қарым-қатынас бірінші орында тұр, – дейді саясаттанушы.
АҚШ мүддесі
Трамп бұл саммитті АҚШ-тың экономикалық пайдасын күйттеу құралы ретінде қолданбақ. Негізгі мақсат – аймақтың Қытай ықпалына өтпеуін қамтамасыз ету. Себебі Трампты Қытаймен сирек кездесетін пайдалы қазбалар үшін болып жатқан жаһандық бәсеке алаңдатады. Бұл қазбалардың мол қоры Қазақстан мен көрші елдерде бар.
– Трамп қазір, ең алдымен, сирек және стратегиялық маңызды металлдар нарығындағы АҚШ позициясын күшейтуді көздеп отыр. Қытай бұл саланы 85-90 пайызға дейін бақылап отыр. Бұл АҚШ пен Еуроодақты қатты алаңдатады. Сондықтан Трамп үшін Орталық Азия – америкалық компаниялар жаңа кен орындарына қол жеткізе алатын аймақ, – дейді Сәтпаев.
Қазақстанда не өзгереді?
Сарапшының пікірінше, АҚШ дер кезінде қимылдаса, Қазақстандағы сирек металл кен орындарынан үлес алуы мүмкін. Өйткені бұл салаға Қазақстанның өз инвестициясы аз, себебі жеті жылда небәрі 67 млрд теңге инвестиция тартқан. Демек, нарыққа шетелдік инвесторлар келеді.
Қазір Тоқаев Италия, АҚШ, Аустралия компанияларын қызықтырып отыр. Мысалы, Cove Kaz Capital Қазақстандағы вольфрам қорларын зерттеп жатыр, ал Қарағанды облысында графит өндірумен аустралиялықтар айналыса бастады. Сол себепті саммит нәтижесінде сирек металлдарға қатысты жаңа келісімдер немесе меморандумдар жасалуы әбден мүмкін.
Трамптың тағы бір мақсаты
Трамптың екінші мақсаты – Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланысты әлсірету. АҚШ Қытайдың аймаққа экономикалық ықпалын күшейтуінен қауіптеніп отыр. Соңғы жылдары Қазақстан мен көрші республикалардың Қытаймен сауда көлемі айтарлықтай артқан.
– Егер АҚШ пен Қытай арасындағы қатынас ушығып кетсе, Трамп аймақ елдерінен не бейтарап болуды, не Қытайдан алыстауды талап етуі мүмкін. Ол мұндай қысымды бұрын да көрсеткен. Мысалы, жуырда БРИКС саммитінде елдер доллардың рөлін азайту бастамасын қолдағанда, Трамп: «кім доллардың салмағын жеңілдетуге атсалысса, сол елге 100 пайыздық баж салығы салынады» деді, – дейді Сәтпаев.
Қытаймен арадағы баланс
Сондықтан Тоқаев пен басқа аймақ басшыларына мұқият болу керек. Олар әртараптандыру саясатын жалғастыра отырып, Трампты “АҚШ үстемдігіне қауіп төндіреді” деген ойға жетелемеуі тиіс.
– Бұрын біздің қауіпсіздігіміз халықаралық құқыққа сүйенсе, қазір бәрі нәзік геосаяси тепе-теңдікке байланысты. Ал ол кез келген сәтте бұзылуы мүмкін. Әсіресе АҚШ Қытаймен ашық текетіреске барса, жағдай күрделене түседі, – деп ескертеді саясаттанушы.
Мұнай – басты бағыт
Трамптың Қазақстанға деген тағы бір қызығушылығы – мұнай. Ақ үйде кім отырса да, америкалық саясатта мұнай – тұрақты мүдде. Қазақстанда ExxonMobil мен Chevron сияқты алып компаниялар жұмыс істейді, ал Уашиңтондағы мұнай лоббиі бұл жағдайдың өзгеруін қаламайды.
– Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ жобалары бойынша келісімдердің мерзімі аяқталып келеді. Қазір жаңа шарттар жайлы келіссөз жүріп жатыр. Америкалық компаниялар бұл процесте Ақ үйдің қолдауын пайдалануға тырысады. АҚШ үшін Қазақстандағы мұнай-газ саласы бұрын да, қазір де басым бағыт болып қала береді, – дейді Сәтпаев.
Соңғы келісімдер және бәсеке
Саммитте талқыланатын тағы бір маңызды тақырып – аймақ елдерінің АҚШ-пен соңғы ірі келісімдері. Қазақстан Wabtec компаниясымен 4,2 млрд долларлық локомотив өндірісін қолға алса, Өзбекстан Boeing ұшақтарын 8 млрд долларға сатып алмақ. Осы келісімдерден кейін АҚШ-тың Орталық Азия бойынша өкілі Сержио Гор мен мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау екі елге сапармен келді.
– Саммитті ұйымдастырудың негізгі себебі де осы келісімдер. Трамп үшін сыртқы саясат, ең алдымен, экономика. Қазақстан мен Өзбекстан, шын мәнінде, Трампқа “саяси сыйлық” жасады. Бірақ шынтуайтында, Орталық Азия елдері экономикалық жағынан Қытайға тәуелді. Сондықтан АҚШ бұл өңірде үстем күшке айналады деу қисынсыз. Трамп үшін бұл аймақ Қытаймен геосаяси ойынның бір бөлігі әрі шикізат көзі ғана, – дейді Сәтпаев.
Геосаясат – екінші орында
Қорыта айтқанда Қазақстан АҚШ-пен ірі келісімдер жасап жатыр, бірақ бұл елдің Америкамен сауда байланысы күрт өседі деу қиын. АҚШ-тың Орталық Азиядағы экономикалық мүддесі шектеулі. Трампты саясаттан гөрі бизнес көбірек қызықтырады.
Сарапшының сөзінше, саммиттен кейін қандай да бір үлкен шешімдер немесе үлкен өзгерістер күтуге болмайды. Бұған дейін демократтар өткізген C5+1 кездесуі де нақты нәтижеге әкелмеген. Күш балансы сол қалпында қалуы ықтимал: Қытай, Түркия, Ресей және Еуроодақ өз мүдделерін аймақта алға жылжыта береді.
Қазірдің өзінде Қазақстанның Қытаймен сауда көлемі АҚШ-пен салыстырғанда 11 есе көп. Біздің мұнайды ең көп сатып алатын – Еуроодақ. Ал басқа ортаазиялық елдердің Уашиңтонмен саудасы тіпті аз. Демек, бұл саммит өңірдегі күш арақатынасын түбегейлі өзгертеді деу қиын.
– Иә, АҚШ бұл жерде өз орнын нығайтқысы келеді, бірақ Орталық Азияны басты экономикалық бағыт ретінде қарастырмайды. Тек жекелеген салаларда ғана қызығушылығы бар, – дейді Досым Сәтпаев.
Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ президентінің арнайы өкілі Сержио Гор және Кристофер Ландаумен кездесіп, инвестиция, инновация, білім беру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған. Министр Астананың экономиканы жаңғыртуда Уашиңтонды негізгі серіктес ретінде қарайтынын атап өткен.