Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа лауазым пайда болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мемлекет басшысы тағы бір маңызды шешім қабылданғанын айтты. Атап айтқанда, бұған дейін Ерлан Қарин атқарған мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылды.
Президенттің айтуынша, енді вице-президент қызметі енгізіледі. Жаңа лауазым иесін мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен тағайындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президенттің негізгі міндеттерін де атап өтті.
«Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық форумдарда, шет мемлекеттердің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде қорғайды. Сондай-ақ Парламентте президенттің өкілі болады, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды және мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.
Вице-президенттің қызметтік өкілеттігіне қатысты осы негізгі ережелер Конституция мәтінінде де көрініс табуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі Парламент қызметін қамтамасыз ететін бірқатар аппараттық құрылымдар мен мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылатын болады. Президент әкімшілігінің функциялары, құрылымы және басқару жүйесі саяси қажеттілікке сәйкес реформаланады.
Вице-президент институты көптеген елдерде бар. Біздің жағдайда бұл лауазымды енгізу мемлекеттік басқару процесін тұрақтандырып, билік иерархиясына түпкілікті айқындық енгізеді. Бұл конституциялық жаңашылдық президенттік биліктің әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, президент институты мемлекеттік жүйедегі негізгі әрі шешуші рөлін сақтап қалады», – деді Тоқаев.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанда вице-президент лауазымы 1991–1996 жылдар аралығында болған. Бұл қызметті Ерік Мағзұмович Асанбаев атқарған. Ол — аталған лауазымдағы алғашқы әрі жалғыз вице-президент.
1996 жылдан кейін бұл қызмет мемлекеттік басқару жүйесінен алынып тасталған еді.