Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Молдабекованың сөзінше, Ұлттық банк ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, президенттің Жарлығымен бекітілген жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізген. Бұл ретте зейнетақы активтерін басқаруға жеке басқарушы компанияларды тарту мүмкіндігін қарастыратын БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді көздейді.
«Бірлесе даярланған ұсыныстарға тоқталсақ, БЖЗҚ салымшыларына өздерінің қалауы бойынша жинақталған зейнетақы қаражатының 50%-ға дейінгі бөлігін жеке басқаруға аудару құқығын беру ескерілген», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Сенат депутаттарымен кездесуде.
Оның айтуынша, жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
«Зейнетақы активтері тұрғысында табыстылықты қамтамасыз ету үшін жеке басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды жақсарту бойынша шара қабылдау керек. Бұдан бөлек, жекеменшік басқарушы компанияларды зейнетақы активтерін басқаруға жіберу критерийлерін кеңейту қажет. Оның ішінде зейнетақы активтерін басқаруға кредиттік рейтингі жоғары шетелдік еншілес ұйымдарды тарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды», - деді ҰБ өкілі.