×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 41 мыңнан асты

20.02.2023, 14:41
Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 41 мыңнан асты
фото: ашық дереккөзден

Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 41 020-ға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы елдің  Төтенше жағдайларды жою басқармасы (AFAD) мәлім етті.

Елде құтқару жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта зардап шеккен өңірлерде 19 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Апат аймағында 216 мыңнан астам шатыр тігілген.

Бүгінгі таңда мамандар жер сілкінісінен зардап шеккен 11 провинциядағы 925 мың ғимаратты тексерді. Түрік билігі хабарлағандай, 118 мыңға жуық ғимарат құлаған, қатты зақымданған немесе дереу сүрілуі тиіс нысандар санатына жатады.

"Бір жыл ішінде бұл провинцияларда Түркия тарихындағы ең ірі тұрғын үй құрылысы жүргізіледі", - деді Түркияның экология және қала құрылысы министрі Мұрат Курум.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Жүздеген жер сілкінісімен жалғасқан зілзала елдің 10 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде сезілді, оның ішінде Сирия ең көп зардап шеккен.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның жойқын зілзаладан зардап шеккен аудандарында қаза тапқандарды жерлеуге орын табылмай жатыр. Мәйіттердің көптігі сонша, имамдар бір уақытта ондаған құрбандар үшін жаппай жерлеу рәсімін өткізуге мәжбүр. Ал көрші ауылдар мен Ыстамбұлдан қаза тапқандарды жерлеу үшін табыттар әкелініп жатыр.

Полиция мен еріктілер туыстарына қайтыс болғандарды анықтауға және жерлеуге көмектесуде. Сонымен қатар белгісіз құрбандардан ДНҚ үлгілерін жинайды, өйткені оларды кейінірек туыстары таба алмай қалуы мүмкін.