×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Қазақстанның 9 өңірі зілзала зардабын тартуы мүмкін

02.03.2023, 09:47
ulysmedia.kz

Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін елдегі сейсмикалық қауіп мәселесі күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналды. Өйткені Қазақстанда да жер сілкінісі қатері төніп тұрған өңірлер аз емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қай өңірлер сейсмикалық аймақта?

Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның кезектен тыс отырысында министр сейсмикалық қауіпті аймақтарды атады. Юрий Ильиннің мәліметінше, Алматыдан бөлек, Шымкент қаласының,  Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының аумағы зілзала ошағына айналу қаупі бар.

Ильин қатердің алдын қалай алмақ?

“Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдына сейсмикалық қауіпсіздік және құрылыс саласындағы нормативтердің талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізу, лауазымды тұлғалардың оларды іске асырғаны үшін бақылауы мен жауапкершілігін арттыра отырып, сейсмика бойынша жол картасының іс-шараларына тексеру жүргізу, жаңа әдіснама бойынша облыстар мен ірі қалалардың сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеу және, сейсмикалық мониторинг желісін кеңейту, жер сілкінісін болжау әдістерін жетілдіру және барлық елді мекендердің сейсмикалық қауіп-қатерін бағалауды жүргізу міндеттері қойылды”, – деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, шенеуніктерге бірқатар ұсынымдар берілді:

Бірінші. Қаржы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп сейсмологиялық ақпарат мониторингін жергілікті бюджет шығыстарына енгізу мәселесін пысықтау.

Екінші. Ғылым және жоғары білім министрлігі Сейсмология институтымен бірлесіп сейсмология саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын «Геология, минералдық және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар» басым бағытына енгізу мәселесін қарау.

Үшінші. Жергілікті атқарушы органдар сейсмикалық құбылыстарға бейім өңірдің орналасу ерекшелігін ескере отырып, аумақтың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу.

Алматының мәселесі қалай шешіледі?

Зілзала десе, Алматы бірінші ойға оралуы заңдылық. Қала маңында соңғы аптада бірнеше мәрте жер сілкінісі тіркелді. 

Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, Алматыда 9 балдық жер сілкінісі бола қалса, ғимарттардың үштен бірі жермен-жексен болуы мүмкін.

«Алматы 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан. Бұл негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түріксіб ауданы. Қалған Медеу, бостандық аудандары, басқалары да плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары. Жер сілкінісі бола қалса, қаланың 60-70 пайызы қирандыға айналады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжау деректері бойынша, 9 және одан да жоғары апаттық зілзала болған жағдайда тұрғын ғимараттары 30% дейін қирауы мүмкін. Осыдан-ақ қандай шығын келетінін есептеуге болады», - деді жуырда Ибрагим Күлшімбаев.

Мұны естіген қала тұрғындары шаһар басшысы Досаевпен кездесуде көпқабатты ғимараттардың көбейгеніне наразылық білдірді. Алматылықтардың бірі әкімге биік құрылыстарды Gate City-ге "көшіруді" ұсынды

Досаевтың сөзінше, Алматының жоғарғы бөлігінде биіктігі 9 қабаттан артық құрылыс салу мүмкін емес. Сондай-ақ, ол алдағы құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілетінін атап өтті.

"Басқа мәселенің бәрін қарастырамыз. Бас жоспар құрылған кезде, оның ішінде бәрі нақтыланады.

Мен қажет жерде ақылға қонымды құрылысты қолдаймын. Қала әлі де өсіп келеді, Алматыға ағылушылар көп. 

Қаланың ерекше мәртебесі туралы заң арқылы жер сілкінісіне төзімді құрылысқа байланысты талаптарды күшейтеміз. Көктемде біз бұл жұмысты бастаймыз деп үміттенемін және депутаттар бізге ерекше жағдай жасау үшін қолдау көрсетеді. Содан кейін қала арнайы стандарттар бойынша өзін-өзі басқара алады", - деді ол.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин таяуда қаладағы бүкіл ғимарат тексерілетінін айтты. Оның сөзінше, үйлердің сейсмикалық беріктігі тұрғысынан қайтадан паспорттау жұмысы жүргізіледі. Ғимараттардың сейсмикалық беріктігін мамандандырылған ұйым – ҚазҚСҒЗИ, сонымен бірге қалалық құрылыс комитеті тексереді. Одан бөлек алдағы уақытта осы жұмысқа жапон компаниясын тарту жоспарланып отыр екен. Олар құрылымдар мен нысандардың зілзалаға беріктігі бойынша қорытынды жасап бермек.

 

Серіктес жаңалықтары