×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

"Түріктердің кебін киеміз": Алматылықтар Досаевқа көпқабатты ғимараттардан арылуды ұсынды

24.02.2023, 10:45
фото: ашық дереккөзден

Алматы тұрғыны қалада көпқабатты ғимараттардың көбейгеніне наразылық білдіріп, әкімге биік құрылыстарды Gate City-ге "көшіруді" ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы қала тұрғыны Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кезекті кездесуі кезінде мәлімдеді. Алматылық ару көпқабатты ғимараттар экологияға, инфрақұрылымға зиянды әсер ететініне, сондай-ақ сейсмикалық қауіпті аймақ үшін қатер көзі екенін атап өтті.

"Мен барлық көпқабатты құрылыстарды Gate City-ге көшіруді, ал Алматыда азқабатты құрылыстарды ғана қалдыруды ұсынамын. Бұл, әрине, жер сілкінісі қаупіне және қаланың инфрақұрылымы мен экологиясына түсетін жүктемеге байланысты", — деді ол.

Тұрғын жойқын зілзала кезінде көптеген биік ғимараттары құлаған, мыңдаған адамы опат болған Түркияны тілге тиек етті.

Досаевтың сөзінше, Алматының жоғарғы бөлігінде биіктігі 9 қабаттан артық құрылыс салу мүмкін емес. Сондай-ақ, ол алдағы құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілетінін атап өтті.

"Басқа мәселенің бәрін қарастырамыз. Бас жоспар құрылған кезде, оның ішінде бәрі нақтыланады.

Мен қажет жерде ақылға қонымды құрылысты қолдаймын. Қала әлі де өсіп келеді, Алматыға ағылушылар көп. 

Қаланың ерекше мәртебесі туралы заң арқылы жер сілкінісіне төзімді құрылысқа байланысты талаптарды күшейтеміз. Көктемде біз бұл жұмысты бастаймыз деп үміттенемін және депутаттар бізге ерекше жағдай жасау үшін қолдау көрсетеді. Содан кейін қала арнайы стандарттар бойынша өзін-өзі басқара алады", - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын ТЖМ жер сілкінісі болса, Алматыдағы үйлердің 30%-ы жермен-жексен болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Серіктес жаңалықтары