Үкіметте ел мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді», - деді премьер-министр.
Смайыловтың сөзінше, атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті
«Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды», - деді ол.
Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмағаны анықталған.
«Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әкімдерге қауіпсіздік мәселесін жедел шешуді тапсырды.
«Өңір әкімдіктері осы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажет. Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл кнопкаларымен қамтамасыз етуге қатысты», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
ІІМ тексерісінің нәтижесі қандай?
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың дерегінше, жедел басқару орталықтарына мектептегі бейнекамерлардың тек 62 пайызы қосылған.
«Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында кешенді тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тексерісті мектептерден бастадық, өйткені барлық мекемелердің 60 пайызы – мектептер. Бүгінгі күні ірі қалаларда олардың көпшілігі дабыл түймелерімен, турникеттермен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Дегенмен, Жедел басқару орталықтарына бейнекамераның тек 62 пайызы ғана шығарылған. Кейбір облыстарда жағдай одан да нашар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 24; Алматы облысында – 35, Ақтөбе облысында – 41 пайыз ғана. Бұл өңірлерде халықпен кездесу барысында жалпы осы мәселені әкімдіктер алдында көтердім. Бұл мәселеде жүйелік проблема да бар», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бірқатар білім беру ұйымдары мен байланыс каналдары компаниялары арасында тіпті келісімшарт жасалмаған. Мемлекеттік сатып алу процедуралары «қағаз бастылыққа» салынуда. Нәтижесінде, бейнебақылау жүйелері Жедел басқару орталықтарына қолжетімсіз.
«Мысалы, Петропавл қаласында 15 мектепте тиісті шарттар тек ақпанның соңында ғана жасалған. Оның ішінде жуырда төтенше жағдай орын алған №4 мектеп те бар. Солтүстік Қазақстан облысында 201 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу мәселесі әлі күнге дейін аяқталмаған. Маңғыстауда – 154. Ақтөбеде – 107. Абай облысында – 19. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу қорытындысы шыққанға дейін, күзет пен дабыл және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 2 айға дейін «бір көзден» келісімшарт жасауға мүмкіндік бар. Бірақ, ешкім бұл норманы қолданбайды», - деді ол.
Еске салайық, 13 ақпанда Петропавл мектебінде балта және пышақпен қаруланған 9-сынып оқушысы 3 баланы жарақаттады.
Белгілі болғандай, жасөспірімнің психикалық дерті барына қарамастан Алматы қаласының Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген. Балаларды жарақаттаған оқушы 2 айға қамауға алынды.
Осы оқиғадан кейін Үкімет басшысы Әлизан Смайылов жауапты министрліктерге оқу орындарында тексеріс жүргізуді тапсырды.