Журналист Михаил Козачков телеграм парақшасына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозованың Білім министрін жауапқа тартқысы келгенін, оның вице-премьерге жазған үндеуін жариялады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Журналистің айтуынша, Білім және ғылым министрлігіне қатысты чаттарда тараған үндеуде Білім министрі жемқорлық қылмысына қатысты айыпталған.
«Үндеуді расымен Қарбозова жазған-жазбағанын анықтау үшін оған Фейсбукте хабарлама жаздым. Ол үндеуді вице-премьерге жібергенін растады. Тіпті бұған қатысты пікір білдірмек болып, телефон нөмірімдіекі рет анықтап сұрады, бірақ уақыты жоқтығын алға тартып хабарласпады. Сондай-ақ, ол аталған мәтінді жариялауға рұқсат етпеді және мені бұғаттап тастады. Үндеуде жазылған нәрселер рас болса – мен мұны бұлай қалдыра алмаймын. Асхат Аймағамбетов үндеуде жазылғандай дүниелерді жасаған болса – ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-бөлімі бойынша жауапқа тартылуы керек», - деп жазды ол телеграм парақшасында.
Айнұр Қарбозова Фейсбук парақшасында үндеуді жазғанын жоққа шығарды.
«Бізде тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі, олардың бірнешеуін, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік комитетінің мемлекеттік аудиті бойынша өзім бастамашыл болдым. Оқу жылының басында жұмыс көп, барлық бастамалар мен ұсыныстарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің басшылығы қолдайды. Қолдау білдіріп, түсіністік танытқаны үшін басшылыққа алғыс білдіремін», - деп жазды ол Фейсбук парақшасына.