OLX сарапшыларының сөзінше, еліміздегі шеринг үрдісі қарқын алып келе жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пандемия кезінде азаматтар саналы тұтынуға ден қоя бастағаны белгілі. Сол уақыттан бастап әлеуметтік желілерде "Тегін беремін" санатындағы хабарландырулар көбейді. Өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда биыл осы санаттағы хабарландырулар саны 3%-ға өскен, ал аоған дейінгі есепті жылдары өсім тиісінше 5% және 10%-ды құрады.
Сарапшылар атап өткендей, қазақстандықтар ересектер мен балаларға арналған заттарды, үй мен бақшаға арналған тұрмыстық ыдыстарды өзгелерге ақысыз беруге дайын, бұл экономикалық тұрақсыздық пен мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетуге деген ұмтылысқа байланысты болуы мүмкін. Ел тұрғындары кеңсе тауарлары мен электр құралдарынан бастап жиһаз жиынтықтары мен тұрмыстық техникаға дейін тегін ұсынуға әзір. Сондай-ақ, хабарландырулар арасында үй жануарларын, әсіресе мысықтарды сыйға тартуға ниеттілер көп.
OLX мамандарының сөзінше, шеринг үрдісі кең қолданыс тапқан өңір – Павлодар қаласы. Қала тұрғындары жариялаған хабарландырулардың 3%-ы “Тегін беремін” санатында. Ал Қызылорда, Шымкент және Түркістан тұрғындары да өз мүліктерін ақысыз ұсынуға ықылас таныта қоймаған. Олардың “Тегін беремін” санатындағы хабарландырулары барлық хабарландырулардың 1%-ынан аспайды. Десе де, сарапшылар қазақы дәстүрлерді берік ұстанған аталмыш өңірлерде тұрғындар жарияға жар салмай-ақ, қолда барын жақындарына, туыстарына беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды.