Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл еліміздегі астық шығымына қатысты болжамдармен бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Биыл егіс алқаптарында ылғалдылықты сақтау бойынша жұмыстар дер кезінде атқарылды. Қазір егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Осы орайда астық шығымы жақсы деңгейде болады деген пікірдеміз», - деді Е. Қарашөкеев Сенат кулуарында.
Оның сөзінше 21 млн тоннадан астам дәнді және бұршақты дақылдар мен 16 млн гектардан астам бидай алқабынан мол өнім жинайтын мүмкіндік бар.
«Жақсы өнім алу бағытында қазір егін егу жұмыстарын белгіленген агротехникалық мерзімде тезірек аяқтау үшін барлығын жасап жатырмыз», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, былтыр елімізде 23 млн гектарға егін егіліп, 21,6 млн тонна астық жиналған.