×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Қытайлық компания Қазақстанда «Қазмырышқа» бәсекелес болатын алып жобаны іске қоспақ

Бүгін, 18:07
Қытайлық компания Қазақстанда «Қазмырышқа» бәсекелес болатын алып жобаны іске қоспақ

Қытайдың Hongda Group компаниясының Қызылорда облысында қолға алмақ жобасы Орталық Азиядағы ең ірі өндірістердің біріне айналып, «Қазмырышқа» (Kazzinc) бәсекелес болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құны – 1,3 млрд долларлық жоба

Тау-кен саласының сарапшысы Тельман Шуриевтің Telegram-арнасында жазуынша, Hongda Group жобасы көпшілікке кеңінен таныс болмаса да, Қазақстандағы ең ауқымды өндірістік жобалардың біріне айналуы мүмкін.

Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд АҚШ доллары. Егер толық жүзеге асса, жаңа кәсіпорын мырыш пен қорғасын өндіру көлемі бойынша «Қазмырышпен» тең дәрежеде бәсекелесе алады.

Сарапшының мәліметінше, Жаңақорған ауданында:

  • екі жерасты кеніші;

  • жылына 8 млн тонна кен өңдейтін екі байыту фабрикасы;

  • толық циклді металлургиялық зауыт салу жоспарланған.

Жоба аясында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндірістің негізін бір-бірінен шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Талап және Бурабай–Жалғызағаш кен орындары құрайды.

Бұл аумақтар қорғасын-мырыш кенді аймағына жатады. Геологиялық барлау жұмыстары алғаш рет 1980-жылдары басталғанымен, жан-жақты зерттеу тек 2010-жылдардың басында жүргізілген.

Алдын ала бағалау бойынша, кен құрамында 2%-дан астам мырыш және 1,62% қорғасын бар. Терең қабаттарда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.

«Қазмырыштан» да ауқымды болуы мүмкін

Егер жоба жүзеге асса, Қазақстандағы мырыш пен қорғасын өндірісіндегі қазіргі көшбасшыларға айтарлықтай бәсекелес пайда болады.

Инвесторлардың жоспарына сәйкес, жаңа металлургиялық зауыт жыл сайын:

  • 420 мың тонна мырыш;

  • 220 мың тонна қорғасын өндіреді.

Жалпы өндіріс көлемі 640 мың тонна металға жетеді.

Салыстыру үшін, «Қазмырыш» 2025 жылы 251,8 мың тонна мырыш, 76,7 мың тонна қорғасын өндірген.

Жаңа кәсіпорын жобалық қуатына шыққан жағдайда мырыш өндірісі бойынша «Қазмырыштан» 66,8%-ға көп өнім шығарады, қорғасын өндірісі 2,87 есе артық болады.

Тельман Шуриевтің пікірінше, егер жоба жарияланған көлемде жүзеге асса, ол Орталық Азиядағы мырыш пен қорғасын өндіретін ең ірі кәсіпорынға айналады.

Сарапшының айтуынша, қытайлық компания болашақ зауыт салынатын аумақтағы геологиялық барлау жұмыстарына қазірдің өзінде 9 млрд теңгеге жуық қаржы салған.

Бұл аумақта бағалы металдардың аса ірі қоры болуы мүмкін. Оның үстіне әңгіме дайын кен орнын сатып алу туралы емес, ұзақ мерзімге есептелген ірі өндірістік жобаны нөлден бастап құру жөнінде болып отыр.