×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қаза тапқан орманшылардың отбасына нақты қандай көмек көрсетіліп жатыр

15.06.2023, 17:19
Қаза тапқан орманшылардың отбасына нақты қандай көмек көрсетіліп жатыр

Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімі жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкіметтің мәліметінше, президент тапсырмаларына сәйкес оларға келесідей әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілуде:

  • Семей қаласында жиһазбен жабдықталған екі немесе үш бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;
  • қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі. Өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 млн теңгені құрайды (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • «Қазақстан халқына» қорынан әр отбасыға 7 млн теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек. Төлемдердің жалпы сомасы – 127 млн теңге (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы;
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем;
  • БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы;
  • жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ керек-жарақтар (аяқ киім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты);
  • ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек.

Еске салсақ, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.

Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.

Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.

Сондай-ақ, бұдан бұрын ІІМ басшысы Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін мәлімдеді.

Ал Бас прокуратура борман өртінің шығуы себебі бойынша үш нұсқа тексеріліп жатқанын айтты.