Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан астанасының 25 жылдығына орай құттықтау видеосын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік саясаткерлер Астананы бейбітшілік алаңы деп атайтынын, мұнда олар диалог орнатып, ұстанымдары мен мүдделері мүлде бөлек елдердің өзара түсіністік жолдарын іздейтінін атап өтті.
«Елорда геосаяси аймағымыздың маңызды орталығы ретінде дами беретініне сенімдімін. Астана – кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келуге ұмтылатын жас әрі өршіл қала. Елорда қазірдің өзінде талай жастың өміріне қадам басқан. Бүгін Астана – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыра алатын, мансап құра алатын, идеялары мен армандарын жүзеге асыра алатын зор мүмкіндіктер қаласы», – деді Тоқаев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Елорда күніндегі отшашулар болмайтынын хабарлады Астана әкімдігі. Қаланың 25 жылдығына орай басқа да шаралар өтетіні айтылды.