×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қазақстан мен тәліптер билейтін Ауғанстанды қандай мүдделер тоғыстырады – экс-елшімен сұхбат

03.08.2023, 13:37
Қазақстан мен тәліптер билейтін Ауғанстанды қандай мүдделер тоғыстырады – экс-елшімен сұхбат
Фото: Ulysmedia.kz

Астанада бүгін Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің бірлескен бизнес форумы өтті. Кілемін арқалап, шай-пұлын көтеріп келген ауған кәсіпкерлері Қазақстан нарығына қызығып отыр деседі білетіндер. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бизнес-форум аясында 190 млн долларға екіжақты келісім жасалғанын, бұл серіктестікті 3 млрд долларға дейін арттыру көзделіп отырғанын айтты.

Жалпы екі елдің қарым-қатынасы Қазақстанға не береді? Қазақстанда тыйым салынған ұйым ретінде белгілі Талибан билігімен серіктестік қалай өрбиді? Осы және өзге де сұрақтарды Ulysmedia.kz тілшісі 2011-2018 жылдар аралығында Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі қызметін атқарған Өміртай Бітімовке қойып көрдік.

– Бүгін Астанада екі ел бизнес форум өткізіп жатыр. Екі мемлекет бір-біріне не ұсына алады?

– Қазіргі бизнес форум өте керек іс-шара деп санаймын. Бұған дейін де Ауғанстанмен осындай форумдарды өткізгенбіз. Билікке тәліптер келгеннен кейін, оларды ресми түрде ешкім танымаған соң екіжақты қарым-қатынас азайып қалды. Бірақ меніңше, сауда жағын ешқашан тоқтатпау керек. Қазақстан мен Ауғанстанды салыстырсаңыз, Қазақстанның жері суық. Ауғанстандағы жеміс-жидектің түрлері бізде өспейді. Өссе де өте қымбатқа түседі. Көкөністер де солай. Ауғанстанда ақпан айында қияр өсіп тұрады. Егер екіжақты қарым-қатынас реттеліп, келісімшарттар жасалса, әрине, бізге де пайдалы. Оларға да.

Бізде бидай бар. Бидайды, күнбағыс майын оларға сата аламыз. Біз үшін базар ғой былайша айтқанда. Олардың ақшалары бар. 40 жылдан бері Ауғанстанда соғыс болғаннан кейін өздері де елде фабрика, зауыт салуға қорқады. Шетелдіктер де бармайды. Ал өздері тапқан ақшаларын осында инвестиция салуға дайын. Бірақ ол жұмысты ұйымдастыру керек.

– Талибан көптеген елде, оның ішінде Қазақстанда да тыйым салынған ұйым. Сауда-саттықты дамытқанда мұның Қазақстанға қандай да бір салдары болмай ма?

– Талибан әлбетте бұған дейін танылған жоқ. Сөзіңізде шындық бар. Бірақ ауған халқының бәрі тәліп емес. Тәліп деген саяси ағым. Жағдай осылай. Олар билікке келді. Біз көбінесе халықты ойлауымыз керек. Дүние жүзі оларға көмектесіп жатыр. Біз де болысып жатырмыз. Болысқанда тәліптің режиміне емес, халыққа. Су тасқыны, зілзала, жалпы ашаршылық болды. Миллиард долларлардың сол елге салынуы тоқтап қалды.

Біздің пайдамыз да көп ол жерде. Ауғанстанда халқы кемі 35 млн. Оның артында 240 млн халқы бар Пәкістан тұр. Қанша сатсақ да ол нарық үлкен.

– Ауғанстаннан біздің елдің бұқаралық ақпарат құралдарына «біз қазақтармыз, атамекенімізге оралғымыз келеді» деп көп хабарласады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жиі сауал жолданады. Сіз өзіңіз елші болдыңыз ғой. Сол жақта қалған қазақтар турады не дейсіз?

– Жалпы қандастарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі бағдарлама 1992 жылы басталған. Көмектестік. Ұшақ жібердік. Келем дегендер келді. Ауғанстанда бірен-саран қалған. Кейбіреулер қазақ болғысы келеді. Оған қуану керек. Демек Қазақстанның жағдайы жақсы болғаны. Пәкістанға немесе Ресейге барам демейді, Қазақстанға қайтамыз дейді. Бұған қуаныштымыз.

Екіншіден, Ауғанстанда таза қазақтар қалған жоқ деуге болады. Бірен-саран қалды. Кішкентай жері, дүкені барлар. Ол елде 150 жылдан бері тұрып жатқан қазақтар ассимиляция болып, соларғ сіңіп кетті. Жергілікті тұрғындармен араласып кетті. Кейбірі тілді де ұмытып кетті. Шындықты айтқанда, Қазақстандағы кейбір қазақтар да қазақ тілін білмейді ғой. Олар да солай.