Осы айда бүкіл әлемнің назарын аударған Израиль-Хамас соғысының басталғанына 20 күн болды. 7 қазандағы Хамас шабуылынан кейін Израиль әскері жауап ретінде Газа секторын аяусыз зымыранмен атқылады. Екі жақтан мыңдаған адам өліп, одан көбі жараланды. Өткен ғасырдан бері соғыстан көз ашпаған Таяу Шығыс осылайша, алпауыт елдердің мүдделері қақтығысқан плацдармға айналып шыға келді.
Қырғын соғыс Қазақстан аумағынан алыс аумақта болып жатса да, біздің елде, қоғамда оны талқылап жатқандар көп. Тіпті Палестина-Израиль болып бөлініп, дауласып жатқандар да аз емес. Мұндай даудың біздің ел үшін қаупі бар ма? Жалпы әлемдік эскалация, қақтығыс оты тыныш жатқан Орталық Азияны да шарпуы мүмкін бе? Біз осы сұрақтарды белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішевке қойып көрдік.
– Ғазиз мырза, біздің қоғамда шындық, әділдік Израиль немесе Палестина жақта деушілер екіге бөлініп алғандай көрінеді. Сіз қандай пікірдесіз? Және біздің елдің мүддесі үшін қандай көзқарас дұрысырақ деп ойлайсыз?
– Қазақтардың Палестина-Израиль қақтығысына жасаған анализіне, талдауына қатты баға бере қоймас едім. Жалпы бұл қазір әлемдегі нөмір бірінші жаңалық болғаннан кейін бүкіл әлем БАҚ-тары соны жарыса жазып жатыр десек те, қазақстандықтардың көбі үшін бұл тақырып аса жақын емес. Қазақстандықтар шоу немесе танымал фильм көргендей алаңдап отыр. Алайда арамыздағы көп адам қақтығыстың неден, қалай басталғанынан хабарсыз. Меніңше, қазақстандықтар Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстан гөрі Украина мен Ресей арасындағы соғысты көбірек талқылап, мән-маңыз берген сияқты. Сол секілді көзқараспен Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру жолындағы арнайы операциясына, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарасындағы атысқа қарайды. Яғни біздің қоғам осындай үлкен тақырыпты талдауға шебер. Алайда бір позицияны таңдап алып, оның соңына күресу деген бөлек әңгіме. Сол себепті мен оған әлеуметтік желілердегі «диван сарапшыларының» эффектісі деп баға берер едім. Меніңше, біздегі көп адам ол қақтығысқа көп мән бере қоймады.
Халықтың көңілін қазір жаңалықтар легі өзіне аударып тұр. Егер қазір ол тақырыпты талдау тоқтап қалса, қоғам тыныштала қалады. Алайда біз жаңалықтарды өшіріп тастасақ та, қазақ тілі, несиенің әділдігі мәселесі бәрібір жойылмайды. Ал жаңалықтарда Палестина мен Израильді көрсете кетсе, алдыңғы тақырыпты уақытша ұмытуы мүмкін. Сол себепті бұл тақырыпты талдауға үлкен баға бере қоймас едім. Біз бөлініп жатқан жоқпыз.
Қазақстан әлбетте, бейтарап саясатты ұстануы тиіс. Ресми органдарды айтам. Себебі бұл біздің қақтығыс емес, бізден өте алыста жатқан елдер. Ол жақта өте этносаралық, нәсілшіл, квазидіни қақтығыс болып жатыр. Оның тарихы да ұзақ. Сол себепті оған аса бас сұғудың қажеті жоқ. Қалай десек те, барынша дұрыс, тарихи позицияны бұл мәселеде біз ұстана алмаймыз. Себебі оның өзі жоқтың қасы.
– ХХІ ғасырда өмір сүрсек те, қазір ешкім ешкімді аямайтынына көз жетіп отыр. Яғни халықаралық саясатта тек мүдде бар, әділдік жоқ па?
– Әділдік деген ұғымның өзі салыстырмалы. Бір-біріне қарсы күштердің тең текетіресі ғана бәлкім әділдікке алып келуі мүмкін. Әділдікке әңгімемен жете алмайсың. Мәселен, АҚШ-та «жақсы сөз бен мейірбан кольттің өзі жақсы сөзден жақсырақ» дейді ғой. Сол сияқты, демократияның өзі револьвері бар адамдардың келісімі іспеттес. Әр мемлекет өзінің жеке мүддесін барынша қорғайды, ілгерілетеді. Алайда әр мемлекет өз мүддесін қорғау шеңберінде сарқылуға апаратын қақтығыспен бетпе-бет келген кезде дәл осындай жағдай әділеттілікті қамтамасыз ететін ережелерді ойлап табады.
– Канада сарапшысы Фикрет Шабанов деген азамат алпауыт елдер Таяу Шығыстан кейін дәл осылай Орталық Азия елдеріне таласады деген пікірді айтады. Пікірімен келісесіз бе? Орталық Азияның расында да, үлкен мемлекеттер есеп айырысатын үлкен плацдармға айналып кету қаупі бар ма? Оған жол бермес үшін аймақ елдері қандай істерді атқаруы керек?
– Менің ойымша, жалпы стратегиялық ұзақ мерзімде үлкен державалар Орталық Азия елдеріне пысқырып та қарамайды. АҚШ та, Ұлыбритания да, құрлықтағы жақын Қытай, Ресей де. Себебі біз ешкімге соқтықпай, тып-тыныш өз пайдалы қазбаларымызды қазып, оны арзанға оңды-солды сатқан елміз. Жемқорлықтың ақшасы Батыс елдеріне жылыстап бәрібір кетіп жатыр. Ол елдерден импортты аста-төк әкелеміз. Керек жағдайда логистика арқылы сұрағандардың бәрін шекарадан өткізіп жатырмыз. Яғни, біз олар үшін проблема да емеспіз, олар үшін асып бара жатқан құнымыз да жоқ. Сол себепті стратегиялық тұрғыда оларға еш парқымыз жоқ. Алайда орта мерзімде тактикалық тұрғыда ұжымдық Батыс үшін Орталық Азия Қытай мен Ресей мәселесіне келгенде бүйірден түскен «терран» ретінде қызмет етіп, екі державаның аяғынан шалуға пайдаға жарайтындай көрінуіміз мүмкін. Бірақ жағдай оған бара ма, жоқ па – ол жеке сұрақ. Әлбетте, мұндай жағдай біз жол берсек қана болады.
Егер біздегі саяси көзқарастар радикалды сипат алса ғана сондай жағдай туындауы ықтимал. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа саяси этика қалыптасып келеді. Біз концепт ретінде толеранттылықты шетке ысырып, толерантты модельден мажоритарлық модельге көшетін ниет таныттық. Яғни көпшілік өз ережелерін айта алатындай жағдай қалыптасса дейміз. Осы радикализмді сыртқы күштер пайдалануы ықтимал. Себебі бізде бұрыш-бұрышқа бөлініп алған күштердің көзқарасы әртүрлі. Сол бұрыштардың бірінен қақтығыс ойлап таба салуға болады. Мемлекет басшылары (Орталық Азия) мұндайда бейқам болмай, көршілес мемлекеттердің басшылары бір-бірімен байланыста болуы керек. Себебі, Қытайды, Ресейді немесе басқа да мемлекеттерді көршілес елдердің ісіне араласуына кім итермелеуі мүмкін? Егер соның бәрі басталып кетсе, мұнда шешілуі қиын үлкен түйін пайда болады. Сол себепті, Пекин және Мәскеумен байланысты анық әрі түсінікті қарым-қатынасты ұстап, керек жағдайда олардың шұғыл әрекеттеріне тоқтау қойып отыру керек.
– Жалпы сіздіңше, біздің билік сол тең аралықты ұстай алып отыр ма?
– Жалпы иә. Әлбетте, аздаған тербеліс бар. Алайда бәрін бақылауда ұстауға саяси жігеріміз жетеді деген үміттемін. Біздің мүддеміз – Қазақстан, қазақ халқының мүддесі. Бізге Мәскеу мен Пекинді тең ұстап, әлсіреп қалмай, солардың арасында үйлесімді ұстап отырған абзал. Абылай ханның да саясаты сол болған.
Айта кетейік, 7 қазаннан бері бүкіл әлем Таяу Шығыстағы соғысқа көз тігіп отыр. ХАМАС пен Израильдің қақтығысынан мыңдаған бала құрбан болды. Газа секторының бейбіт тұрғындары қырылды, үй-күйсіз қалды. Израиль соғыстың бірнеше айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматының қаза тапқаны хабарланған.