Отандық шаруалардың мәселесі шаш-етектен. Олар «құзырлы органдар бізді естімейді» деп проблемаларын өздері шешуге мәжбүр. Мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан бағдарламалардың шарапатын шағын және орта шаруашылықтардың барлығы дерлік сезініп отырған жоқ. Шаруалардың қандай мәселелері бар?
Ulysmedia алаңына келген қоғам белсендісі, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаевпен сұхбаттасып, шаруалардың проблемасына үңіліп көрдік.
«Алдымыздағы малдан айырыламыз...»
– Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында ушығып тұрған қандай проблемалар бар?
– «Жұт жеті ағайынды» дейді ғой. Биыл соның екі-үшеуі бірден келді. Отандық шаруаларға өте ауыр жыл болды. Біріншіден, көктем суығымен есте қалды. Мамыр айының соңына дейін түн өте суық болды. Салдарынан еккен дақылдар көтерілмеді. Маусым айынан бастап ыстық жел соғып, өсіп шыққан дақылдың өзін кептіріп тастады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, күзге қарай толассыз жауын жауып, не өсіп шықты, соның бәрін шірітті. Әсіресе, диқандар әбден ұрынды. Ал малшылар шөп жинай алған жоқ. Алдағы қыс қалай болар екен? Малды далада бағып өскен ағайын мал азығын молынан әзірлеуге дағдыланбай келеді. Олардың қолындағы шем-шөп бір аптаға да жетпейді. Ең пысық дегендердің өзі әрі кетсе 1 айға қамданған шығар. Қыста қар қалың түссе, алдымыздағы малдан айырыламыз. Бұл – факт.
Делдал мен демпинг дерті
– Бұған кім кінәлі?
– Кінәлі – билік. Жалпы, еліміздегі кез келген проблемаға билік кінәлі. Себебі, басқару тетіктерінің барлығы солардың қолында. Алыстан мысал іздеп керек жоқ. Вице-министр Серік Жұманғарин жуырда берген сұхбаттарының бірінде «мен көріпкел емеспін» депті. Көріпкел болу міндетті емес. Біз проблемаларды бүге-шегесіне дейін жеткізіп отырмыз ғой. Мәселен, былтыр отандық жылыжайшылардың мәселесін көтердік. Ұлыс медиа алаңында да «жылыжайшылар құрдымға кетті, түрікмендер бағаны түсіруде, демпинг жүріп жатыр» деп, үлкен сұхбат бердік. Содан бері Жұманғарин 14 жиналыс өткізді. Төрт рет еліміздегі 90 пайыз жылыжайшылар орын тепкен Түркістан облысына барды. Біз мәселені шегелеп тұрып айттық. Өкінішке қарай, түк жасалған жоқ. Салдарынан сол жердегі жылыжайдың 50 пайызы жабылды. Ол дегеніңіз – шамамен 2 мыңға жуық шаруашылық құрдымға кетті деген сөз. Әлгі жерде 45-50 мың адам жұмыс істейді. Олардың тең жартысы жұмыссыз қалды. Мыңдаған шаруа банкрот болды. Тұқым, көмір, минералды тыңайтқыш және өзге де қажеттіліктер үшін алған қарыздарын төлей алмады. Жұмысшыларға қарыз болып қалды. Ал сол уақытта біздің нарықта көктемде де, жазда да Түрікменстаннан келген қызанақтың әр келісі 200 теңгеден сатылды. Біздің диқандар бәсекелесе алмады. Өнімдері өтпей қалды. Әйтпесе, жылыжайларымыздың іші толған қызанақ еді. Үзіп жинағанның өзіне 250 теңге кетеді. Ал түрікменнің қызанағы бар болғаны 200 теңгеден сатылды. Салдарынан жылыжайшылардың 50 пайызы құрдымға кетті. Бүгінде сол демпинг неге әкеп соқты? Отандық диқандар қызанақ еккен жоқ. Ал түрікмендер өнімді 800 теңгеден сатып жатыр. Қателеспесем, Астанада баға 1200-1500 теңге шамасында. Қыста тағы өседі. Айтпағым, билікке көріпкел болып керегі жоқ. Даладағы, ауылдағы жұрттан «сендерге не керек?» сұраса жеткілікті. Біз сол кезде «түрікмендер тарапынан жасалып жатқан дремпингті тоқтатып, арзан көмір алуға мүмкіндік беріңіздер» дедік. Жылыжайға Шұбаркөл көмірі ғана пайдаланылады. Ал ол ERG компаниясы, яғни олигарх Машкеевичтің иелігінде. Біз мәселе көтеріп, Үкіметке, Әлихан Смайыловқа шықтық. Ол Жұманғаринға «көмір мәселесін ретте» деп тапсырма берді. Бүгінде Шұбаркөлдегі көмірдің 1 тоннасы 7500 теңгеге тең. Ал түркістандық диқандар оны 30 мың теңгеден сатып алуда. Делдалдар шалқып отыр деген сөз. Біз «қаражат та керек емес, тек көмірді тікелей сатып алатындай келісімшарт жасап беріңіздер» дегенді айттық. Тағы да түк жасалған жоқ.
– Делдарлардың кесірінен газдың бағасы шарықтап, Қаңтар оқиғасына алып келген жоқ па еді? Сонда Үкімет әлі күнге дейін делдалдармен күреспесе, Қаңтар оқиғасының қайталану тәуекелі бар екенін түсінбей ме?
– Түсіне ме, түсінбей ме белгісіз. Біз мән-жайды жіліктеп, мұның бәрі – қауіп, арты жақсылыққа апармайтынын айтып жүрміз. Ешкім құлақ асып отырған жоқ. Мына қызықты қараңыз. Жақында ғана білдім. ERG компаниясының директорлар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында кім бар дейсіз ғой? Жұманғарин бар екен. Сонда көмірді қымбат баға сатып алып отырған жылыжайшылардың гөрі компанияның мүддесін жоғары қойғаны ма? Жалғыз жылыжайшылар ғана емес, бар халық қымбат көмір сатып алып жатыр. Бұл – халықтың қалтасын қағу деген сөз.
Азық-түлік қауіпсіздігі ресейлік арзан өніммен реттеледі ме?
– Түрікменнің қызанағы демекші, қазір дүкен сөрелерінде Ресей, Беларусь елдерінің өнімдері қаптап тұр...
– Бұл да демпингтің салдары. Олардың саясаты – біздің елге келу, нарықтағы бағаны құлату. Кейін өнім бағасын күрт өсіріп, амалсыздан атып алуға мәжбүр боламыз. Қазір қаншама сүт зауыты жабылып жатыр. Сегіз құс фабрикасы жұмысын тоқтатты. Бұл – Ресейдің демпингі. Бірақ Үкімет, Смайылов пен Жұманғарин «салиқалы саясаттың нәтижесінде бағаны арзандаттық» деп айтады. Ел Президентіне де солай есеп береді. Ия, былтырғымен салыстырғанда ресейлік өнімдердің бағасы 10-15 пайызға арзандады. Десе де, отандық кәсіпорындар құрдымға кетіп жатыр...
– Мұны Тоқаев білмейді ме? Президент әкімшілігінде бұл жағдайды сараптайтын арнайы сарапшылар жоқ па?
– Президент әкімшілігі қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Президент әкімшілігінде болған да емеспін. Мен көктемде «Ресей әлемдегі саудасын тоқтатты. Енді бар тауарын қазақ даласына әкеледі» дегенді айттым. Сол кезде миығынан күлгендер аз болған жоқ. Қазір бұл мәселені барлығы көтеріп жүр. Ал Үкімет болса сол баяғы «өнімді арзандаттық» деп есеп бергенге мәз. Шын мәнінде кез келген өнімді арзандатқан ресейдің арзан тауары. Бүгінде ішкі нарықты ресейдің ұны, тауық жұмыртқасы жаулап алды. Керісінше, отандық диірмендер, құс фабрикалары жабылып жатыр. Қазақ даласында өзіміздің бидай мен арпа сатылмай жатыр. Далада шіріп жатыр.
– Мұны Үкімет тарапынан жасалып жатқан диверсия деп бағалауға болады ма?
– Ия, солай айтуға негіз бар. Қазір мен де, сіздің арнаңыз да айтып жатыр. Бұған дейін талай экономистер де «ішкі нарықты қорғайық» деп айтты. Ешкім тыңдап отырған жоқ. Диверсия емей немене?! Отандық шаруалар бакротқа ұшырап жатыр, жұмыс орындары жабылуда, сүт, құс фабрикалары, өзге де өндіріс орындары жабылып жатыр. Ресейден ішкі нарыққа сиыр еті 1200 теңгеден (1 кг) кіріп жатыр. Салдарынан қазақтың шаруасы өзінің малын сата алмайтын жағдайға жетті. Біздің малымыз тіпті өзбекке де керек болмай қалды. Бұрындары «әрі кетсе өзбектерге өткізерміз» деп ойлайтын едік. Олар қазір тікелей Ресейден тасымалдап жатыр. Теміржолға қарасаңыз, кілең ресейдің астық тасымалдаушы вагондары қаптап тұр. Ал қазақ диқандарының бидайы далада шіріп жатыр. Өз көзімен көріп келдім. Қазір отандық шаруалардың «драмасы» жүріп жатыр деуге болады.
– Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жағдайдан хабардар ма?
– Сапаров мырза мұның бәрін біледі. Ол кеше ғана «16,9 миллион тонна бидай жинадық» деп есеп берді. Ал қазақ даласында қаншама бидай орылмай қалды. Түптеп келгенде, бар мәселенің туындауы – ешкім ештеңеге жауап бермейді. Ресей өнімдерінің ішкі нарықты жаулап алуы – Ресейге ақша құйып жатырмыз деген сөз. Валютамыз сол жаққа кетіп жатыр. Яғни, біз соғысты қолдап отырмыз деген сөз.
– Мәселені шешудің жолын қайсы? Қайтпек керек?
– Елімізде ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар, сарапшылар аз емес. Арнайы дөңгелек үстел басына жиналып, ақылдасу қажет. Бірінші, біз шекараны жауып тастауымыз қажет. Бірақ оған Үкіметтің шамасы жетпейді. Біз Одақтан шығумыз керек. Өзбекстан біз сияқты қиналып жатқан жоқ. Кедендік одақта жоқ себебі. Өзбекстанға Ресейдің заты кірмейді. Себебі, кедендік баж салығы бар. Біз Кедендік одақта болсақ та, бір тауарымыз Ресей нарығына кірмейді. Неге? Себебі ресейліктер фитосанитарлық, санэпидемиологиялық, өзге де қатаң талаптарды қойып қойған. Азық түлік қауіпсіздігі мәселесіне ойыссақ. Қазір отандық нарыққа Ресейдің ірімшігі кіріп жатыр. Ол шекарадан, кеденнен 0,14 тиын деген бағамен өткізілуде. Шын мәнінде нарықта 1500 теңгеден сатылып жатыр. Біз бұл мәселені Үкіметке айттық. Тағы да үнсіз. Сол ірімшік кіріп еді, отандық ірімшік зауыттары жабылып жатыр.
Биліктегілер өз мүддесін ойлайды, халықты кім қорғайды?
– Жуырда танымал Bloomberg басылымы Франция президенті Макронның Қазақстанға жасаған сапары жайлы үлкен мақала беріп, онда «Қазақстан Путиннің артқы қорасы» деп жазды…
– Ұят-ай. Қазір біз Одақтан шыға алмаймыз. Айтса айтқандай, себебі Ресейдің атқы қорасымыз. Өтпеген дүниелерінің бәрін бізге тасымалдап жатыр. Жалпы, кез келген мәселеде біреудің мүддесі бар. Жоғарыда айтқандай, көмір неге арзанға үлестірілмейді? Себебі Жұманғарин директорлар кеңесінің мүшесі болып отыр. Ішкі нарыққа кірген арзан ірімшіктің артында да біреудің мүддесі тұр. Ол сатқындар билікте, биліктің төңірегінде жүр. Отанына опасыздық жасайтын лоббистер, 6-7 трейдер қай кезде де министрлердің жанынан табылады.
– Трейдерлердің артында тұрған кімдер?
– Олардың артында тұрған сол айналасы 4-5 бай. Маминнің өзінің трейдерлік компаниясы бар. Сосын Бидай одағы деген бар. Трейдерлердің барлығы сонда отыр. Олар 1200 диірменді құртып, қазір елімізде 40 диірмен ғана қалды. Олар өзіміздің бидайды шірітіп, ресейлік бидайды контрабандылық жолмен кіргізіп жатыр. Сол сатқындардың мүддесінен Үкімет шыға алмайды.
– «Ауыл» партиясы аталған мәселелерді неге көтермейді?
– «Ауыл» партиясында у-шу, дау-дамайдан басқа ештеңе жоқ. Жиырма жыл болды, түк бітірмеді. Олар Маңғыстаудағы қуаңшылық туралы, биылғы су тапшылығы туралы, шіріп жатқан бидай туралы, мал шаруашылығындағы өтірік статистика туралы айтты ма? Айтқан жоқ. Ондай партияның не керегі бар? Қазір басшылық ауысып жатыр. Не өзгеріс боларын уақыт көрсетер. Бірақ партияның ішіндегі тәртіпті өзгертпей, қандай да бір нәтиже болады деуге сену қиын.
Қайтарылған жер қарапайым шаруаныкі!
– Мемлекетке қайтқан жерлердің тағдыры не болып жатыр? Халықтың ол жерлердің игілігін сезініп жатқанын көріп отырғанымыз жоқ...
– Бүгінде 9 миллион гектар жер қайтарылды дейді. Шынымен де солай шығар. Десе де, менің білуімше оның ішінде бірде-бір байдың, аудан әкімінің, бұрынғы прркурордың жері қайтарылған жоқ. Сол баяғы қарапайым қазақ шаруасының жері алынған. Мыңдаған қазақтың жері кетті. Мысал келтірсек, Батыс Қазақстан облысындағы 49 адам кооператив құрып, 900 гектар жерде шаруасын дөңгелетіп отырған. Себебі, Президент тапсырмасымен кооператив құрғандарға жеңілдіктер берілді. Жергілікті әкім жер берді, олар несие алды, техника алды. Қазір құзырлы органдар «баяғыда сендерге жер заңсыз берілген» деп, жерді қайтаруды талап етуде. Көп өңірде осындай мәселе бар.
«Жер аманаты» комиссиясы мүшелеріне өтініш бар. Қайтарылған жерлердің тізімін беріңіздерші. Қай өңірде кімнен қанша гектар жер қайтарылды деген мәлімет жоқ. Ашықтық керек.
Күнбағыс майы мәселесін «шемішкедей шағатын» министрлік қайда?
– Күнбағыс майын өсірушілердің жағдайы реттелді ме? Оларды экспорттан шектеп тастаған еді ғой...
– Отандық күнбағысты экспортқа шығаруға шектеу қойылғаннан кейін өңдеуші зауыттар жергілікті шаруалардың өнімін алмай, ресейден келген арзан шикізатты өңдеуге көшті. Айналдырғаны 5-6 зауыт шалқып отыр. Ал еліміздегі күнбағыс өсірумен айналысатын 500-700 шаруашылық зардабын тартуда.
Қазіргі кезеңде Үкіметке жаңа бағдарламалар ойлап табудың қажеті жоқ. Ресейдің соғыс жағдайындағы ахуалынан біз де зардап шегіп отырмыз. Себебі, бір экономикалық аумақта орналасқанбыз. Бізде экономикалық шекара жоқ. Сондықтан да Үкімет соғыс жағдайында нарықты тұрақтандырудың амалын қарастыру керек. Олар болса, алдап-сулап Президентке 100 млрд теңге бөлгізіп, 65 сүт фермасын салмақшы. Ондағы сүттің өзіндік құны шамамен 250 теңге болады екен. Бүгінде Ресейде қаншама тонна кептірілген сүт іруге айналып, амалсыздан ел нарығына 65 теңгеден, яғни арзан бағада кіріп жатыр. Бұл – жаңа зауыттар банкротқа ұшырайды деген сөз ғой. Олар ең алдымен қолданыстағы зауыттарды сақтап қалмай ма?
Ең сорақысы, бұрынғы министр Мамытбековтің ангус сиырларды импорттау жобасын тағы да жалғастырмақшы. Ол жобаның тиімсіз екеніне бәрінің көзі жетті ғой. Триллиондаған қаражат желге ұшып, ең аяғында 6 мың тонна ет жоқ болды. Ақымақтық па? Неге олар мега жобаларға неге әуес? Себебі, жобаларға қомақта қаражат бөлініп, оны басқаратын биліктегі адамға үлесі тиеді.
Су айналасындағы шу
– Қазіргі уақытта өзекті болған су қауіпсіздігі жайлы не айтасыз? Қырғыздарға су бергізмеген Ресей тарапы деген қауесет те бар...
– Бұл жерде Ресейдің түк қатысы жоқ. Бұрынғы экология министрі Зульфия Сүлейменова командасын Қырғызстанға, Киров су қоймасына жібереді. Қырғыздар «сіздерге секундына 20 текше метр жіберсек, біз сияқты үнемдесеңіздер қыркүйекке дейін жетеді» деп ұсыныс айтады. Біздікілер болса «жоқ, бізге 40 текше метр су беріңдер, 5 тамызға дейін жетсе болды» депті. Одан кейінгі судың тағдыры оларды алаңдатқан да жоқ. Сауатсыз саясаттың салдарынан жамбылдық шаруалар опық жеп қалды. Мәселені шешуге 9,8 млрд теңге қаражат қажет етіліп, Үкіметтен 3,5 млрд теңге ғана бөлінді. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Мыңдаған шаруалар көмек ала алмай, қарызға батты. Міне, әлеуметтік шиеленіс деген осындай сауатсыз саяси байланыстың салдарынан орын алып жатады.
– Су ресурстары және ирригация министрлігін құру дұрыс шешім бе?
– Бұл өте оң шешім. Бірақ ол жерді кәсіби маман басқару керек. Қазір басқарып отырған Нұржігітов мырзаны мен кәсіби маман деп айта алмаймын. Келгеніне 2 ай сегіз күн болды. Осы уақытта дейін судың мәселесін көтерген мен сияқты көптеген жігіттер бар. Бәрімізді жинап, «ал жігіттер, не істейміз? Мына жағдайдан қалай шығамыз?» деп ешкіммен ақылдасқан жоқ. Бүгінде биліктің басты қатесі – «біз өзіміз бәрін білеміз» деуі. Ауылдағы халықтан «не керек?» деп сұрамайды. Су керек пе, инфрақұрылым керек пе, несие керек пе, ешкім сұрамайды. Бағдарламаларды жазғанда бәрі керемет! Үкіметтің терезесін ашсаң проблема жоқ. Проблеманың бәрі ауылда. Бірақ Үкіметтің терезесінен әрі қарай көрмегендер бағдарлама жазады. Бүгінде қаншама бағдарлама әзірленді? Былтыр «Жаңа Қазақстан: жаңа өңірді дамыту концепциясы» деген құжат қабылдады. Жаңа министр Сапаров келіп соны өзгертемін деп отыр. Сиясы кеппеген құжатты өзгертейін деп жатыр. Сапаровтан кейін Қырықбаев келеді, Қырықбаевтан кейін Мырқымбаев келеді, одан кейін Түгенбаев келеді. Барлығы сол концепцияны өзгерткісі келеді. Әрбіреуі реформатор.
– «Жаңа Қазақстан» деп ұрандағанымызбен, бұл салада дым өзгермегені ме?
– Солай болып тұр.
– Су шаруашылығы бөлек болып құрылғаны, экологияны бөлгені дұрыс сияқты көрінген-ді. Бірақ бәрін кадр шешеді ғой...
– Қай салада болмасын, електен өткен кәсіби маман керек. Сонда ғана мәселе шешіледі. Бүгінде біліксіз мамандар министр болып отыр ғой. Оның маңайындағы лоббистер қорқытпайды, сындырмайды. Мына жақтан сыбырлап, өзіне керек дүниені құяды. Соған анау «дұрыс екен» деп басын шұлғиды. Басын шұлғыған соң қол қойылады, сонымен кетеді. Ал қара халық шулап қалады. Жанындағы кеңесшілер, жобалық топтар, сарапшылардың пікірі лоббистердің мүддесіне қарай шешіліп жатады.
«Ауыл» партиясын гүлдендіруге дайынмын!
– Қазіргі жүйеде әр саланы өзгерту үшін мықты кадр болуы керек және ұлттық намыс болуы керек. Басқа фактормен шешілмейді, меніңше...
– Иә, мінезді азаматтар келу керек, мінезімен ұлтыма қызмет істеймін деген кәсіби мамандар тағайындалуы қажет.
– Сіздің қазіргі айналысып жатқан жобаларыңыз, жоспарларыңыз қандай? Саясатқа араласпаймын дейсіз. Негізі саясатқа келу керексіз.
– Мен саясатқа агросаланы қорғайтын бір партия болғанда ғана келемін.
– Ол партияны неге өзіңіз құрып алмайсыз?
– Бұған дейін 16 рет құжат тапсырдым. Партиямызды тіркемеді. Құжаттары бізден нашар партиялар өтіп кетті. Соттаспадым да.
– 17-ші рет тапсырыңыз...
–17-ші рет те тапсырамын. Қорқа ма, үрке ме, білмеймін, жолатпайды. Тіпті ана шалажансар жатқан «Ауыл» партиясын беріңіздерші дедім. Соны гүлдендіріп, жандандырып жіберемін дедім. Ренжімесін, тек қана ескі іріңді ағызып жіберу керек, болды.
– «Республика» партиясы құрылды ғой. Айдарбек Қожаназаров қазір ауылшаруашылығы саласының үлкен жанашыры болып жүр. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Айдарбекпен 2-3 жыл бұрын бірге шықтық. Бірақ ауылшаруашылығы оның басым дүниесі емес. Оның ішінде өңдеушілер де, жастар да бар.
– Қожаназаров өзі лоббист қой иә?
–Лоббист деуге болатын шығар. Өйткені оның еліміздегі ең ауқымды жері бар. Басқаларға қарағанда ол жерді шұқылап жүрген. Маман ретінде сөйлескенде кейбір дүниелерді менен де жетік біледі. Бірақ ол шағын диқанның шаруасын түсіне ме, түсінбей ме? Қазір сол үшін өңірлерге шығып, көріп жатыр. Оның бәрін зерттеп, қолға алғанша қанша уақыт кетеді. «Республика» партиясынан өзімді әзірге көріп тұрған жоқпын. Ол жерде менен де басқа 7-8 тең төрағасы бар. Ол жерде тоғызыншы болу маған мақсат па, мақсат емес пе?
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Баяғы қойшы Алмасбекті бүгінде сала маманы, эксперт жасаған ол – ғылым. Асыл тұқымды қойдың тұқымын шығарып, ғалымдармен жұмыс жасадым. Қазіргі таңда маған академик Амангелді Сардановтан ұсыныс түсті. Микробилогия және вирусология орталығына өзіне орынбасар болуға қызметке шақырды. Кеше ғана бұйрық шықты. Енді сол кісілермен бірге жердің тозуы, тұздануы бойынша үлкен жұмыстар атқарамыз. Содан кейін ауылшаруашылығы саласында олардың бірнеше ғылыми жұмысы бар. Соның коммерциализациясы, шаруалардың ортасына шығуы, маркетингтік жұмыстарын ұйымдастыруды маған жүктеп отыр.
– Елімізде ғылым дамып жатыр ма, жалпы, қазақта ғылымның дамуы фантастикалық салаға айналып кеткен ғой...
– Иә, ғылымда мәселе өте көп. Жас кадрлар жоқ, ғылыми техникалық база жоқ. Ғылым саясаты дұрыс емес. Ғылымда қаржы жоқ. Жоқ дүние көп. Енді мен ғылым саласына барғаннан кейін сол мәселелерді көтергім келеді. Қазір де менің қолымнан келетіні – дәріптеу. Одан кейін ғылыми жаңа дүниелерді өмірге алып келу керек.
– Алмасбек мырза, бүгінгі сұхбатты түйіндесек..
– Менің ең басты қорқатыным – азық-түлік қауіпсіздігі елді ашындырады, ашуландырады. Кейде мені революционер деп ойлайды. Менің айтып жүргенім вакцина сияқты. Вакцинаны салып, ақырын организмді ояту. Ең басты қорқынышым – Екінші қаңтар қайталанбаса екен. Шырылдап жүргенім, Екінші қаңтардан біздің елдігіміздің қалуы екіталай. Менің бар еңбегім, бүкіл жұмысым – эволюциялық даму, келесі қаңтарды болдырмау. Сол үшін әрекеттеніп, сол үшін шырылдап жүрмін.