×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Үлкен Дулыға: Жеңісі мен әсері жайлы Рыбакинамен эксклюзив сұхбат

16.01.2024, 18:32
Үлкен Дулыға: Жеңісі мен әсері жайлы Рыбакинамен эксклюзив сұхбат
WTA, Jimmie48, Australian Open

Бүгін әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Мельбурнда өтіп жатқан Аустралия ашық біріншілігінің екінші айналымына өтті. Қарсыласы әлемнің экс-бірінші теннисшісі, 16 WTA титулы бар Каролина Плишкованы өте тартысты матчта жеңген соң, жерлесіміз бірінші сетте болған қиындықтар, жаңа сезондағы формасы, матч алдындағы дайындығы және басқа да сұрақтарымызға жауап берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz

- Елена, алғашқы сұрақ, әрине, қарсыласыңыз туралы. Кездесу өте тартысты өтті. Әсіресе бірінші сет. Бірнеше сетболға жол бермедіңіз. Ойынды қалай бағалайсыз?

- Королинаға қарсы әрбір матч өте қиын өтеді. Оны алдындағы кездесулерімізден білемін (Рыбакина үш рет кездесіп, үшеуін де жеңген). Допты іске қосу көрсеткіші өте жоғары болды. Әсіресе тай-брейкте. Жеңіліп жатқанда ештеңе ойламауға, тек әрбір соққыма көңіл бөлуге тырыстым. Екінші сет жеңілдеу болды. Жеңгеніме қуандым.

Оқи отырыңыз: Рыбакина Аустралия ашық біріншілігін жеңіспен бастады

- Өте салқынқандылық танытасыз. Эмоцияға берілмейсіз. Бұл тамаша қасиет. Кім көмектеседі?

- Ешкім. Арнайы жаттықпаймын. Кішкентайымнан табиғатым осындай.

-  Жекелей сында кеше Путинцева, бүгін Бублик жеңіліп қалды. Тәжірибелі теннисшіміз Недовесов та жұптық сында екінші айналымға өте алмады. Жерлестеріңіз сізден тек жеңіс күтті. Оның үстіне бүгін аустралиялықтар көбіне сізге жақтасып отырды. Қандай да бір қысым сездіңіз бе?

- Қобалжу болды. Қалай дегенмен бірінші матч қой. Сенесіз бе, мен тіпті осы кортта жаттығып үлгермедім. Өйткені Мельбурнға кеш келдім. Ал бүгін менің алдымда ойнаған Руне өз матчын кеш аяқтады. Сол үшін үлгермедім. Таңертең ерте жаттығу мүмкіндігі болды, бірақ өз тәртібім, режимім бар.  Сондай-ақ, доптың кортта жәй ұшатынын да байқадым. Мүмкін ауа-райының құбылмалы болғандығынан шығар?! Қысқасы шарттарға толық үйренісе алмадым.

- Режим демекші матчыңыз осылай кешкі сессияға қойылғанда күндіз уақытыңызды қалай өткізесіз

Ең бірінші ұйқымды әбден қандырып аламын (күлді). Сосын жаттығу залында шамалы уақыт өткіземін. Ең бастысы алдағы матчты көп күтіп қалмау керек. Ең қиыны да осы. Кейде кеш жатып, ерте тұру керек болады. Бірақ бүгін мен үшін сәтті күн болды. Ойыным жоспарланған уақытта басталды.

- Алдында Бризбандағы турнирді жеңіп қуанттыңыз. Көбіміз жарыстан соң, бірден Мельбурнға келеді деп ойладық. Алайда сіз Аделаидедегі жарысқа қатыстыңыз. Неге олай жасадыңыз?

- Иә, Бризбанда өте сәтті ойнадым. Бірақ жалпы турнирде, әсіресе, кортта аз уақыт өткіздім. Маған ұзақ жаттығу керек болды. Физикалық жағынан өте жақсы сезіндім. Ең болмаса неге 1-2 матч ойнамасқа деп ойладым. Өкінбеймін. Оның үстіне Мельбурнда жаңбыр жауған екен. Бәрібір дұрыстап жаттыға алмайтын едім.

- Жақында сіздің киім спонсорыңыз YONEX компаниясы осы турнирде киетін киіміңізді жариялады. Сары және көкшіл түс. Қазақстандықтар көк туға ұқсатты. Бұл жәй кездейсоқтық па, әлде шынымен осындай дизайн ойлап таптыңыздар ма?

- Бұл жолы кездейсоқтық (күлімсіреді), бірақ өте сәтті шыққан, иә? Егер байқаған болсаңыз, YONEX бұрын арнайы дизайнмен жиі тікпейтін. Өйткені бұл ұзақ уақытты талап етеді.

- Елена, алдағы матчта сәттілік!

- Рахмет!

                                                                                                                                                                                                                                                                        Ерік Ілиясов, Мельбурннан

Оқи отырыңыз: AUSTRALIAN OPEN 2024: Фавориттер, сыйақы және турнир кестесі

P.S Естеріңізге сала кетейік, Аустралияның Мельбурн қаласында жылдың алғашқы Үлкен Дулыға турнирі (Australian Open) басталды. Әлемнің үшінші ракеткасы, былтырғы финалист Елена Рыбакина бастаған жерлестеріміз қатысатын спорттық жарыс туралы Ulysmedia.kz соңғы жаңалықтармен бөлісіп отырады. Мельбурн қаласында редакция атынан әріптесіміз Ерік Ілиясов жұмыс істеп жатыр.