Партияның қуыршақтары, қазақ социализмі мен рухани азып-тозған ұрпақ – саясаткер, экономист, журналист Асхат Асылбеков басымыздан өтіп жатқан, қоғамымызда болып жатқан жайттарға дәл осындай баға береді. Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында «Республика» партиясы жаңа «Нұр Отанға» айналуы мүмкін екенін, Назарбаев Қазақстанды тақырға отырғызғанын айтып, миллиардерлеріміздің қайдан шыққанын түсіндірді.
Президент Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатына қатысты YouTube арнасындағы пікіріңіз бұл сіздің шешіміңіз бе, әлде партияның тапсырмасы ма?
– Сұхбатты оқып шыққасын, өз ойымды жеткізгім келді.
– Сіз өз ойларыңызды айтар алдында біреулердің келісімін аласыз ба?
– Жоқ, мен ешкіммен келіспеймін, мен өз ойларымның дұрыстығына сенімдімін. Қазақтар ежелден өз ойын ашық білдіретін көшпелі халық. Бізде маңызды шешімдер көпшіліктің талқысына түсіп барып қана қабылданады. Ханның іс-әрекеті ұнамады ма, қазақтар көшіп кететін болған. Бұл ғылыми тілмен айтқанда, қазақы социализм. Ел болып, өзіміздің қазақ социализмін құру ғана бізді дұрыс жолға түсіреді.
– Яғни, өткенге оралуымыз керек пе?
– Иә, қазір коммунизм, социализм деген сөздер құлаққа түрпідей тиеді. Жарайды, сен таланттысың, мен азды-көпті ақылдымын, ал қарапайым халық не істеу керек, арба итеріп, несиеге тамақ алып жүргендерді айтам. Біз бай мемлекетпіз, Сауд Арабиясы мен Кувейттен де бай, бірақ халқымыз неге сонша кедей? 1991 жылы бәрі бірдей жағдайда болды. Олай болса, біздің миллионерлер мен миллиардерлер қайдан шықты? Олар мұндай байлықты қайдан алды? Ұлттық мүддені сату арқылы ғана қылмыстық жолмен байыды.
– Мемлекет қазір олардың байлықтарын тексеруді қолға алған жоқ па?
– Неліктен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар әлі күнге дейін құпия? Өйткені, оларды қарапайым халық көрсе, онда өзін қайраткермін деп жүргендер жер болар еді. ТШО-ның әлеуметтік үйлер салғаны есімде, барлығы қуанды – американдықтар бізге жақсылық жасады деп, бұл өзімізді алдау ғана. Бұрын мемлекет басқару тәжірибеміз аз еді, бірақ сатылуға пейілді болдық, ал қазір тәжірибеміз толысты, бірақ сонда да сатуға жақын тұрамыз. Үкіметте нағыз патриоттар аз, ағылшын тілін білетін ақылдылардың бірнеше буыны өсіп шықты, олар кереметтей көрінеді, бірақ оларда ар-намыс кодексі жоқ. Бізге коттедж салуды ойламайтын, халықтың, мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын патриоттар керек.
– Шынымен елде ондай патриоттар жоқ болғаны ма?
– Бар, бірақ оларды билікке жолатпайды? Біздің қасіретіміз мынада: қазірге дейін екі буын өсіп-жетілді, үшіншісі де осы жүйеге кіріп, осы ойынның ережесін қабылдады. Олар әлі жас, бірақ олар мемлекетке қызмет етуге жарамайды. Олармен кездесіп, сөйлескенде, олар ертегіге сенбейтінін жасырмай айтады және айналасындағылардың бәрі ұрлық жасайтынын біледі.
– Ал ертегіге сенетіндер Америкаға көшіп кетті ме?
– Америка көптеген дарындылардың отанына айналды, бірақ оның өз кемшіліктері бар. АҚШ-та да, Еуропада да ғылым мен техниканың жетістіктері бір төбе, екіжүзділік пен қатыгездігі бір төбе.
– Сіз білімді адамсыз, бірнеше дипломыңыз бар – экономиссіз, заңгер және журналиссіз, баспагер және саясаткерсіз, мемлекеттік қызметте жұмыс істедіңіз, Болат Назарбаевтың өлімі ақпарат айдынында неге сонша кең талқыланды?
– Ол қылмыстық жолмен дәулет жинаған әрі экс-президенттің інісі. Оның көптеген рейдерлік фактілері туралы Алматы қаласында және Алматы облысында тұратындардың барлығы біледі. Қарасай ауданындағы таныстарым оның қолдауынсыз тіпті СТО-ны да аша алмайсың дейді.
Біз рэкет 90-шы жылдары қалды деп ойладық, бірақ ол күні кешеге дейін болған. Назарбаев қоғамды сан соқтыруда үлкен жетістіктерге жетті. Назарбаев шенеуніктердің ұрлық жасап жатқанын білді, бірақ оларға тиіспеді. Бірақ бір сөзінде: “Мен сендердің әрқайсыңды темір торға тығатындай себеп таба аламын” деп айтып қалды. Барлық шенеуніктің ішкен-жегенінің есебін білді Назарбаев, сол арқылы оларды зыр жүгіртті. Олар президентке қарсы шықпады. Ал ол болса, миллиардтарды ұрлады.
– Бірақ заңсыз активтерді қайтарып жатқан жоқ па?
– Бұл мәселеде әртүрлі пікірлер бар. Біреу 162 олигархты торға тығып, есепшотының нөмірін айтқанша, нәр татырмау керек дегенді айтады, біреу келіссөз жүргізуді ұсынады: 10 пайызын өздеріне қалдырсын, ал қалғанын мемлекетке қайтарсын. Бірақ егер адам сараң болса, ол ештеңені қайтармайды. Компромиске бару бұл жерде көмектеспейді. Тоқаев тым дипломатияшыл, мүмкін оған тікелей қоқан-лоққы көрсетіп отырғандар бар шығар – егер оған тиіссең, біз бүлік шығарамыз деп. Ескі Қазақстанның жүйесін өзгерту қиын. Кім қолындағысын оңай бере қояды. Ешкім!
– Назарбаев әлі де тізгінді бермей отыр және ешқашан бермейді деген пікірге қалай қарайсыз?
– Әлемді ақша билейді деген сөз бар. Назарбаевтың ақшасы бар. Мен радикалды болмасам да, батылдық танытатындардың бірімін. Менің ойымша, Тоқаев өз маңайына тек дипломаттарды ғана емес, сонымен қатар шаруашылықтың ебін білетіндерді де топтастыруы керек. Ол айналасына ұлтжанды кадрларды жинауы керек. Біздің елде министрлер мен олигархтар элита саналады. Бірақ олар жай ғана мемлекет қазынасын ұрлаған олигархтар. Өлгеннен кейін өмір бар ма, білмеймін, бірақ тозақ болса, бәрі сонда жанушы еді.
– Болат Назарбаев мемлекетке ешнәрсе қайтарған жоқ, жалпы алғанда, біз заңсыз байығандардың бірнешеуін ғана білеміз, қалғандары неге айтылмайды?
– Сіз мен жауабын білмейтін сұрақ қойып отырсыз. Дариға Назарбаева, Динара Назарбаева, Әлия неге қамауға алынбайды, осы сұраққа билік жауап бермей жатыр. Біреулер жасырынып үлгерді, біреулер бастан құлақ садаға деп тастады, қайтарылған активтер қайта бөлінуде. Жаңа олигархтар пайда болуда, ал халық ше?
– Ал халық енді декларация тапсырады...
- Менің ойымша, Тоқаевты біздің үкімет ұятқа қалдырып отыр. Бірнеше ай бұрын ол президент әкімшілігіне: біз экономикаға араласпаймыз, стратегиямен айналысамыз, экономикамен тек үкімет айналысады, бірақ оны сұрауы қатты болады деп ескертті. Бір жағынан, жақсы, Президент оларға өкілеттік берді, бірақ олар ештеңе жасамаса немесе халыққа қарсы әрекет жасаса, оларды тоқтату керек. Көптеген үкімет шешімдері ақылға сыймайды. Әбден тісқаққан шенеуніктер президент айтады, айтады, мерзімі біткесін орнынан кетеді деп жүре тыңдайды.
– Сіз Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болдыңыз, Парламенттің төменгі палатасының жұмысын бақылап отырасыз ба?
– Мені парламенттегі жағдай алаңдатады, маған парламенттегі жұмыстың жай-күйі туралы түрлі ақпарат көздерінен шашыраңқы ақпараттар түседі, әртүрлі адамдардан естимін. Барлық кездесулердің алдын ала сценарийі бар, ескі схема әлі жұмыс істейді. Жаңа Қазақстанда ескіше өмір сүру әрекеті мені таң қалдырады. Олар былай қарасаң, білімді сияқты, айтып отырғандары дұп-дұрыс, бірақ сұрақ қойсаң, олар сізге: аңғалсың ба, оян, өзгерген ештеңе жоқ деп айтады, ал маған бұл ұнамайды және менің алданғым келмейді.
– Біз көп нәрсені біле бермейміз, мәселен, «Республика» партиясы фракциясының мүшесі Шүкіжанова депутаттық мандаттан неліктен бас тартты деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
– Екеуміздің жолымыз түйіспеген екен, сондықтан ештеңе айта алмаймын. Біз, әрине, жаңа партиялардың құрылғанын қолдаймыз, бірақ ол халықтың өз ішінен шыққан болса. Жаңа Қазақстанда екі жаңа партия тіркелді деп бөркімізді аспанға атып қуандық. Бұрын «Нұр Отан» (“Аманат”) арқылы әрекет еткен олигархтар әлі де бар. Олар “Нұр Отаннан” қауқар кетіп бара жатқанын жете түсінеді, сондықтан резерв жасап отыр.
«Республика» – болашақ «Нұр Отан», көресіз, біраз уақыттан кейін “Нұр Отан” (“Аманат”) ескіріп, оның орнын «Республика» партиясы басады. Халық не үшін күресті, Қаңтар оқиғасының алдында мен саясаттанушы ретінде сайлау процесін бақыладым, саяси технологияны түсінемін, бірақ бәрі сценарий, әділ сайлау болған жоқ, халықты ақымақ санауға болмайды, ұят, олар мұны саясат деп атайды. Партияға кірген кездегі естіп-көргендерім мен үшін жаңалық болды.
– Сізді не таң қалдырды?
– Саясаткер деген сөз екі оттың ортасында жүру дегенді білдіреді. Оның бірі - жағымсыз іс-әрекеттерге бару болса, екіншісі - төбеңнен үнемі төніп тұратын қауіп-қатер. Билік дәлізіне бір түскен адам осы екі оттың біреуіне міндетті түрде күйеді.
– Сіз партия мүшесі емессіз бе?
– Иә, мен 2022 жылдың сәуір айынан бері партиядамын, 2022 жылдың сәуіріне дейін болған оқиғаларға жауапты емеспін. Партия 2004 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жобасы ретінде құрылған…. халық мүддесін қорғаған жалғыз партия коммунистік партия болды, қалғандарының бәрі қуыршақ партиялар болды. Ендігі мәселе – Қаңтардан кейін халық бір күні ұйқысынан оянып, үміт жоқтығын, тағы да алданғанын түсінсе, болашағымыз күңгірт болады.
– Жаңаөзен оқиғасы қайталана ма?
– Жаңаөзеннің болашағы өте бұлыңғыр, 10-15 жылдан кейін ол жерде ештеңе қалмайды, мұнай таусылады, халықты асырайтын ештеңе жоқ, мемлекет қосымша өнім жасап жатқан жоқ. Кеңес заманында Мемлекеттік жоспарлау комитеті бір ғана Алматының өзінде 26 зауыт бар деп есептесе, қазір бірде-бір зауыт қалмады. Кішкентайлары бар - кірпіш зауыт, бордюр шығаратын зауыт. Техникалық қызмет көрсету станциялары көбейді. Бізде экономика қызмет көрсету саласына бет бұрған, бірақ ол индустриялық болуы керек. Шаштараздар, жеткізушілер, наубайханалар, нотариустар мен ломбардтар қарқынды дамып, зауыттардың орнында сауда орталықтары ашылды.
– Назарбаев Сингапур моделін енгізгісі келді ғой.
– Қазақстан жоғары технологиялары бар 10-15 елдің қатарында болды, әлемдегі мықты ядролық физика бізде орналасты, Курчатов орталығы, МАЭК, плутонийді байыту зауыты, Өскемендегі зауыт болды, жоғары технологиялар жоқ емес, көп болды, қазір мұның бәрі қайда? Кадрларды сақтау керек еді, Назарбаев ғылымды, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті қаржыландыруды тоқтатты. Келімбетов арнайы экономикалық кластерлерді ашқанда, жаңа зауыттардың лентасы қиылған, есіңізде ме, Ақтауда планшеттер шығарыла бастады, мұның барлығы көзбояушылық болып шықты.
– Мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік қаржыландырулар болды ғой...
– Олар ақшаны алып, жартысын қалтаға басты. Қарағанды қаласында болдым, теледидардан қаланың бір жерінде жаңадан зауыт ашылып жатқаны жайлы сюжет берілді. Мен әкімдікке барып, зауыт директорымен кездесу ұйымдастыруға көмектесуін сұрамаймын ба. Ал олар болса қарқ-қарқ күледі. Айтуларынша, бұл осы зауыттың осымен үшінші рет ашылуы екен. Назарбаев келгенде оны әртүрлі қақпалардан қарсы алады. Теледидардан керемет қылып көрсетеді, қонақтар кеткеннен кейін дәу қара құлып салынады қақпасына. Егер қолында билігі бар президентті осылай алдаса, онда қарапайым халықтан ығайын деп тұрған жоқ екен-ау деп таң қалып қойдым.
– Енді Ұлттық қордың табысынан балаларымыздың есепшотына ақша түсіп тұрады, бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз, қуандыңыз ба?
– Сіз бұған сенімдісіз бе? Бұл ақшаны қолыңызбен ұстап көрдіңіз бе? Жақсы, ЭЦҚ арқылы сайтқа кіріп, балаңыздың есепшотын тексердіңіз, 100 доллар жатқанын көрдіңіз дейік. Бірақ бұл ақша әзірге тек монитор экранында. Мен әрбір азаматтың, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін табиғи байлықтан өз үлесін алуын қолдаймын. Сіз де 18-де емессіз, мен де 18-де емеспін, біз табиғи байлықтан ештеңе алмаймыз. Біз де осы елдің азаматы ретінде жеріміздің байлығынан бірдеңе алуымыз керек! 18 жасқа толмаған балаларға ақша беру - бірінші қадам, осыдан кейін қалған азаматтарға да беретіндей жолдарын жасап қой. Яғни, бәріне беру. Біздің байлығымыздың жалпы құны кемі 15 триллион доллар, халық саны тым аз. Міне, осынша байлық 20 млн-ға енді жеткен халқыңа бұйырмай, шетелдіктерге кетіп жатыр, одан қалса, өз элитамыз талан-таражға салып бітіреді.