×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Бишімбаев неге алқа билердің қатысуымен ашық сотты сұрап отыр – депутат Абзал Құспанмен сұхбат

28.02.2024, 15:51
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі жөнінде Ulysmedia.kz порталының бірнеше сұрағына жауап берді.

– Абзал мырза, Қуандық Бишімбаев тарапы не себепті алқа билерді тартып, ашық сотты сұрап отыр деп ойлайсыз?

– Қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, бұл олардың құқығы. Тиісінше, қорғау тарапының өзінің айтары бар шығар. Бірақ жалпы қоғамда осы жағдай кеңінен талқыланып жатыр. Менен көп адам пікір сұрады. Екі жаққа да араласпадым. Неге десеңіз, қоғам тарапынан белгілі бір жағдайда бұл сотқа да қысым болып есептеледі. 

– Резонансты іс болғаннан кейін дейсіз ғой.

– Үлкен резонансты іс қой енді бұл. Өткенде адвокаттары сұхбат берді. Оны тыңдайтын уақытым да, мүмкіндігім де болған жоқ. Бірақ комментарийлерді көріп отырып, бір-екі жерде пікір айтқанмын. Мен іс сотқа кетер алдында жалпы адвокаттардың айтуға құқығы барын жаздым. Неге десеңіз, біз біржақты айыптау бағытында ғана ақпарат естіп келе жатырмыз. Алқа билер – қоғам өкілдері. Қорғау тарапы осындай мүмкіндікті пайдаланғалы жатыр деп естідім. Қалай қорғады, қандай деректерді пайдаланды – басқа мәселе.

Алқа билер институтын біз дамытуды ойлап отырмыз. Өйткені қоғам мүддесі үшін қаралатын істер ғой бұлар. Ашықтығы керісінше, қоғам үшін дұрыс шешім деп есептеймін.

– Кейбір адамдар алқа билердің өзі де мінсіз болмайтынын, алқа билер осы іске жеткен жағдайда жемқорлық фактілері орын алуы мүмкін деген сөзді айтады.

– Олай қарай беретін болсақ, ел болудан қаламыз. Алқа билерді арнайы іріктейтін процедура бар. Екіншіден, менің өзімнің жетекшілігіммен қазір үш кодекске бір заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде қарастырып жатырмыз. Осы заң жобасында біз алқа билер институтын жетілдіру мақсатында өзгерістер енгіздік. Николай Аксютин деген әріптесіміз бар. Сол кісінің, адвокаттардың пікірі ескеріледі. Бұл институт бүкіл әлемде өзін-өзі ақтаған институт. Себебі іске бірінші кезекте қоғам өкілдері баға береді.

– Алқа билердің қатысуымен өтетін соттың алқа билерсіз өтетін соттан айырмашылығы қандай?

– Алқа билердің қатысуымен өткен сот әлдеқайда объективті болады деп есептеледі. Кезінде енгізілген. Бір іске ғана байланысты бүкіл жүйеге баға беруге болмайды ғой. Сіз айтып отырған іс бойынша бөлек заң жобасын шығара алмайсың. Сондықтан, бұл жерде жалпыға ортақ ереже болуы керек. Алқа билер институты кезінде енгізілген кезде бастапқыда ақтау істері көп болды. Кейін мемлекетке, Ескі Қазақстан кезінде ұнамай қалды. Содан істердің қаралу шеңберін тарылтып тастады. Алқа билердің қатысуымен болатын істер әлдеқайда азайды. Енді оны қайтадан ұлғайтып, көбейтіп жатырмыз. Жаңа айтқандай, заң жобамыз бойынша бұған тағы қосымша мүмкіндіктерді беру мәселесі қаралады.

– Бишімбаев сот үкімімен кінәлі деп танылған жағдайда оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?

– Ол туралы қазір айтуға болмайды. Ол тек соттың, сотқа қатысушы алқа билердің ғана қабылдайтын шешімі. Егер алқа билер қатысатын болса! Сондықтан, алдын ала айтуға болмайды. Қалай болса да, әділетті сот актісі шығатынына мен сенімдімін. Өйткені қоғамдық резонанстың да ықпалы сол – ерекше бақылауға алынған істерде әдетте, әділетті түрде үкім шығып жатады. Оның мысалы көп.

– Қазір Бишімбаевты қолдап жазатындар да пайда бола бастады. Бұл үкімге әсер етуі мүмкін бе?

– Менің ойымша, жоқ. Үкім әділетті шығады деп ойлаймын. Өйткені бұл тек қоғамның бақылауында. Соттар да мұны көріп отыр. Алқа билер де қарайды. Өз басым Бишімбаевқа қатысты әділетті сот актісі шығатынына толық сенімдімін. 

– Сіз Бишімбаевтың бұған дейінгі (2018 жылдың наурызында 10 жылға сотталған кезде) сотында сотталушылардың қорғаушысы болдыңыз. Ол кезде 10 жылға сотталғанымен, ертерек шығып кетті. Сот үкімі бойынша кейбір адамның соңына дейін жазасын өтемей, түрмеден ертерек шығып кетуінің себебі неде?

– Бишімбаевтың ерте шығып кетуіне соттың немесе басқа да құқық қорғау органдарының қатысы жоқ. Сол кездегі Ескі Қазақстан жүйесінде президент жанында ақтау жөніндегі комиссия болды. Қазір де ол комиссия бар. Бірақ ондай деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір жылдан кейін сол арқылы шығып кеткені сол. 
Сотта істер жан-жақты қаралады, прокурор, адвокат сөйлейді. Басқа да іс-материалдар зерттеліп, зерделеніп барып, үкім шығарылады ғой. Ал мынадай комиссия кім, қалай қарап жатқаны жөнінде ашықтық жоқ. Былайша айтқанда, кім бұрынғы президент – елбасыға жақын болды, сол адамдардың ерте шығатын мүмкіндігі болды. Қарапайым ғана айтайын, кім Назарбаевтан кешірім сұрайды – сол шығады. Кім кешірім сұрамайды – сол шықпайды. Әлі күнге дейін кезінде істі болып, Бишімбаев сияқты үлкен мерзімге сотталып, шықпаған адамдар бар. ЭКСПО бойынша істерді білеміз, өйткені ол адамдар кешірім сұраған жоқ. Солардың бәрі кешірім сұраса, олар да Бишімбаев сияқты бір-екі жылдан кейін шығып кетер ме еді. Ермегияевті айтып отырмын. Негізі адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін сот анықтауы керек. Жазаны тек сот кесуі керек. Оның орындалуы да сотпен бақылануы керек.

– Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Бишімбаевтың ісі

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған. Көз жұмған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.

Қылмыстық іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды. Кейін экс-министр Бишімбаевтың үстінен «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғаны хабарланды. Ал таяуда Қуандық Бишімбаевты қорғау тарапы сот процесін ашық режимде әрі алқабилердің қатысуымен жүргізуді талап ететіні белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары