×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанға АЭС-ті төрт мемлекет қанша сомаға әрі қандай мерзімде салуға уәде беріп отыр

06.03.2024, 16:00
Қазақстанға АЭС-ті төрт мемлекет қанша сомаға әрі қандай мерзімде салуға уәде беріп отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, жуық арада түсе де қоймайтыны анық. Әуелі АЭС құрылысы жайлы сөз болғанда жұртшылықтан қолдаудан гөрі қарсылық көп болған. Үлкен ауылындағы бір тыңдаудан кейін билік те референдум өткізбей, шешім қабылдау қиын екенін түсінсе керек. Тоқаев "референдум өтеді" дегелі алты ай өтіп кетті. Оның өтер күні әлі белгіленген жоқ.

Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстан атом электр станциялары компаниясының басшысы Тимур Жантикинді сөзге тартып көрген. Біз одан қай мемлекет қанша сомаға әрі қандай мерзімде атом электр станциясын салуға уәде беріп отырғанын білгіміз келді. 

– Вендор-компаниялардың технологиясын зерттеп жатырсыздар ма? Қандай мемлекеттер қандай сомаға АЭС салып беруге уәде берді?

– Алдын ала есеп бар. Толыққанды есептеп шығару әлі ерте. Біз әзірге еш тарапқа ешқандай міндеттеме жүктемейтін ұсыныстарды жинадық. Төрт вендордың АЭС салу үшін сұрап отырғаны сомасы шамамен 6-12 млрд АҚШ доллары арасы. Атом электр станциясын салуға осынша қаражат жұмсалады. 

– Шамамен, қай компаниялар қандай сомаға салып бере алатынын айта аласыз ба?

– Өкінішке қарай, бұл коммерциялық құпия. Құпия былай тұрсын, бұл өте сезімтал ақпарат. Олар өз арасында нарықта бәсекелес екенін ұмытпайық.

– Барлық елдің технологиясын зерттеп шықтыңыздар ма?

– Әрине, барып, аралап жүрміз. Таяуда ғана біздің жігіттер Оңтүстік Кореядан келді. Біз АЭС құрылысының егжей-тегжейін біліп алсақ дейміз. Олардың бәрі де «құрылысқа дайынбыз» деп отыр. Алайда геосаяси мәселелер бар. Мәселен, Ресейден жап-жақсы ұсыныс бар. Бірақ мәселе тағы бұған келгенде геосаясатқа тіреліп тұр.

– Ал мерзім бойынша қай ел АЭС-ті тезірек сала аламыз дейді?

– Мерзім бойынша ақпарат та... жарайды, Қытай. Оларда себебі өнеркәсіп дамып кеткен. Қытайда ол бағытта үлкен бағдарлама да бар. Ол жерде тек реакторлар ғана емес, электр құрылғысын да, станциялар бекіткішін де салу керек. Қытай тарапының бізге ұсынып отырған флагман реакторлары – Hualong One. Осы реактордың екеуін олар қазір Пәкістанда іске қосып қойған. Өз елдерінде тағы біреуін іске қосқалы отыр. Барып, көріп, көз жеткіздік – олар сала алмай қалатындай әлсіз емес. 
Басқа реакторлар да бар. Мәселен, франко-германдық EPR 1200 реакторлары. Ол Еуропадағы жүйеге бейім технология. Ол реактордың қауіпсіздік деңгейі өте жоғары – тиісінше, қауіпсіздігі мығым болған сайын, бағасы да арзан болмайды. 

– Қымбат екенін тұспалдап тұрсыз ғой?

– Иә, аздап қымбаттау. Алайда сол бағасына сай. Жоғарыда аталған екі реактордың отын өндірісі бар. Француз технологиясы бойынша біз аздаған өзгеріспен ғана отынды осы реакторларға өзіміз әзірлей алар едік. Яғни, EPR 1200 бен Hualong One реакторларын біз өз отынымызбен қамти аламыз. Ал мұның маңызы өте жоғары.

– Ал Оңтүстік Корея технологиясының артықшылығы неде?

– Оңтүстік Кореядағы KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясының өкілдерімен сөйлессек, олар бізге технологиясын тапсыруға дайын отыр. Бірақ мұның да қосымша шығыны бар. Яғни, біз кореялықтардың реакторларына қажетті отынды әзірлеу үшін жеке желі немесе зауыт салуға міндетті боламыз. Бірақ олардың ең басты артықшылығы – олар бізге технологиясын беруге дайын отыр. 

– АЭС қалдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде олар өзіне қандай да бір жауапкершілік алып отыр ма?

– Қалай келісетінімізге байланысты. Радиоактивті қалдықтар шын мәнінде көп те емес. Жылына шамамен тек 50 текше метр жиналады. Біздегі Ұлттық ядролық орталық олардан қауіп келмейтіндей шаруаны атқара алады. Оларды компактілеп, қоймалау ісін біледі. Ол бағытта туындамауы керек.
Сұрақтар іске жараған ядролық отын жайлы қойылып жатыр. Реактордан кейінгі қалдық белсенділігі жоғары. Сол отынмен ары қарай қалай жұмыс істейтінімізді айқындап алуымыз керек. АҚШ мәселен, реактордан шыққан қалдықты сақтап, оның қызуы басылғаннан кейін жерге көміп тастайды. Ал Еуропа елдері, Ұлыбритания, Франция, Ресей бұл отынды қайта өңдейді. Өйткені қалдық құрамында әлі де жанбай қалған уран қалады да, плутоний болып шығады. Егер ол қалдықтан плутонийді алып шыға алатын болсақ, соның негізінде жаңа отын жасап шығаруға болады. Бокс-отын дегеніміз сол.

– Оны тағы қалай пайдаға жаратады? 

– Уран жанса, плутоний қалыптасады. Ол да өртенеді. Бұл қолдан жасалған отын. Табиғатта кездестірмейсіз. Плутоний қолдана алсақ, ол ядролық отынның тиімділігі циклін шамамен 300 есе арттырады. Мұндай жобалар қазір Ресейдің Северский қаласында іске асырылып жатыр. Ол жақта төртінші буынның реакторларының құрылысы жайлы сөз қозғалды. Төртінші буын тек реакторларды ғана емес, отынмен жұмыс істеу кешенін де қамтиды. Бірақ біз нақты қай бағытта таңдаймыз – бәрі соған байланысты. 
Мәселен, қазір іске жарап болған бізде В-350 отыны біздің полигонда тұр. Оны әлі ешкімге берген жоқпыз. Себебі онда құнды материал көп. Ол орнында тұр.

– Сіздердің компанияларыңыз тек зерттеумен айналыса ма? АЭС-ке елде қарсылық әлі де көп екенін байқап отырған боларсыз? Үлкен ауылында болғанда көзіміз көрді.

– Біз енді пиар-компания емеспіз ғой. Десе де, халықпен жұмыс істеуге бізді де тартып жатыр. Бір қызығы, үлкендіктердің өзі АЭС-ке қарсы емес. Себебі бұл энергетиктер ауылы ғой. Қалыпты деңгейде қабылдайды. Ол жерде Алматыдан келген адамдар болды. Олармен әлбетте, сөйлесу қиын. Бірақ, меніңше, сөйлесу керек. Өйткені экофорум секілді алаңдар бар. Ол жерде адамша сөйлесе алармыз.