×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Бар ойым тапаншада». Қаруланған адамды тоқтатқан жасөспірім оқиға қалай болғанын айтып берді

10.10.2024, 16:22
«Бар ойым тапаншада». Қаруланған адамды тоқтатқан жасөспірім оқиға қалай болғанын айтып берді
Коллаж Ulysmedia.kz

Қару кезенген ер адамға тарпа бас салып, оны тоқтата білген жасөспірімнің видеосына желідегі жұрт сүйсініп, ризашылық білдіріп жатыр. Аяқасты болған жағдайда жедел де батыл шешім қабылдай білген жігіт Ulysmedia.kz тілшісіне оқиға қалай болғанын айтып берді.

МӘН-ЖАЙЫ

Шымкент қаласындағы Рысқұлов көшесінде орналасқан ломбардтардың біріне жүзін медициналық маскамен тұмшалаған адам кіріп, тапанша кезеніп, касса қызметкерінен ақша талап етеді. Сол сәтте касса алдында тұрған жігіт едел-жедел қимылдап шабуылдаушының өзіне бас салып, полицейлер келгенге дейін оны тырп еткізбей ұстап тұрған. 

ЕРЖҮРЕК ЖІГІТ КІМ

Батыл әрі қауіпті қадамға барып, қылмыстың алдын алған жігіт Ұлықбек Ахмедов есімді 18 жастағы студент болып шықты. Оқиға болған 6 қазан жексенбі күні досы екеуі телефонын ломбардқа өткізуге барған. Телефонын кассир қызға беріп тұрғанында жанына бетін тұмшалап, капюшон киген әлдекім келгенін байқайды. Ол кассадан әлденені сұрап, айналшықтап жүреді. Бірақ ешкім-ештеңеден сезіктенбейді.

«Бір кезде ана адам тапаншасын шығарып, «бұл ограбление, кассадан 100 мың шығар» дейді ғой. Басында ойнап тұр екен деп ойладым. Қарасам, серьезно кетіп бара жатыр. Сондағы бар ойым, тапаншасы шын болып шықпаса екен деп тұрдым. 18 жасында кім өмір көрместен өліп қалғысы келеді дейсің».

Әп-сәтте осының бәрін ойынан өткізіп алған Ұлықбек шабуылдаушыға бас салады. Артынша досы екеулеп тапаншасын алып қойып, полиция келгенге дейін бұзақыны жібермей ұстап тұрады.

АЛҒЫС ХАТ ПЕН IPHONE

Полиция келген соң бәрі бөлімшеге барып, түсіндірме жазады. Айтуынша, ломбардқа шабуылдаған жігіт шамамен өзі қатарлы екен. Енді ол 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бөлімшеде Ұлықбекке полиция қызметкерлері алғыс хат тапсырып, батылдығын атап өткен. Ал ломбард иесі ризашылығын білдіріп, Iphone 15 сыйлаған.

Ұлықбек мектеп қабырғасында 4 жыл бокспен айналысыпты. Айтуынша, бұзақыны басынан аяғына дейін көзбен сүзіп шығып, ұрып құлата алатынына сенімді болғаннан кейін ғана соққы жұмсаған.

Әрекетін батырлық деп санамайды. Видео тарап кетеді деп те ойламаған. «Болған жайтты көпшілік видеоны көріп біліп жатыр, өзім ешкімге жар салып айтпадым» дейді. Оқиғадан бері 4 күн өтсе де өзі оқитын оқу орнындағы ұстаздары бұл жайтты естімепті.

ЛОМБАРДҚА НЕГЕ БАРҒАН

Ұлықбек үйдегі 5 баланың төртіншісі. Айтуынша, ешкімге алақан жаймайды, отбасына салмақ салғанды ұнатпайды. Мектеп кезінен даяшы, жүк тасушы, курьер, Шымкенттегі алып мешіт құрылысында барып кел, шауып кел жұмыстарда істеген. Грантқа іліне алмай, қаладағы оқу орындарының біріне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына ақылы бөлімге түскен. Сабағынан бос уақытта жұмыс істеп, жүріс-тұрысына, оқуына ақша табады. Қазір де сабақтан кейін көлік жуатын орында істеп жүргенін жеткізді.

«Азанда сабаққа барам, одан шыққаннан кейін «мойкада» жұмыс істеймін. Күнделікті 6000-7000 табам. Жүріс-тұрысыма, оқуымының бірдеңелеріне кетеді» деген ол оқиға болған күні телефонын ломбардқа оқуының ақшасын төлеу үшін өткізуге барғанын айтты.

«РЕТІ КЕЛСЕ, ОРГАНДА ІСТЕР ЕДІМ»

Тарап кеткен видеоның астындағы пікірлердегі көптің ықыласын оқыған Ұлықбектің бала көңілі жадырап, жігерлене түскені байқалады. «Осындай жігіттер отан қорғап, қылмыскерлерді ұстауы керек қой» деген пікірлер ой салып,  болашақ дене шынықтыру мұғалімі кейін реті келіп жатса, құқық қорғау органында қуана істер едім дейді.