×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

90-жылдардың салдары бүгінге дейін жойылған жоқ – «Әбіл» фильмінің режиссері

Бүгін, 12:18
90-жылдардың салдары бүгінге дейін жойылған жоқ – «Әбіл» фильмінің режиссері
Ulysmedia

«Әбіл» фильмі арқылы қазақ қоғамының 90-жылдардағы бет-бейнесін көрсеткен режиссер Елзат Ескендір Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында неге дәл сол кезеңді экранға шығарғанын, халықаралық көрерменнің фильмді қалай қабылдағанын және авторлық киноға деген ұстанымын айтып берді.

– Елзат, «Әбіл» фильмі 90-жылдардағы өмірді арқау етеді. Неліктен дәл осы кезеңнің оқиғасын кино тілімен жеткізуді маңызды деп есептедіңіз?

– Мені әрқашан үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі қарапайым адамдардың тағдыры толғандырады. Олардың сол кездегі жай-күйі, болып жатқан оқиғаларға деген ұстанымы, көзқарасы, саяси пікірі, әлеуметтік жағдайы қызықтырады. Өйткені адам өз мемлекеті ұстанған саясаттан тыс өмір сүре алмайды. Осындай ойлар мені «Әбіл» фильмін түсіруге алып келді.

Неге дәл 1993 жыл десеңіз, бұл кезеңді өз көзіммен көрген адаммын. Иә, ол кезде бала болдым. Алайда сол жылдардағы оқиғалар мен өзгерістер көз алдымда өтіп, санама мықтап сіңіп қалды. Ең бастысы, сол кезеңдегі әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени өзгерістердің салдары әлі күнге дейін жойылған жоқ. Бұл біздің тұрмыс-тіршілігімізде әлі жалғасын тауып келеді.

Тарихтағы кез келген оқиға қоғамда міндетті түрде өз ізін қалдырады. Оның салдары жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Сол кезеңде қабылданған шешімдердің ықпалы қоғамда ұзақ уақыт бойы сақталып, адамдардың тағдырына әсер етеді. Сол жылдары барынан айырылып, тақырға отырған адамдар да болды, аяқ астынан байып шыға келгендер де болды. Байлық пен кедейлік кейін олардың балалары мен немерелерінің өміріне әсер етті. Ал сол кездегі балалардың тағдыры сол дәуірдің жағдайына қарай қалыптасты. Бүгінде олардың көбі – менің құрдастарым.

– Көпшілік сізді «Әбіл» фильмі арқылы таныды. Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қай өңірдің тумасысыз? Режиссураға қалай келдіңіз, авторлық киноға бет бұруыңызға не әсер етті?

Алматы облысы Шонжы өңірінде, Қарадалада, қазіргі ресми атауы бойынша Ұйғыр ауданында туып-өстім. Мектепті де сол жақта, Баянқазақ ауылында бітірдім. Отбасым бар. Жарыммен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

Режиссураға келуіме бүгінде әлемдік киноның ірі тұлғасына айналған ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Оралу» фильмі әсер етті. Негізі Алматыға жазушы боламын деген арманмен келгенмін. Сол мақсатпен оқуға түсіп, ҚазҰУ-дың филология факультетінде білім алып жүрдім.

2007 жылдың көктемінде, сәуір айының басында «Оралу» фильмін көрдім. Сол туынды киноға деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Оған дейін біз теледидардан негізінен Голливудтың коммерциялық экшн фильмдерін, үнді мелодрамаларын, Гонконгтың боевиктерін көріп өстік. Сондықтан киноны көбіне ойын-сауыққа арналған өнер деп қабылдайтынмын. Тіпті оған өмірімді арнау туралы ойлаған да емеспін.

Ал «Оралу» фильмін көргеннен кейін санамда нағыз төңкеріс болды. Кино өнерінің адам жанына соншалық терең бойлап, өмірдің ең күрделі сұрақтарын қозғай алатынын түсіндім. Сол сәттен бастап режиссер боламын деп, түбегейлі шешім қабылдадым. Ол кезде ҚазҰУ-дың филология факультетінің екінші курс студенті едім. Содан бері өз бетімше әлемдік киноның жауһарларымен танысып, киноны терең зерттей бастадым.

– «Әбіл» Еуропадағы бірнеше кинофестивальде жоғары бағаланды. Қазақстанға ғана тән бұл оқиға шетелдік көрерменді несімен баурап алды деп ойлайсыз?

– Қарапайым адам мен билік, азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас – қай елге де түсінікті, әмбебап тақырып. Шетелдік көрерменнің фильмді жылы қабылдауының бір сыры осында шығар деп ойлаймын.

Жалпы, мен бұл фильмді өте ұлттық етіп түсіріппін. Мұны шетелдік аудиториямен кездесулер кезінде байқадым. Бір емес, бірнеше адам «Бұл – ұлттық дүние. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін білмесеңіз, фильмдегі кейбір астарларды байқамай қалуыңыз мүмкін» деді. Алайда, соған қарамастан, қарапайым адам мен билік арасындағы қарым-қатынас, тарих назарынан тыс қалған адамдардың тағдыры көрерменді бәрібір бей-жай қалдырмайтынын айтты.

Осындай пікірлерді француздың Cahiers du Cinéma, Télérama, Ұлыбританияның Screen Daily басылымдары да жазды. Халықаралық фестиваль ұйымдастырушылары да, кинотеатрларда фильмді тамашалаған көрермендер де осыған ұқсас пікірлерін білдірді.

Ал өз басым фильмді халықаралық аудиторияны ойлап немесе соған ыңғайлап түсірген жоқпын. Не көрдім, нені сезіндім, нені ойладым – соны ғана экранға шығардым. Егер фильмді шетелдік көрерменнің талғамына бейімдеп түсірсем, «Әбіл» әлдеқайда көп халықаралық фестивальге шақырылып, бұдан да көп жүлде алуы мүмкін еді.

– Болашақта коммерциялық фильм түсіру жоспарыңызда бар ма?

– «Коммерциялық фильм» деген ұғымды тек белгілі бір жанрмен немесе қалыптасқан үлгімен байланыстыруға болмайды. Авторлық фильм арқылы да коммерциялық табысқа жетуге болады деп есептеймін. Тіпті бұл – менің мақсаттарымның бірі.

Өйткені Еуропада авторлық фильмдердің өзі коммерциялық табыс тауып жатады ғой. Қазір бұл үрдіс Қытайда да байқалып келеді. Мысалы, былтыр Канн кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында көрсетілген қытайлық режиссер Би Ганның «Воскрешение» фильмі халықаралық прокатта да, өз еліндегі прокатта да жақсы табысқа жетті.

Сол сияқты өзім жоғарыда атап өткен ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің, ирандық Асғар Фархадидің, румыниялық Кристиан Мунджудың фильмдері де халықаралық прокаттан жақсы табыс табады.

Авторлық киноның тағы бір үлкен артықшылығы – оның өміршеңдігінде. Мұндай фильмдер бір кезеңмен шектеліп қалмайды, жылдар өткен сайын да сұранысқа ие болып, көрсетіліп, сатылып жатады. Мұндай мысалдар өте көп, мен соның бірнешеуін ғана айтып отырмын.

Ең бастысы, мәдени институттары қалыптасқан елдерде мазмұнды, ойлы, салмақты өнер әрдайым өз көрерменін табады және қаржылық тұрғыдан да табыс әкеле алады. Өйткені ондай қоғамда мәдени талғам қалыптасқан. Ал мәдени қабаты қалыптасқан халық сапалы көрермен де, саналы оқырман да бола алады

– Елзат Ескендірдің ұсынысымен көруге тұратын үш фильмді атар болсаңыз?

– Ең әуелі италиялық режиссер Микеланджело Антонионидің «Затмение» фильмін атар едім. Жалпы, оның «Приключение», «Ночь», «Затмение» және «Blow-Up» фильмдерін бір-бірінен бөліп қарау қиын. Екіншісі – румыниялық режиссер Кристиан Мунджудың «4 месяца, 3 недели, 2 дня» фильмі. Үшіншісі – ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Изгнание» фильмі.

– Шығармашылығыңызға ең көп әсер еткен, үлгі тұтатын режиссерлер кімдер?

– Жоғарыда айтқанымдай, мені киноға алып келген – ресейлік режиссер Андрей Звягинцев. Сондықтан оған деген ықыласым ерекше. Мен оның шығармашылық болмысын, жандүниесін түсінетін сияқтымын. Ол өте нәзік, сезімі терең режиссер. Кино өнерінің мүмкіндігін, оның адам жанына қалай әсер ететінін маған алғаш ұқтырған адам – Андрей Звягинцев. Сол үшін оны аса жоғары бағалаймын.

Ал ең бірінші орынға Микеланджело Антониониді қояр едім. Антониони – уақыттың тынысын дәл сезінген режиссер. Тіпті «сезінді» деу аздық етеді, ол уақыттың өңін көре алған автор. Бүгінде мүйізі қарағайдай автордың көбі ең әуелі Антонионидің есімін атайды. Өйткені ол – әлемдік киноны басқа арнаға бұра алған адам.

Егер менен «Бүкіл дүние өртеніп бара жатыр, тек бір дүниені сақтап қалуға мүмкіндік бар» десе, мен ең әуелі Антонионидің фильмдерін бауырыма басар едім.

– «Әбілге» қатысты бас кейіпкер Ерлан Төлеутай айтып жүргендей қысым сізге қалай әсер етті? Қазақстанда кино түсіруден айнып қалған жоқсыз ба?

– Өзімнің қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымды жақсы білемін. Мысалы, адам ыстық өңірге барса, соған сай киінеді, суық жерге барса, жылырақ киімін дайындайды ғой. Сол сияқты менің де ішкі күйім өз қоғамыма бейімделген. Сондықтан депрессияға берілмеймін. Қандай жағдайда да тек алға жылжуға тырысамын.

Мемлекеттік мәдениет саласын бүгінде қандай адамдар басқарып отырғанын да білемін. Алайда билікте мәдени санасы жоғары азаматтар жоқ деп ойламаймын. Бір күні солар мәдениет саласына басқарса екен деген үмітім бар. Сол үмітім ақталмай жатса да, жұмыс істей беремін.

Кино түсіруден ешқашан айныған емеспін және айнымаймын да. Мен үшін «киносыз – өмір бос». Бейнелеп айтсам, мені үйқамаққа қамаған күннің өзінде кино түсірудің жолын табар едім.

Өйткені менен бұрын өткен әлемдік кино қайраткерлерінің қандай қиын-қыстау кезеңнен өткенін, қандай қысым көргенін жақсы білемін. Солар маған күш-қайрат береді. Сондықтан италиялықтардың сөзімен айтсам, «Viva cinema!»

– Сұхбатыңызға рақмет!