Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовқа қойды.
8,4 млн адам қарыз
– Көршілес Ресейде микроқаржы ұйымдарын мүлде жабу жөнінде сол елдің депутаттары бастама көтерген. Басты аргументтері – бұл ұйымдардан азаматтардың тым көп қарыз алуы. Ол елде, мәселен, 17 млн адам қарыз алған, жаба алмай жатыр. Ал бізде банк пен осы ұйымдарға 8,4 млн адам қарыз. Айырмашылықты алып қарасаңыз, біздегі жағдай тіптен қиын. Бізде де микроқаржы ұйымдарын жабу мәселесі қаралуы мүмкін бе? – деп сұралды Олжас Қизатовтан.
Жауап
Қизатов МҚҰ жабылады деген жоқ. Қаржы нарығын реттеуші ретінде маңызды мақсат – қаржы нарығын дамыту деп есептейді. Сөзінше, жалпы микроқаржы ұйымдарын, ломбартдарты , коллекторлық агенттіктерді қоссақ, 1,5 мың ұйым бар.
– Олар бүкіл Қазақстан өңірлерінде бар. Біз оларды не үшін дамытуымыз керек? Бізде 21 банк бар. Олар көбіне үлкен қалаларда орналасқан. Алыс аудан-ауылдарда микроқаржы ұйымдары дамуы керек. Сонда тұратын тұрғындарға МҚҰ ресурстарын қолжетімді ету – маңызды жұмысымыздың бірі. Екіншіден, МҚҰ-лардың қаржылық тұрақтылығын күшейту керек. 1,5 мың микроаржы ұйымынан көбеймейді. Бәрінің қаржылық жағдайын күшейтуіміз керек. Капиталдарын көбейтіп, қаржылық жағдайын күшейтеміз, – дейді ол.
Қизатовтың айтуынша, өткен аптада Парламент осыған қатысты заң жобасын бекітіп, сол құжат президенттің қол қоюына кеткен.
– Қазір банктер, онлайн кредиттік ұйым сыйақы мөлшерлемемен береді. Ал онлайн-кредиторлар өздерінің кредиттерін 50 АЕК-тен көп емес, 45 күнге дейін береді. Олар кредитті номиналды сыйақы арқылы береді. Номиналды сыйақылары көптеу. Сондықтан, заңға сәйкес, қазір барлық кредиторлар – банк болсын, МҚҰ немесе онлайн-кредитор болсын жылдық тиімді сыйақы арқылы береді, – дейді ол.
Микроқаржы ұйымдары жайлы
МҚҰ субъектілері Қазақстанның барлық облысында бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша МҚҰ-ның бизнеске микрокредиттері 433 млрд теңгені немесе МҚҰ жиынтық портфелінің 35,2%-ын құраған. МҚҰ тарапынан бизнеске микрокредит берудің негізгі көлемі Түркістан облысына (17,0%), Шымкент қаласына (16,8%), Алматы облысына (11,1%) және Жамбыл облысына (10,4%) тиесілі. Бұл өңірлерде 204 млрд теңге көлемінде сауда және қызмет көрсету саласын қаржыландыру басым болып отыр, бұл осы өңірлерде халықтың көп шоғырлануына байланысты.