×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«ҚМГ еншілес компаниясына 40 млрд теңге залал келген»: Іске аудиторлар кірісті

25.01.2023, 10:49
«ҚМГ еншілес компаниясына 40 млрд теңге залал келген»: Іске аудиторлар кірісті
Фото: Ашық дереккөзден

ҚазМұнайГаздың еншілес «ҚазМұнайГаз-Сервис Compass» компаниясының бұрынғы қызметкерлері экс-басшылары кәсіпорынға 40 млрд теңге залал келтіргенін айтып, депутаттарға шағымданған болатын. Таяуда осы іске Қаржы мониторингі агенттігі кірісті. Егер бұрынғы қызметкерлердің шағымы расталса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұрынғы қызметкерлердің шағымы

Бұған дейін Парламент депутаттарына ҚазМұнайГаздың еншілес «ҚазМұнайГаз-Сервис Compass» компаниясының бұрынғы қызметкерлері шағым білдірген. Аталған компанияның 40% үлесі ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы – ҚазМұнайГаз-Сервиске, ал 60%-ы Compass Group International B.V. компаниясына тиесілі болған. 2017 жылы ҚМГ Сервис компаниясының үлесі 2 млрд теңге сатылады. Алайда үлесті сатқан кезде ҚазМұнайГаз-Сервис Compass компаниясының ТШО-мен кен орындарындағы қызметтер бойынша ұзақ мерзімді үш келісімшарты есепке алынбаған. Компанияның бұрынғы қызметкерлері ұлттық компанияның үлесін жекешелендіру кезінде кәсіпорын басшылары әдейі бағаны төмендеткенін ашық айтады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Есеп комитеті де мемлекет активтерінің төмен бағамен сатылып кетіп жатқанын жиі айтып жүрді. Бұл күнде тарап кеткен экс-депутаттар ҚазМұнайГаз-Сервис Compass компаниясы дәл сол санатқа жатады деп есептейді.

«Қазақстанның Еңбек кодексін бұза отырып, 2014 жылы ол компанияға бас директор болып шетел азаматы тағайындалған. Ол басшы ҚМГ-ға хабар бермей, өз лауазымын асыра пайдаланып, шетелдік ESS Support services компаниясымен 700 млн долларға субмердігерлік бойынша келісім жасайды. Компанияның бұрынғы қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бұл бірлескен бизнестен пайда табу үшін жасалған. Артынша, ESS Support services компаниясы ҚазМҰнайГаз-Сервис Compass-тың 40% үлесін төмен бағамен сатып алған. Осынау шетел басшыларының алаяқ әрекеттерінің салдарынан ҚазМұнайГаз-Сервис Compass компаниясының шығыны бұрынғы қызметкерлердің бағалауынша 30-40 млрд теңгеге жеткен», - дейді депутаттар.

Осыған байланысты Ақ жол депутаттары ҚазМұнайГаз-Сервис Compass-тың 40%-ның жекешелендірілуінің негізділігін тексеруді сұраған. Іске осы кезде Қаржы мониторингі агенттігі кіріскен.

Алдымен аудит, кейін тергеу ме?

Депутаттардың бұл сауалына жауап берген Қаржы мониторингі агенттігі мәселе Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберілгенін хабарлаған.

Агенттіктің хабарлауынша, сату кезінде «ҚазМұнайГаз-Сервис-Сompass» компаниясының иелері – «ҚазМұнайГаз–Сервис» (қатысу үлесінің 40%) және Compass Group International B.V. (қатысу үлесінің 60%) болған. Компания тамақтандыру және көлік қызметін көрсеткен.

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы 2017 жылы «Делойт ТСФ» деген компанияға «ҚазМұнайГаз-Сервис-Сompass» ЖШС жарғылық капиталындағы 40%  үлесін нарық құнына сай бағалау жүргізуді тапсырған. Теңізшевроилмен жасалған келісімшарттарды ескере отырып, компания оның құнын 1,2 млрд теңгеге бағалайды. Алайда ҚазМұнайГаз өзінің басым құқығын пайдаланып, ҚазМұнайГаз-Сервиске 40% үлесті бағалау құнынан 60%-ға жоғары – 2 млрд теңгеге сатуды ұсынады. Осылайша, 2017 жылдың 28 қыркүйегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Директорлар кеңесі тікелей адрестік сату туралы шешім қабылдап, сол жылдың 5 қазанында аталған шешімді Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдаған. 11 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқармасының шешімі негізінде Compass Group International B.V. компаниясымен тиісті сатып алу-сату шарты жасалған.

«ҚазМұнайГаз активтерін 2007 жылдан бастап сату жөніндегі барлық құжаттың көшірмелерін Бас прокуратура 2022 жылғы шілдеде жүргізіліп жатқан тексеру шеңберінде алған. Ал заңсыз кіріс туралы мәліметтері жоқ арыз, хабар немесе баянат сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркелмейді. Осыған байланысты, Астана қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ және Астана қаласы бойынша Ішкі аудит департаментіне «ҚазМұнайГаз-Сервис-Сompass» ЖШС жарғылық капиталына қатысу үлесінің 40% сату заңдылығына және сату құнының негізділігіне қатысты аудит жүргізу үшін хат жолдады. Агенттікке қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректерді қамтитын, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ» АҚ аудитінің қорытындысын жіберген кезде СДТБТ-ға тексеру материалдарын дереу тіркеуге шаралар қабылданатын болады», - дейді жауабында агенттік төрағасы Жанат Элиманов.