Осы аптада Ресейге үш күндік сапармен барған Қытай көшбасшы Си Цзиньпин Владимир Путинмен 10 сағаттан астам келіссөз жүргізді. Қоштасу кезінде ҚХР төрағасы Ресей басшысына жүз жыл бойы әлемде болмаған өзгерістерді екеуі бірлесіп жасап жатқанын айтты. Белгілі қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов бұл қандай өзгерістер және одан кейін не болатыны жөнінде ой қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Ең алдымен, бұл монополярлы әлемнен көпполярлы әлемге ауысу. Бұл құрғақ дипломатиялық тұжырымдама, ол АҚШ бастамасымен жаһандық әлемдік тәртіпті өзгертіп, өз аймағында көшбасшы мәртебесін талап ететін жаңа орталықтардың пайда болуын ынталандыруды көздейді. Бұл өзгеріс сөзсіз барлық әскери емес тәсілдермен қарсыласуды білдіреді, сонымен қатар егер әскери емес тәсілдер сәтсіз болса, соғыс басталатынын меңзейді. Шындығында, соңғы бірнеше жылда әскери емес әдістер болды және олар сәтсіздікке ұшырады, демек, үлкен соғыстың ықтималдығы жоғары", - деп жазды экономист.
Оның сөзінше, диван сарапшылары секілді Қытайдың экономикасы жөнінен де, армиясы жөнінен де АҚШ-пен иық тіресе алмайтынын алға тартуға болады. Алайда, Қытайдың нақты ЖІӨ АҚШ-тікіне қарағанда 30%-ға көп, ал әскери әлеуеті барлық көрсеткіштер бойынша жоғары.
"Дүниежүзілік соғыс ешкімге тиімді емес, бірақ ақылға салып, "бейбітшілікті қаласаң - соғысқа дайындал" деген тәмсілді ұстанған дұрыс. АҚШ пен Қытай арасындағы қақтығыс күшейген жағдайда, жаһандану берген өзара тәуелділіктің барлық артықшылықтары логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты кемшіліктерге айналады. Дамушы елдер, ең алдымен, мемлекеттік басқару жүйелерінің тез және тиімді әрекет етуге қабілетсіздігінен, 5-10 жыл алға ойлауға дайын болмауынан зардап шегеді. Көру көкжиегі 2-3 айлық ұсақ-түйек мәселелерден әрі аспайтын елдер жаһандық процестерді елемеу салдарынан таяқ жейді. Біздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы", - дейді Құдайбергенов.
Сарапшы Қазақстандағы сайлау және мемлекеттік басқару жүйесін қайта іске қосу тікелей президентке бағынатын Үкімет пен мемлекеттік органдардың жоғары сапалы құрамын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
"100 жыл бойы болмаған алдағы өзгерістердің жүктемесіне интеллектуалды және сапалы түрде төтеп бере алатын құрам. Егер мұндай құрам болмаса, онда Қазақстан тәуелсіздігінен айырылып, тектоникалық геосаяси өзгерістер шеңберінде мемлекет ретінде өмір сүруін мүлдем тоқтатуы мүмкін. Саяси амбициясы бар адамдар бұл жүктемені көтеруге дайын және қабілетті ме? Министрлер кабинетінің жаңа мүшелері өз амбицияларын мың рет өлшеп, оларды елдің мүдделерімен байланыстыруы қажет. Әйтпесе, ертең ел де, мүдде де болмайды. Үкіметтің жаңа құрамында мұны түсінбейтіндер болмайды деп үміттенемін", - деп түйіндеді Құдайбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жексенбіде Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Депутаттық креслолар 6 партия мен бір мандатты 29 кандидатқа бұйырды.
Бұдан бұрын белгілі қазақстандық талдаушы, Президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Олжас Жораев бірден "Жаңа Қазақстанға" жеткізетін үш қарапайым қадамды атаған.