×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Кемі 5% дауыс жинаған едік...": Мәжіліске өте алмаған «Байтақ» төрағасы не дейді

29.03.2023, 12:22
"Кемі 5% дауыс жинаған едік...": Мәжіліске өте алмаған «Байтақ» төрағасы не дейді

Ulysmedia тілшісі сайлау нәтижесі бойынша шекті дауыс жинамағандықтан Мәжіліске өте алмаған «Байтақ» партиясының  басшысы Азаматхан Әміртайдың сайлау қорытындысы жайлы пікірін білді.

Ол Парламентке өте алмаса да, көңіл-күйі түспегенін жеткізді.

«Біздің партияның мақсаты – өмір үшін күрес. Мәжіліске өтсек те, өтпесек те, «Байтақ» партиясының ықпалы үлкен. Бізді халық қолдайды. Аралда 180 мың, Атырауда 500 мың, Шығыс Қазақстан мен Түркістанда мыңдаған адам бізге дауыс берді», - деді А.Әміртай.

Партия төрағасының сөзінше, «Байтақ» мүшелері мәслихаттарға өткен.

«Партияластарымыз екі қалалық, жеті облыстық мәслихатқа депутат болды. Әсіресе, экологиялық мәселелер ушығып тұрған Атырау облысы, Қарағанды облысы, Алматы қаласының проблемаларын шешуге атсалысатын боламыз», - деді ол.

Азаматхан Әміртай «сайлау әділ өтті деп ойлайсыз ба?» деген сауалға нақты жауап берген жоқ.

«Біздің пайымымызша, бәсекелестік өте жоғары болды. Кім ақ, кім қара екенін уақыт көрсетеді. Қазір дөп басып баға беру қиын. Заңбұзушылық болған орындар бар. Біз ол жөнінде сотқа арыздандық. Өзіміз дауыстарды санап жатырмыз. Кемі 5% болуы керек шығар деп отырмыз», - деді партия төрағасы.

Еске салайық, 19 наурызда өткен сайлау қорытындысы бойынша «Байтақ» партиясы 146 431 дауыс жинады. Яғни, сайлауға қатысқандардың 2,3%-ы осы партияны қолдаған.