Алдымен журналистер Мағзұм Мырзағалиевтен «не себепті жаңаөзендіктердің алдына шықпадыңыз?» деп сұраған. Алайда ол өзі шықпаса да, компания өкілдері шыққанын алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біз олардан келіссөз жүргізетін команда жасақтауды өтіндік. Менің өзім де бастамашыл топпен кездестім. Мен олардың алдына шығудан қорықпаймын, себебі қорқатын түгі жоқ», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Әлеуметтік желіде «ылғи шу шығатын жерде Мағзұм Мырзағалиев жүреді» деген де пікір тараған. Олай деп жазушылар Қаңтар оқиғасы кезінде оның Энергетика министрі болғанын, бұл жолғы шуда да ҚМГ басшысы болып отырғанын алға тартады. «Сол үшін отставкаға кетуі керек» дейтіндер де болған. Тілші Мырзағалиевтің өзінен осы мәселе жөнінде пікірін сұрады.
«Қай жерде жүрсе шу шығады дейсіз бе? Олай десе, комментарий беру қиындау», – деді ол.
Ulysmedia.kz тілшісі Жаңаөзеннен келген мұнайшылармен келіссөз барысын, не болып жатқанын сұраған. Алайда бұған келгенде Мырзағалиев «Ulysmedia.kz тілшісінің өзінің жалақысы қанша?» деп қарымта сұрақ қойды. Порталымыздың тілшісі «мен өз айлығымды айтайын, сіз де ендеше айтыңыз» деп жауап берді. Алайда өз айлығын ҚМГ басшысы айқысы келмеді.
«Келіссөзге келетін жігіттердің талабы – 3 жылдық келісімшарт беру. Біз ол талапты орындауға дайынбыз. Оны айттық. Негізінде бизнесте бәсекелестік болуы керек. БерАли компаниясы жұмыстан шыққан адамдарды қайтадан алуға дайын екенін білдірді. Бұл өте маңызды ақпарат. Кейін бұл жұмысшылар ол компанияға бармаймыз деді. Екінші компания да келді», - дейді ол.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Өзенмұнайгаздағы еншілес компаниялармен тендер бойынша келісімшарт бір ғана жылға жасалып келген. Қазір ҚМГ үш жылдық келісімшартқа ауысу жөнінде шешім қабылдаған.
«Дегенмен бір жылдық, үш жылдық – ол тек ҚМГ-ның ұстанымы емес. Жекеменшік компаниялар біздің де тәуекелдеріміз бар дейді. Келісімшартқа үш жылға қол қойып, үш жылда инфляция болып, жұмысшылардың жалақысы өссе, технология немесе құрал-жабдықтар бағасы өссе, қайтіп үш жыл жұмыс істейміз дейді. Сондықтан ондайға дайындалу мәселесін әр компания өзі шешуі керек. Біз болсақ үш жылдық келісімшартқа дайын екенімізді білдірдік», - дейді ол.
Мырзағалиев жұмысшылардың «талаптары жиі өзгеретінін» айтады.
«Біз жекеменшік компаниялармен жұмыс істеуге дайын екенімзді білдірдік. Кейін жұмысшы бауырларымыздың талабы ол емес – Өзенмұнайгаздың өзіне жұмыс алсын деп талап қойды. Бұл өте орынсыз әрі орындалмайтын талап. Неге десеңіз, ол компанияда кезекте тұрған 9 мыңнан астам адам бар. Өзенмұнайгазға жұмысқа кірудің өз алгоритмдері бар», - дейді ол.
«Сізге мәселенің шешімі көрініп тұр ма?» деген сұраққа Мырзағалиев «егер келіссөздер конструктивті түрде жүрсе, онда мәселе шешіледі деп ойлайтынын» айтты.
«Жігіттер осында Астанада. Тиісті келіссөздер жүріп жатыр», - деді ол.