Жанболат Мамайдың зайыбы Инга Иманбай өзіне бұрынғы шенеуніктердің туған-туыстары жүгініп, халықаралық ұйымдарға қалай шығуға болатынын сұрап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
«Соңғы бір жылда халықаралық деңгейде әртүрлі мәлімдемелер болған кезде, оның ішінде БҰҰ мәлімдемесі болғаннан кейін бұрын шенеунік болған, қазір қамаудағы, бізге оппонент, бір кездері репрессивті режимнің мүшесі болған адамдардың туыстары маған хабарласып жатыр. Қаңтар оқиғасы бойынша көптеген айыптаушылардың туыстары осыған қалай қол жеткіздіңіздер деп сұрайды. Содан кейін Анар екеуміз (Анар Ибраева – заңгер) бұл процедураны түсіндіргіміз келді. Менен осылай сұрап жүрген адамдардың ішінде кеше шенеунік болған, осы заңдарды қабылдауға тікелей себеп болған адамдардың туыстары бар екенін айтқым келеді. Кеше сіздер сол заңды жөндеген жоқсыздар. Енді бүгін сол заңдардың құрбаны болып отырсыздар. Сіздер бізден көмек сұрайды деп кім ойлаған?» - дейді Инга Иманбай Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, БҰҰ-ның жұмыс тобы Жанболат Мамайды «жөн-жосықсыз бостандығынан айырған» деп есептейтіні хабарланған еді. Тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» жетекшісі Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеген БҰҰ-ның жұмыс тобы оны «жөн-жосықсыз бостандығынан айырған» деген қорытындыға келген.
10 сәуірде Алматы соты Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен Жанболат Мамайға алты жыл шартты жаза кескен. Жанболат Мамайға «билік өкілін қорлады», «жалған ақпарат таратты» деген айыптар да тағылған. Саясаткер бұл айыптарды мойындамайды. Құқық қорғаушылар Мамайдың ісі саясиланғанын айтқан.
Ал Астанада бүгін тіркелмеген Демократиялық партия басшысы Жанболат Мамайдың зайыбы Инга Иманбай мен Қадір-қасиет қоғамдық ұйымының директоры Анар Ибраева баспасөз мәслихатын өткізді. Олар Жанболат Мамайға қатысты жақында БҰҰ жұмыс тобы жариялаған мәлімдемені орындату үшін Бас прокуратураға арыз түсіргелі отыр.