×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

«БҰҰ шешімін орындатуға барымызды саламыз»: Инга Иманбай Жанболат Мамайға шыққан үкім жайлы

10.05.2023, 16:07

Астанада бүгін тіркелмеген Демократиялық партия басшысы Жанболат Мамайдың зайыбы Инга Иманбай мен Қадір-қасиет қоғамдық ұйымының директоры Анар Ибраева баспасөз мәслихатын өткізді. Олар Жанболат Мамайға қатысты жақында БҰҰ жұмыс тобы жариялаған мәлімдемені орындату үшін Бас прокуратураға арыз түсіргелі отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Инга Иманбайдың айтуынша, Жанболат Мамайға қатысты БҰҰ-ның таяудағы мәлімдемесі жалпы Қазақстандағы сөз бостандығына, адам жөн-жосықсыз ұстау және бейбіт шеру бостандығына қатысты Қазақстандағы заңдардың халықаралық стандарттарға қайшылықтарын анықтап, көрсетіп тұр.

«Бір Жанболаттың кейсі арқылы, БҰҰ шешімі негізінде еліміздегі жүздеген, мыңдаған белсенділер мен журналистердің құқығын қорғауға, өзіміздің заң жүйемізді халықаралық стандарттарға жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Адамды тек бостандығынан емес, сөйлеу құқығынан айырып отыр. Қазақта бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген сөз бар. Бірақ дәл қазір біздің билік тура соны істеп отыр. Жанболат Мамай секілді елдің болашағын ойлайтын саясаткерге бостандықтан бөлек, тіл кескені өте ауыр жағдай. 6 жыл бостандығын шектеуден бөлек Жанболатты журналистік, әлеуметтік, жалпы саяси-азаматтық құқығын шектеу – бұл істегі саяси астарды анық көрсетіп тұр деп санаймын», - дейді Инга Иманбай.

Оның сөзінше, БҰҰ мәлімдемесі халықаралық деңгейдегі жалғыз мәлімдеме емес. 10 сәуірде Жанболат Мамайға сот шешімі шыққалы бері Amnesty International халықаралық ұйымы Жанболаттың құқығын қорғау және президент Тоқаевқа Жанболатты дереу босату, оған салынған барлық шектеуді алып тастау жөнінде халықаралық науқан бастаған. Одан бөлек Human Rights Watch ұйымы сот шешімінен кейін мәлімдеме жасап, Жанболатты шектеу және оған қатысты айыптау сот шешімін сынап, оны жою және Қазақстанның халықаралық әріптестерін Қазақстанға қатысты халықаралық талқылаулар кезінде Жанболат Мамайдың ісін «Қазақстанның есіне салу жөнінде» мәлімдеме жасаған. Басқа да халықаралық ұйымдар Жанболат Мамайды босатуға шақырған.

«Енді міне БҰҰ қосылды. БҰҰ мәлімдемесі қосылғаннан кейін бүкіл әлем Жанболаттың бостандығын талап етіп, оның кінәсіздігін күтіп отыр деп толыққанды айта аламыз. Сондықтан, осы жерде Астанада СІМ болсын, Ақорда болсын, Бас прокуратурадан болсын Қазақстанды адам құқығын қорғайтын билік ретінде көрсеткісі келсе, осы шешімді орындауға шақырамыз», - дейді ол.

Инга Иманбай Жанболат Мамай өзін қорғау, әлеуметтік желіге жазу, тіпті үйінен аттап басу құқығынынан айырылғанын атап өтті.

«6 жылға бұл – сұмдық жағдай. Біз БҰҰ шешімін орындатуға барлық амалды жасаймыз. Оның ішінде ресми түрде Бас прокуратураға іс қозғап, Жанболатты жәбірленуші ретінде арызды дайындап, өткіземіз», - деді Инга Иманбай.

Еске сала кетсек, БҰҰ-ның жұмыс тобы Жанболат Мамайды «жөн-жосықсыз бостандығынан айырған» деп есептейтіні хабарланған еді. Тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» жетекшісі Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеген БҰҰ-ның жұмыс тобы оны «жөн-жосықсыз бостандығынан айырған» деген қорытындыға келген.

10 сәуірде Алматы соты Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен Жанболат Мамайға алты жыл шартты жаза кескен. Жанболат Мамайға «билік өкілін қорлады», «жалған ақпарат таратты» деген айыптар да тағылған. Саясаткер бұл айыптарды мойындамайды. Құқық қорғаушылар Мамайдың ісі саясиланғанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары