×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Мұхамедиулы VS Антикор: экс-министр өзіне қысым көрсеткен тергеушілердің аты-жөнін атады

06.06.2023, 15:14
Мұхамедиулы VS Антикор: экс-министр өзіне қысым көрсеткен тергеушілердің аты-жөнін атады
Коллаж: Ulysmedia.kz

Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық ісі бойынша сот процесі шиеленісе түсті. Бір күн бұрын сотталушы Антикор қызметкерлерін әділетсіз әрекет жасады деп айыптаса, бүгін  өзін қорқытып, "Дипломат" қонақ үйін  басқа адамдарға атына жазып беруді талап еткен үш адамның атын атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот отырысында Мұхамедиұлы өзіне көрсетілген қоқан-лоқы мен психологиялық қысымға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері Айдос Тілендиев, сондай-ақ тергеушілер Ренат Юсупов пен Индира Маминбаеваның қатысы бар екенін мәлімдеді.

 – Мен кеше іс "Дипломат" қонақ үйінің мүдделері бойынша қозғалды деген мәлімдеме жасадым. Мен нақты айтқым келеді. Ренат Юсупов бірінші кездесуде бір ғана сұрақты шешсеңіз, мұражайлар мен шеруге қатысты барлық басқа сұрақтар алынып тасталатынын айтты, – деді сотталушы.

Экс-министрдің тізімінде екінші тергеуші Индира Маминбаева, үшінші – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қызметкері Айдос Тілендиев болды.

Мұхамедиұлы "Дипломат" қонақ үйі бойынша істі аталған азаматтар жүргізгенін айтып, 111 миллион теңге беруге көндірген де солар екенін жеткізді.

Қорғаушының сөзін адвокат Әйгерім Әнуарбек растады. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушыға қысым көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты.

 – Біз, яғни қорғаушы тарап бүгін есеңгіреп қалдық, өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлі күнге дейін менің қорғаушыма қысым көрсетіп келеді және жала жабу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытуда, — деп атап өтті ол.

Еске салайық, бұдан бұрын сот отырысында жауап алу кезінде экс-министр өзіне қарсы істің ойдан шығарылғанын және тек қаржылық мүдде үшін, ең алдымен, «Дипломат» қонақ үйіне байланысты қозғалғанын айтқан еді.

«Антикор қызметкерлері менің туыстарым «Дипломат» қонақ үйін басқа адамдардың атына аударсын деген бірнеше ұсыныс берілді» - деді ол.

Антикор  "бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын" мәлімдеді.

“Мұхамедиұлына 221 миллион теңге жымқырды деген айып тағылып отыр, оның қылмысқа қатысы жиналған дәлелдемелермен расталды, іс-әрекеттердің біліктілігі прокуратура органдарымен келісілді. Оның әрекеттеріне қорытынды баға сот арқылы беріледі", – делінген ведомство мәлімдемесінде.