×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Оны отбасының алдында қорлады": Мұхамедиұлының не үшін суицид жасамақ болғаны айтылды

13.06.2023, 17:39
"Оны отбасының алдында қорлады": Мұхамедиұлының не үшін суицид жасамақ болғаны айтылды
Коллаж: Ulysmedia.kz

Астанада Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгінгі отырыста Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі сөз сөйледі. Сөз басында ол Қазақстан Конституциясы бойынша адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтынын, әркімнің ар-намысы пен қадір-қасиетін қорғауға құқығы бар екенін еске салды.

"Бірақ 383 күн бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан тергеу іс-қимылдары барысында менің жұбайым мен біздің отбасымызға қатысты психологиялық және моральдық қысым көрсетіліп келеді. 2022 жылдың 16 мамырында біздің үйге тінту жүргізілді. Тінту 12 сағатқа созылды. Жеке заттардың, құжаттардың, кітапханаларды, тоңазытқыштарды, гаражды – бәрін тексерді. Дегенмен, тінту қаулысында "Алтын адам" көрмесінің құжаттары ізделетіні көрсетілген. Мұндай заңсыз әрекеттерге және психологиялық қысымға жұбайымның  жүйкесі төтеп бере алмады. Оны өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді. Барлық Антикор қызметкерлерінің алдында. Бұл әлсіздік емес, наразылық көрсету", - дейді әйел көзіне жас алып.

"Мен үйімді және отбасымды қорғадым!"- деді Мұхамедиұлы үзіліс кезінде.

"Ол отбасының алдында қорланды. Ол анамызды, мені және ұлымызды қорғай алмағаны үшін осындай қадамға барды. Соның салдарынан қазір азап шегуде. Иығының, қолының, саусақтарының ауырғаны күшейді. Өйткені тиісті емдеу және оңалту болған жоқ. Қанша шағым жазсақ та, бізді елеген жоқ. Олар оны емдеуге мүмкіндік бермейді", - деді сотталушының зайыбы.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты  Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ, сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген-мыс.
 
Алайда прокурор Зәкіров "оны шақырудың қажеті жоқ" деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ, судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіскен жоқ.

16 мамырдағы сот отырысында экс-министр прокурорға шүйлігіп, оны қызметінен алып тастауды талап еткен

22 мамырда  бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан куәгер ретінде жауап алынды.

Ал 23 мамырдағы отырыста адвокат Айгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Мұхамедиұлы психологтың көмегін талап етті.

Сондай-ақ, жауап алу кезінде экс-министр өзіне қарсы істің ойдан шығарылғанын және тек қаржылық мүдде үшін, ең алдымен, «Дипломат» қонақ үйіне байланысты қозғалғанын айтты.

Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрап отыр.