13 қарашада Жезқазғанда 3 мың адамға арналған Ұлытау облыстық орталық мешітінің салтанатты ашылуы өтті. Өңірдегі ең ірі мешіттің құрылысын «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырды.
Ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорация басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Мешіт құрылысы 2025 жылы басталған. Сол жылдың шілде айында Қазақстанның Бас мүфтиінің қатысуымен алғашқы іргетас тасын қалау рәсімі өтті. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, бас мердігері – «Integra Construction» ЖШС. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқасының шешімімен мешітке «Ұлытау облыстық орталық мешіті» атауы берілді.

Жаңа мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – шамамен 3 800 шаршы метр. Жоба бойынша мешіттің айналасындағы 4 855 шаршы метр аумақты көгалдандыру да қарастырылған. Мұнда құлшылық рәсімдері, діни-ағартушылық шаралар өткізіліп, өңір тұрғындары рухани бас қосады.

– Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі айрықша әрі тарихи күн. Халқымыздың тарихының бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – сенімге, ізгілікке және рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Орталық мешіттің ашылуы «Қазақмыс» қаржылай қолдау көрсеткен маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.
– Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін ашып отырмыз, – деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру корпорация жұмыс істейтін өңірлердегі негізгі бағыттардың бірі саналады. Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Қазақмыс» бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді.
Жезқазғанда жаңа мешіттің жанындағы Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу және «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлытау университетінің құрылысы да соңғы кезеңіне жетті. Студенттер жатақханасының ғимаратын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сәтбаев қаласында Шахтер даңқы алаңын қайта жаңғырту және қалалық ауруханаға жаңа травматология бөлімшесін ашу үшін қосымша ғимарат салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
– Ұлытау облысының дамуы біз үшін айрықша маңызды. Өндірісті жаңғырта отырып, компаниямыздың басты қағидатын – халық игілігі үшін жұмыс істеуді әрдайым басшылыққа аламыз, – деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

2027 жылы әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын, соның ішінде көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар қалалық ортаны дамытуға, білім беру, спорт және мәдени демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ облыс тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
«Қазақмыс» өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына ұзақ мерзімді ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыруға атсалыса береді.